Шекараның беріктігі – ел қауіпсіздігінің кепілі
Мемлекеттің егемендігі ең алдымен оның шекарасының мызғымастығымен, қорғаныс қабілетімен және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін кәсіби мамандардың даярлығымен өлшенеді. Бүгінде Қазақстан қорғаныс саясатын жүйелі түрде жетілдіріп, әскери кадрларды даярлауға, мемлекеттік шекараны нығайтуға және ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіптердің алдын алуға ерекше мән беріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар елдің тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, халықаралық қауіпсіздік жүйесіндегі жауапкершілігін де айқындай түсуде. Осы орайда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясында өткен жас офицерлердің салтанатты бітіру рәсімі – елдің қорғаныс әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды оқиғалардың бірі болды. Жоғары білім алып, офицерлік шенге ие болған түлектер алдағы уақытта мемлекеттік шекараны күзету ісіне атсалысып, ұлттық мүддені қорғау жолында қызмет етеді.
Салтанатты рәсімге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы, ардагерлер, профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ курсанттардың ата-аналары мен жақындары қатысты. Оқу барысында болашақ офицерлер мемлекеттік шекараны қорғаудың заманауи тәсілдерін меңгеріп, кәсіби білім мен практикалық дағдыларды игерді. Сонымен қатар олар әскери тәртіпке, жауапкершілікке, Отанға адал қызмет етуге тәрбиеленді. Комитет пен Академия басшылығы түлектерді құттықтап, олардың кәсіби даярлығы жоғары деңгейде екенін атап өтті. Сондай-ақ жас офицерлердің мемлекеттік шекараны қорғау жолындағы жауапты міндеттерді абыроймен атқаратынына сенім білдірді. Салтанатты жиында түлектерге дипломдар мен офицерлік төсбелгілер табысталды. Оқу, ғылыми қызмет және қоғамдық өмірде ерекше көзге түскен он түлекке мерзімінен бұрын аға лейтенант әскери атағы берілді. Жақын күндері Академияны тәмамдаған 171 жас офицер еліміздің әр өңіріндегі Шекара қызметі бөлімшелеріне жіберіліп, алған білімдерін іс жүзінде қолданады.
Жас офицерлер өз сөздерінде Шекара қызметінің үздік дәстүрлерін лайықты жалғастырып, әскери антқа адал болып, мемлекеттің ұлттық мүддесін қорғауға бар күш-жігерін жұмсайтындарын жеткізді. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын сақтап, әскери кадрлық әлеуетті нығайтудың маңызды көрінісі. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек шекараны күзетумен шектелмейді. Қазіргі таңда терроризм мен экстремизм әлемдік қауіпсіздікке төнген басты қатерлердің біріне айналып отыр. Сондықтан Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты да үздіксіз күшейтіп келеді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, биылғы сәуір-мамыр айларында террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Олардың арасында әлеуметтік желілер арқылы терроризм идеологиясын насихаттап, азаматтарды террористік ұйымдардың қызметіне тартуға әрекеттенген адамдар бар. Сонымен қатар еліміздің бірнеше өңірінде осындай қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 11 адам, оның ішінде шетел азаматтары мен шетелден экстрадицияланған Қазақстан азаматтары ұсталып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Мамандардың пікірінше, мұндай заңсыз әрекеттердің жолын кесу – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, елдің конституциялық құрылысын, қоғамдық тұрақтылығын және мемлекеттік егемендігін қорғаудың маңызды тетігі. Терроризм мен экстремизмге қарсы күресте құқық қорғау және арнайы органдардың кәсібилігі, халықаралық ынтымақтастық және азаматтардың құқықтық сауаттылығы шешуші рөл атқарады.
Қазіргі геосаяси жағдайда шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әскери қызметтің беделін арттыру және кәсіби офицерлер корпусын қалыптастыру – мемлекеттің ұзақ мерзімді қорғаныс саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Ал әскери антқа адал, білікті әрі отаншыл офицерлер – тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс қалқаны.
Сондықтан Шекара академиясының түлектерін қызметке шығарып салу ел қауіпсіздігін қорғауға дайын жаңа буын офицерлердің сапқа қосылып, Қазақстанның шекарасы мен ұлттық мүддесін қорғауға кірісетін маңызды кезең. Мемлекеттің қорғаныс қабілеті осындай кәсіби мамандардың жауапкершілігі мен адал қызметінің арқасында нығая түседі.
Елқуат Елтөре
