СЕРІКЗАТТЫҢ СӘБИІ

/Жалғасқан бесік жыры/
Өмір болған соң қуаныш та, қайғы да қатар жүреді. Дүниеге сәби кепті! Жә, кім сәбилі болмай жатыр. Бірақ бұл сәбидің жөні бөлек. Көптің тілегі тоғысты. Ойы ортақтасты. Көңілі көлге айналды! Серікзаттың сәбиі. Жыл басында азамат ұлынан көз жазып қалған Серікзат… Оның басына оқыстан осындай тауқымет түскенде бүкіл жұрт қосыла қайғырды. Шын қайғырды. Күллі қазақтың жүрегі қан жылады. Жабыла жоқтады. Өзі де жұрт болып жоқтайтындай біртуар бала еді. «Көрген-білген өкінді, Мін тағар жан болмады» дейтіндей парасатты перзент, ұғымтал ұл еді. Сезімінің селкеуі жоқ Серікзатқа алты алаштың баласының бәрі көңіл айтты. Елдің әр өңірінде тұратын қаймана қазақтың қай-қайсысы да оның шаңырағына бір соғып кетті. Ардақты ағалары жыл басынан жыл аяғына дейін дастархан құрғатпай, Серікзатқа көңіл шайын беріп келеді. Бәрі де оған мейірімін аямай төкті, туғанынан кем көрмей, ерекше аялады. Бұлай болатындай жөні бар-ды.
Себебі Серікзаттың өзі де жұрт үшін жанын береді. Біреудің болар-болмас шаруасы бітпей жатса, соған қосылып, шыр-пыры шығып, әбден уайымдап бітеді. Жақын дос-жарандарын біреу-міреу тілдей бастаса, ақ найзасын алып қарсы тұрады. Өздігінен ешкімнің бетіне жел боп тимейді. Елдің бәрін өзіндей көреді. Қазақ топырағында Серікзат Дүйсенғазыны ұнатпайтын адам жоқ шығар. Ақындық. Айтыскерлік. Адалдық. Азаматтық. Осы тұғырлы төрт қасиетті Жаратқан ием менің Серікзат ініме басы бүтін етіп молынан берген. Бір мысқал да кемдігі жоқ. Соның арқасында айналасындағы үлкеннің де, кішінің де, естінің де, есердің де, телінің де, тентектің де, момынның да, маңғаздың да, сырбаздың да, сабаздың да баға жетпес ықыласына бөленді ол. Сол ыстық ықылас қайғының қара тасының астынан алып шықты біздің Серікзатты. Қараспандай қасіретті қайыспай көтерді. Жылағанмен, жүнжіген жоқ. Егілгенмен, езілген жоқ. Жабыққанмен, жаншылған жоқ. Сабыр сақтады. Тәубәсіне тоқтады. …Сақтады. Тоқтады. Жоқтады… Сол ниеті көп тілегін қозғады. Көп көңілі көлдей екен шынында да! Алла тағалам ұл беріпті Серікзатқа! Бұл шаңырақта бесік жыры бүгін қайта жалғасты. Тербет, тербет, Айнұр келін, берекелі бесікті! Дүние тұрғанша тербет! Бесік жыры үзілмесін енді бұл үйден…