СЕКУНДТА СЫНАЛАТЫН САЛА: ЕЛОРДАДАҒЫ ӨРТ СӨНДІРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ ШЫНАЙЫ БЕЙНЕСІ

Қауіп пен уақыт арасындағы қызмет

 

Елордадағы тынымсыз тіршілік сырт көзге қалыпты көрінгенімен, оның көлеңкесінде бір сәтке де босаңсуға болмайтын мамандықтар бар. Солардың алдыңғы қатарында   өрт сөндірушілер. Олар үшін әрбір қоңырау  дабыл ғана емес, біреудің тағдыры. Уақыт мұнда минутпен емес, секундпен өлшенеді.

Жуырда Астанадағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барып, олардың күнделікті қызметімен танысуға мүмкіндік туды. Көзбен көріп, көңілге түйгеніміз – бұл салада кездейсоқ адамдар жұмыс істемейді. Мұнда тек тәуекел мен жауапкершілікті саналы түрде таңдаған жандар ғана қызмет етеді.

 

Батыр аты – жауапкершілік жүгi

 

Елордадағы Нұра ауданында орналасқан бұл бөлім – тек техникалық база ғана емес, рухани мәнге ие нысан. Өрт сөндіру бөліміне ерлігімен ел есінде қалған Асқар Забикулин есімінің берілуі  ұжымға жүктелген сенім мен міндеттің айқын көрінісі. Әрине, бұл атау жай символика емес. Ол – әр қызметкерге «батырлық – кездейсоқ әрекет емес, кәсіби дайындық пен азаматтық борыштың нәтижесі» екенін еске салып тұратын моральдық бағдар сіпетті.

Бөлімге кірген сәттен бастап тәртіптің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын байқауға болады. Әрбір әрекет нақты жоспарға негізделген, әр қызметкердің міндеті айқын. Мұндай жүйелілік төтенше жағдайда шешуші рөл атқарады.

 

Дабыл орталығы: жедел шешімнің жүрегі

 

Өрт сөндіру бөліміндегі негізгі жұмыстардың бірі – байланыс және басқару қызметі. Радиотелефоншы – алғашқы ақпаратты қабылдап, оқиға барысын үйлестіретін тұлға. Мұнда көп жылдық тәжірибесі бар мамандардың бірі – Гүлмира Джапенова. Ол екі онжылдықтан астам уақыт бойы осы салада еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, әр қоңырау – алдын ала болжап болмайтын жағдай. Сондықтан шешім қабылдау жылдамдығы мен дәлдігі аса маңызды.

«Бұл қызмет сырт көзге қарапайым көрінгенімен, іс жүзінде ол – бүкіл операцияның бастау нүктесі. Қате ақпарат немесе кідіріс адам өміріне тікелей әсер етуі мүмкін» деп ағынан ақтарылды Гүлмира Джапенова.

 

Заманауи техника – қауіпсіздіктің тірегі

 

Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшылығының мәліметінше, бөлім соңғы үлгідегі техникамен толық жабдықталған. Қазіргі таңда олардың қарауында бірнеше бағытта қолданылатын 14 бірлік арнайы техника бар.

Соның ішінде ерекше назар аудартатыны – биік ғимараттарға арналған авто-иінді көтергіш. Ол ондаған қабат биіктікке көтеріліп, өрт сөндірумен қатар адамдарды эвакуациялауға мүмкіндік береді. Қаланың тығыз құрылыс жағдайында мұндай техника таптырмас құрал.Соңғы жылдары технологиялық жаңашылдықтар да кеңінен енгізілуде. Соның бірі – өрт сөндіру дрондары. Арнайы көліктермен жеткізілетін бұл құрылғылар биік нысандардағы өртті қашықтан бақылап, сөндіруге мүмкіндік береді. Дрондардың басты артықшылығы – адам өміріне төнетін қауіптің азаюы. Олар жетуі қиын аймақтарға барып, нақты жағдайды анықтап, алғашқы әрекеттерді жүзеге асыра алады. Бұл – заманауи урбанистік ортада қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа кезеңі.

 

Адам ресурсы: кәсібилік пен дайындық

 

Өрт сөндіру бөлімінің басты күші – техника емес, адам. Мұнда жүзден астам қызметкер еңбек етеді. Олар жыл сайын жүздеген шақыртуға шығып, түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алады.

Өрт сөндірушілердің жұмысы тек жалынды өшірумен шектелмейді. Олар жол-көлік оқиғалары, ғимарат опырылуы, табиғи апаттар кезінде де құтқару жұмыстарын жүргізеді. Авариялық-құтқару техникасы гидравликалық құралдармен жабдықталған. Бұл құралдар көлік ішінде қысылып қалған адамдарды шығару, үйінді астында қалғандарды құтқару сияқты күрделі операцияларда қолданылады. Сонымен қатар, бұл техника апат аймағын жарықпен және электр энергиясымен қамтамасыз ете алады.

 

Қауіп динамикасы: автокөлік өрттері неге көбейді?

 

Соңғы статистика алаңдатарлық тенденцияны көрсетеді. Елордада автокөлік өрттерінің саны айтарлықтай артқан.

Мамандар бұл жағдайды бірнеше фактормен байланыстырады:

  • электр жүйесіндегі ақаулар;
  • қысқа тұйықталу;
  • жанар-жағармай жүйесінің бұзылуы;
  • техникалық қызмет көрсетудің уақытылы жүргізілмеуі.

Әсіресе қыс мезгілінде қауіп күшейеді. Қолдан жасалған жылыту құрылғылары мен автозапуск жүйелері өрттің негізгі себептерінің біріне айналып отыр.

Бұл мәселе тек техникалық емес, мәдениет мәселесі де. Көлік иелерінің қауіпсіздік талаптарына салғырт қарауы жағдайды күрделендіреді.

 

Алдын алу мәдениеті: қарапайым ережелердің маңызы

Өрт қауіпсіздігі – тек құтқарушылардың міндеті емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Мамандар бірнеше қарапайым, бірақ маңызды ережені сақтауға кеңес береді:

  • көлікті тұрақты техникалық тексеруден өткізу;
  • электр сымдарының жағдайын бақылау;
  • күмәнді құрылғыларды қолданбау;
  • көлікте міндетті түрде өрт сөндіргіш ұстау;
  • жұмыс істеп тұрған көлікті қараусыз қалдырмау.

Бұл талаптар қарапайым көрінгенімен, олардың сақталмауы үлкен қауіпке әкелуі мүмкін.

Көзге көрінбейтін ерлік

Өрт сөндірушілердің еңбегі көп жағдайда назардан тыс қалады. Адамдар қауіп сейілгеннен кейін ғана олардың жұмысының маңызын түсінеді.

№6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміндегі қызметкерлер – тәуекел мен жауапкершілікті күн сайын таңдайтын жандар. Олар үшін әрбір шақырту – тек міндет емес, адам өмірін сақтап қалу миссиясы. Бұл салада уақыт – ең қымбат ресурс. Ал сол уақыт ішінде қабылданған шешімдер біреудің өмірі мен тағдырын өзгертуі мүмкін. Сондықтан өрт сөндірушілердің қызметін тек кәсіби міндет ретінде емес, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық институт ретінде қарастыру қажет.

 

Елқуат Елтөре