Көктемгі дала жұмыстары басталып жатыр
Жамбыл облысының аграрлық секторы биыл айтарлықтай стратегиялық өзгерістер мен ауқымды жаңғыру кезеңін бастан өткеріп келеді. Биыл 665,4 мың гектар алқапқа егін егілетін болса, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 25,5 мың гектарға артық. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев айтып берді.
Оның айтуынша, биыл «Тараз қант зауыты» мен өзге де қайта өңдеу кәсіпорындарын тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету үшін кейбір дақылдар егілетін алқап көлемін ұлғайтуға мән беріліп оытыр екен. Мысалы, қант қызылшасының алқабы 8,5 мың гектарға дейін ұлғайтылып, күзде 450 мың тонна тәтті түбір жинау жоспарланса, дәндік жүгері алқабы 30 мың гектарға жеткізіліп, өнім көлемін 210 мың тоннаға дейін арттыру көзделуде.
– Біз биыл жергілікті зауыттардың жүктемесін арттыруға баса назар аударып отырмыз. «Тараз қант зауытының» толық қуатында жұмыс істеуі үшін қант қызылшасының алқабын 1,9 мың гектарға ұлғайттық. Сонымен қатар, аймақтағы 71 каналға Ислам даму банкінің қаржыландыруымен жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты егістік құрылымын қайта қарадық.
Облыста каналдардың жалпы ұзындығы 421,4 шақырымды құрап, негізгі жұмыстар Шу, Байзақ және Сарысу аудандарында жүргізілмек. Биыл 10,7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын көктемгі дала жұмыстарына жұмылдырып, техника паркін жаңарту көрсеткішін 8 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Шаруаларға қажетті 27,4 мың тонна дизель отынының бағасы нарықтан 15 пайызға төмен бекітіліп, литрі 281 теңгеден босатылуда. Қазірдің өзінде облыс бойынша 8 оператор арқылы отын тарату жұмыстары қарқынды жүруде. Бұған қоса, өнімділікті арттыру үшін 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланып, бұл мақсатқа мемлекет тарапынан 2,5 миллиард теңге субсидия бөлінді, – деп атап өтті Әбдірәсіл Серікұлы.
Қаржыландыру мәселесінде де ілгерілеушілік бар. «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары арқылы облысқа 7 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 200-ге жуық шаруа 5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, көктемгі дала жұмыстарын кедергісіз бастап кетті. 224,5 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар орналастырылып үлгерді.
Ағын су мәселесі де өңір үшін әрдайым өзекті. Трансшекаралық өзендерге тәуелділікті азайту мақсатында облыс жерасты суларын пайдаланудың пилоттық жобаларын қолға алыпты. Талас және Шу аудандарында 43,2 мың гектар алқапты ұңғымалар арқылы суландыру жоспарлануда. Су үнемдеу технологияларының маңызы да артып келеді. Биыл тағы 10 мың гектар жерге жаңа технологиялар енгізіліп, жалпы көрсеткіш 76,6 мың гектарға жетпек. Бұл бағытқа мемлекеттен 11,7 млрд теңге бөлініп отыр.
Алдағы үш жылда су үнемдеу технологияларын 137 мың гектарға жеткізу басты мақсаттың бірі. Бұл жыл сайын 234 миллион текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Осылайша көршілес қырғыз елінен келетін суға тәуелділікті 43 пайызға төмендету көзделуде. Жалпы егіс науқанының барысы мен зауыттарды шикізатпен қамту мәселесі облыс басшылығының қатаң бақылауында.
Жасұлан Сейілхан

