Сегіз қырлы…

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері

Омар Жұмабекұлы Қиқымов жайлы

Еңбек жолымды бастаған Қарқара (Райымбек ауданы) орта мектебінде алғаш жетектеген шәкірттерімді 1973 жылы өмір жолына шығарып салып, басшылар ұйғарымымен екінші рет 8 «а» сыныбын қабылдадым. 9-сыныпта басқа жақтардан Қиқымов Омар, Молдаханов Қанат келіп қосылды. Бұлар нағыз тентектер сапынан екен. Үзілісте сыныбыма сабақ өткізіп шыққан мұғалімдер  «Қиқымов сабақта тыныш отырмайды, Молдаханов кешігіп келеді» т.б. деген сияқты шағымдарды жаңбырша жаудырады-ай келіп. Қысқасы, екі ұл да маған қосымша жұмыс арқалатты. Омардың балаларды үйіріп ала қойып, аузына қарататын өнері барын байқадым. Оның шашбауын көтерушілер көбейді.

Қай сыныптың оқушылары тәртібін бұзса, жетекшісі тәрбие жұмысын тиімді жүргізбеген боп есептелінеді. Басқа түскен қиыншылық содан құтылудың жолын іздеуге итермелейтіні белгілі. Бірақ жедел арада баланы тезге салудың, адамды түзеудің дайын рецебі жоқ. Баланың психологиялық ерекшеліктерін терең зерттеп білгенде ғана ішкі әлемінің терезесінен сығалауға мүмкіндік бар. Тентек ұлдардың әр сабаққа қатысуын мұқият қадағалауды күн тәртібіме енгіздім. Сабағым болса да, болмаса да алты сағат мектептемін.

Ұмытпасам, 9-сыныптың соңғы тоқсанында болу керек. Омар, Қанат, Ертайлар басқа сыныптың ұлдарымен жақ-жақ боп төбелесіп, бір баланы соққыға жығады. Жарақат алған оқушының ата-анасы мектеп директорына шағымданыпты. «Ерлігіміз» бүкіл ауылды елең еткізді. Сонау шалғайдағы Жылысай ауылынан Қиқымовтың анасы Сүйімхан тәте, Қанаттың әкесі, аға шопан, Социалистік Еңбек Ері Жолсейіт аға, Ертайдың анасы Айман тәте т.б. көптеген ата-аналар, мұғалімдер, оқушылар қатысқан үлкен жиналыс болды.  Сүйімхан тәте ойын ашық айтатын батыл, әділетті жан екен. Ұлының кінәсін мойындауына ықпал етті. Атағы көпке мәлім Жолсейіт ағамен осы Қанаттың арқасында қарым-қатынасымыз жиіледі. Адамгершілігі мол, кішіпейіл аға дардай атағын арқаланып, ірілік танытқан жері жоқ. Мұғалімдерді құрметтеп, еңбектерін жоғары бағалайтын. Бұ кісі де жуан жұдырық иелерін айыптады. Ата-аналардың бір-біріне құрметпен қарауы нәтижесінде талқылау қорытындысы кінәлілердің кешірім сұрауымен аяқталды.

Омардың бойында жақсы жақтары да баршылық. Әдебиетті сүйіп оқиды. Өлең жазады. Өзіндік ой-пікірлері жазған шығармасынан төбе көрсететін. Әсіресе еркін тақырыпқа шығарма жазуды ұнататын. «Адам өмірге аз уақытқа келеді. Бақытты болуды бәріміз армандаймыз. Бірақ бақыт өзінен-өзі кеп басыңа қона салмайды. Бақытқа жету жанкешті күрестің нәтижесі екенін көбіміз естен шығарамыз. Жалпы өмір — күрес деген қағида өте дұрыс», — деп жазғаны әлі ұмытылған жоқ. Омардың тіл байлығы, мақал-мәтелдерді, тұрақты сөз тіркестерін сол кезде-ақ көп білетін ойының орайына қарай қолдануды естен шығармайтын. Сөз тапқыштығы, өзін ерекше толғандыратын өзекті мәселелер туралы пікірсайыс сабақтарында жарқылдай сөйлеп өз ойын ортаға салатыны, «осыным қалай болар екен» деп жалтақтамайтыны үміт күттіретін.

10-сыныпта Омар бастаған бір топ ұлдар оркестр құрып, мектеп сахнасында өнер көрсеткені өздерінен кейінгілерге үлгі болды, қатарластарына ой салды. «Ой, Омар ақылды тентек екен ғой» деушілер табылып жатты. Ал өз басым бұлардың бойындағы қызуқандылық 16-17 жастағыларда болатын кезеңдік құбылыс екенін осынау ойпы-тойпы мінез-құлық әдетке айналып кетпей тұрғанда жақсылықтың кәусар бұлағынан ой-саналарын сусындатуға көп көңіл бөлдім.

Бірде 10-сыныпта әдебиеттен шығарма жазғыздым. Тапсырманы беріп, мұғалімдер бөлмесінен журналды алып қайтып келсем, Қиқымов Омар, Молдаханов Қанат, Мышанов Ертайлар орындарында жоқ. Ашуланбадым десем өтірік болар. Қайда кеткендері белгілі. Салып ұрып сырттағы ұлдар әжетханасына кіріп бардым. Қалталарын ақтара бастаған екен. Темекі іздегендерін ішім сезді. Олар мені күтпегендіктен, төбемді көргеннен-ақ сыртқа атып-атып шықты. Арттарынан кірсем, партаға жабысып, жазуға кірісіп кетіпті. Сабақ соңынан үшеуін алып қалып, жеке сөйлестім. Бұл жолы ұлдар келеңсіздіктерінің соңы осы болатынына сендірді. Тентек ұлдардың жүректеріне жол табуды көздеп, педагогика, психология оқулықтарын қайталап оқыған кездерім көп. Атақты педагогтардың іс-тәжірибелерін сан рет парақтағаным тәжірибе қоржынымды қомпайта түскені анық.

Уақыт зырылдап өте шықты. Сыныбым мектепті бітіріп, қолдарына аттестаттарын  алды. Қоштасар сәтте бір нәрсеге қатты қобалжығаным бар.Тентек ұлдардың бағыттарына бағдаршам боларлық пайдалы бірдеме бере алдым ба?

Омар 1982 жылы М.Әуезов атындағы драма театры жанындағы актерлар дайындайтын арнаулы оқу орнын «Театр және кино актері» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Дипломдық жұмысын қырғыз драматургі Мар Байджиевтің «Қожа — жас мерген» пьесасы бойынша Райымбек Сейтметов сахналаған спектакльде басты рөлде ойнап, өте жақсы қорғады. Жас актердің бойындағы дарынын таныған ұстазы Д.Сейтметов  Омарды М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына шақырады. Киелі өнер ордасында қазақ театрының тарландарымен қатар жүріп, үлгі-өнегелерін бойына сіңіре білді.

Оқу бітірген қуанышына бұрынғы сынып жетекшісін (осы жолдардың авторы) ортақтастыру мақсатымен үйге амандаса келген Омардың азаматтығы  риза етті. Көп сыналған оқушы көп сынаған жетекшісін ұмытпағаны ойландырды. Адамның өз мінін түсінуі, кінәні басқаға аудармауы — адамдықтың белгісі. Омардың бойынан осындай ізгі қасиетті байқап, іштей қуанғанымды несіне жасырайын?!

Бірде қалада қызым Айгүл мен ұлым Айбол шұғыл шаруамен бір жерге бара жатып, таксиге отырыпты. Жүргізуші ашық-жарқын әңгімешіл жігіт екен. М.Әуезов атындағы драма театрында актер екенін айтыпты.

   —  Омар Қиқымовты танисың ба? — депті Айгүл.

— Танимын.

— Мамамның шәкірті.

— А-а, Шәлдибекова ма? — деп, жүргізуші бұларды аң-таң қалдырыпты.  — Омар өзінің сынып жетекшісі туралы жыр ғып айтып жүреді. Аузынан тастамайды, — депті.

«Өткендерін ескерген — өскендіктің белгісі» демекші, Омардың өзінің де, өзгенің де іс-әрекеттерін әділ бағалай алатын, рухани жағынан әлдеқайда биіктегенін сезініп, іштей қуандым.

Омар «ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» ұстанымынан айныған емес. Ара-тұра үйге арнайы соғып, жаңалықтарынан хабардар етеді. Қалаға бара қалсам, кішілік, кісілік танытқан сүйікті шәкірттерімді мен де іздеймін.

Мектеп қабырғасында жүргенде жазған шығармасында: «Бақытқа жету — жанкешті жұмыстың нәтижесі…» — деп бекер айтпапты Омар. Осынау ойы болашағының бағдарламасы сияқты көрінеді. Өнердің қара шаңырағы — М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында нағыз марқасқалармен деңгейлесу үшін оқу, іздену үстінде өсіп жетіледі. Сахнада да, кинода да көркем бейне сомдаудың хас шеберіне айналды.

Сексенінші жылдардың соңына таман болса керек, жоғарғы санатқа (категория) өткім келетіні туралы аудандық оқу бөліміне өтініш бердім. Өтінішім бойынша ауданнан  11 адамнан құрылған сарапшылар келді. Кабинетімді көріп шыққан соң,  үлкен кабинетке сарапшылар, мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушілері, мұғалімдер жайғасты. Маған жан-жақтан сұрақтар қоя бастады. Сарапшыларды бастап келген аудандық білім бөлімі кәсіподақ ұйымының төрайымы (есімін ұмытыппын):

— Жолыңызды қуған шәкірттеріңіз бар ма? — деп сұрады.

— Мұғалім болғандары да, ғылым, өнер саласында жүргендері де баршылық.  Мәселен, түнде ғана теледидардан берілген кинода әскери басшының рөлін ойнаған актер Омар Қиқымов менің оқушым, — дедім.        

— Иә, сол киноны мен де көрдім. Басты рөлдегі сіздің шәкіртіңіз екен ғой? — деді сарапшылардың бірі ер адам таңданғандай.                                         

— Иә, менің оқушым.                         

— Шәкірттеріңіздің сондай жерлерде жүргені бақыт қой, — деді төрайым ойын бүкпесіз ашық айтып. Сөйтіп, жоғары санатқа өзім ғана өттім. Бұл жетістігіме  Омардың да септігі тигені белгілі.

Табиғи дарынына қоса ішкі жан әлемінің аппақ қардай кіршіксіздігі, кішіпейілділігі қандай ортада жүрсе де Омардың атақ-абыройын асқақтата түсетіні анық. Бұл айтқанымызға оның әріптестерінің пікірлері дәлел.

Халық әртісі Құман Тастанбеков Омар туралы пікірін былайша сабақтайды: «Омар екеуміздің өмірімізде де, өнерімізде де ұқсастықтар жетерлік. Ол да, мен де таудың саф ауасымен тыныстап, ұлылықты биік шыңдардан көріп өстік, әкелеріміз де жылқышы. Өнер жолына да бірге қадам қойып, театр сахнасында бірлікте көптеген рөлді сомдадық. Омар — мықты аудармашы. Осы ретте айта кетейін, аударма саласында сахналық шығармаларды аударудың машақаты көп болады. Өйткені өзге ұлттың, жазушының пайымын, парасатын, ұстанымын қазақы қалыпқа сай үндестікпен, тілмен тыңдарманға ой салатын нақтылықпен аудара салу екенің бірінің ғана қолынан келеді. Айталық, түріктің «Көшкін», орыс жазушысы Гогольдің «Үйлену» спектакльдері қандай тамаша аудармамен бізге жетті. Сатира сыншылары мен театр қайраткерлерінің жақсы пікіріне ие болғаны да сондықтан. Ең бастысы, осыған дейін жұрт біле бермейтін Омардың тағы бір қыры бар. Ол — дарынды, талантты ақындық тұлғасы. Егер Омар актер болмағанда, мықты ақын болар еді».

Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Жандарбек Садырбай Омар туралы былай дейді:

«Бойы биік, ойы терең, салмағы қорғасындай, мінезі жаздай. Жалпы, Омар ағаның табиғаты осындай екені рас. Ал сахнадағы Омар — бөлек әлем. Өз кәсібінің хас шебері. Еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері атағын алды. Бұл — біздің Омар ағамызға мемлекет тарапынан берілген баға. Ол кісі бұл атаққа лайықты екені даусыз».

Актер Бауыржан Қаптағаев та Омардың еңбегін жоғары бағалайтын әріптестерінің бірі. «…Омар өзіне берілген рөлге үлкен жауапкершілікпен қарайтын жан. Тіпті кішкене ғана эпизодты ойнау арқылы көрерменін елең еткізетін шеберлігі де керемет. Омар жайлы театрдың кез келген адамынан сұрасаңыз, оның актерлығымен қатар аудармашы және ақын екенін жарыса айтады. Омар — бірнеше күрделі өнерді бір арнаға тоғыстырған талантты азамат».

2015 жылы «Қазақ үні» газеті Омарды «Жыл актері» деп таныды. Осы айтулы оқиғаға орай газет тілшісі Гүлмира Садықова Омардан сұхбат алып, бүкіл оқырмандарына таныстырған. Сол сұхбатында Омар: «Үлгі аларлық алдыңғы буын ағалар көп болды. Әсіресе Нұрмұхан Жантөрин ағаммен өткізген уақыттарым ең бір керемет кезең екен. «Жендеттер» спектаклінде ол кісі Молярды ойнаса, Бутонды ойнаймын. Кез келген актерді оңайлықпен мойындай қоймайтын Мәскеуде екеуміз өнер көрсетіп, олжалы оралғанымыз бар. «Ымырттағы махаббатта» Асанәлі Әшімовпен «Құлыным меніңде» Әнуар Молдабековпен бірге ойнаған рөлдерім үлкен қуаныш және естен кетпес естелік. «Келіндер көтерілісінде» Нүкетай Мышбаевамен, Зәмзәгүл Шәріповамен олардың күйеуі болып ойнаймын. Мұның өзі де бір ғажайып ғұмыр емес пе… »

Кеше ғана экранда көрсетілген телесериал «Сырғалымның» көпшілік көңілінен шыққаны рас. Осы сериалда Омар үлкен отбасының отағасы Жантөре болып ойнайды.

— Шығыс Қазақстан облысына қарасты Абай ауданына киноға түсу сапарымен барған кезіміз болатын, — дейді Омар. Бір үлкен кісі жаныма келіп:

— Немереме сенің атыңды қойдым, — деді.                                                   

— А-а, Омар деп қойдыңыз ба? — деппін таңданып.

— Жантөре деп атадым, — дегені бар.

Халықтың өнерге деген осындай шынайы ықылас-пейілін көргенде, кәдімгідей марқайып қалады екенсің.

Өнердің үш бірдей күрделі түрімен айналысып, нәтижесі дүйім жұрттың көз алдынан өтіп, көңілінен шыққан Омар шын мәнінде сегіз қырлы жан. Актер ретінде сахнада сомдаған рөлдері сан алуан. Бастыларын атап өтсек, М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Көтібар, Арыстан, Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісінде» Мұңайтпас, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесінде» Құлбек, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Цинна, С.Жүнісовтің «Кемеңгерлер мен көлеңкелерінде» Сәбит Мұқанов. Кинода «Өгей әке», «Тоғызыншы ұлдан сақтан», «Қара бала», «Намыс», «Заман-ай», «Болашақ», «Сырғалым» фильмдерінде әртүрлі кейіпкерлерді ойнады.

Омар аударған Н.Гогольдің «Үйлену», Т.Жуженоғұлының  «Көшкіні»,  И.Вовнянконың  «Қаза мен жаза» криминалдық  драмасы М.Әуезов атындағы академиялық  драма театры-ның репертуарында жүріп жатыр.

Омар бала кезінен әдебиетті, поэзияны сүйген. Сондықтан да шығар ҚазМУ-дың журналистика факультетін сырттай оқып тауысқаны. Лирикалық өлеңдері газеттерде басылып жүр. «Киелі Кеген, қасиетті Қарқара»,  «Жылысай»,  «Пұсырман» деген көлемді поэмалары бар.

Тұрсынхан Шәлдибекқызы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

ҚР Білім беру ісінің үздігі