Ислам Батыстан неге артта қалды?

Мұсылмандарға түскен Алла Тағаланың ең алғашқы бұйрығы «Оқы!» Бұл әмірді кеңінен ашып түсіндірсек, «үйрен, біл, ізден, тап, ғылыммен айналыс, іліммен шұғылдан, зерделе, ойлан, айналаңа назар сал, жаратылысты танып көр» деген ұғымдарға ұласады. Қай жағынан алсақ та, бізді — мұсылмандарды ғылыммен шұғылдануға, қоршаған ортадан және өзіміздің тұла бойымыздан Құдайы өрнектерді көріп, ойлануға шақырады. Ендеше, «Оқы!» деп бұйрық түскен үмбеттің ерушілері, Исламның туын көтерген мұсылман елдері қалайша Батыс елдерінен, ілім мен ғылымнан, технологиядан артта қалып қойды?

Исламның алтын ғасырында мұсылмандардың ғылымға қалай ден қойғанын білеміз. Алғашқы ұшу аппаратын, алғашқы медициналық нұсқаулықты, астрономияны, архитектураны, алгебра, математика, география, физиономия, анатомия, кітапхананы, су жіберу құбырлары мен монша, мектептер мен медресені дамытқан ислам ғұламалары екенін білеміз. Алгоритмді жасаған — әл-Хорезми, медицинаның атасы — Ибн Сина, Ұлықбектің обсерваториясы, айта берсең көп. Әл-Бирунидің Жердің домалақ, ал Күннің отты шар екенін, Жердің Күнді айналатынын Николай Коперниктен 500 жыл бұрын анықтағанының өзі не тұрады? Алайда орта ғасырларда Ислам бірте-бірте құлдырап, Батыста ренессанс кезеңі басталды. Сонымен, мұсылмандардың ғылымнан кенжелеп қалуының себебі неде?

Құранға құқықтық жағынан келу: мұсылмандар Исламға құқықтық жағынан көп мән берді. Құранның аяттарындағы ғылымға ишара еткен аяттарға тоқталмай, мұраны бөлу, куәлік ету, олжаны бөліске салу секілді құқықтық тұрғыда зерделеді.

Билікке ұмтылу: жаңа жерлердің ақиқат дінді қабылдауымен жер көлемі ұлғайды. Ендігі жерде мұсылмандар билікке ұмтыла бастады. Әсіресе араб ұлтынан шыққандар әскери лауазымдарға жиі тағайындалды.

Дүниеге қызығушылық: мұсылмандар дүниеге қызығушылық таныта бастады. Келе-келе түйе, үйір-үйір жылқы ұстауға, шұбатылған керуендерді сауда мақсатымен шығаруға, асыл матадан киім киіп, зәулім үйлерде тұруға құмартты.

Пайдасыз пікірталас: маңыздылығы аз тақырыптарды дауға айналдырып, бос уақыттарын пайдасыз пікірталасқа жұмсады. Мысалы, сақалдың ұзындығы, сақал қою-қоймау, мазһаб ұстану-ұстанбау т.б.

Жау шапқыншылығы: мұсылман елдеріне қарсы жасалған шапқыншылықтар, олардың ішінде шығыстан моңғол шапқыншылығы және батыстан крест жорықтары. Христиандық батыс елдері бір-бірімен алауыз бола тұра, мұсылмандарға қарсы соғыста ауыз жаласып, бірге бас құра білді. Сол кездегі Еуропада исламдық Испаниядағы Кордова және Сицилиядағы Палермо білім ошақтары қиратылды. Ал моңғол шапқыншылығында Египеттегі Каир және «Даналық үйі» саналатын Бағдадтың бай кітапханасы мен жәдігерлері қиратылып, медреселер отқа оранды.

Бүлік: дұшпан елдердің салған іріткілері мен бүліктеріне халықтың еріп кетіп, елді іштей бүлдіруі. Мысалы, аты дардай Осман халифатын әлсірету үшін Англияның негізгі стратегиясы мұсылмандарды Құраннан алыстату болатын. Ол үшін сол кездегі мықты сопылық тариқатты құрту үшін жалған сопылық ағымдар құрды. «Пайғамбар мен сахабалар кезінде сопылық болмаған» деп, аңқау халыққа дүрбелең салды. Уахабизм секілді радикалды ағымдарды қолдан жасап, бұқараны екіге бөлді.

Білімге инвестиция: мемлекет қазынасынан білімге жұмсалатын үлес азайып, негізгі үлес әскерді жарақтандыруға жұмсалды. Мұсылман елдері білімге бюджеттің 0,8%-ын ғана жұмсаса, батыс елдерінде 2,5%-дайын шығындайды. Мұсылман елдерінде онсыз да бюджеттің көлемі шамалы, демек, білімге кететін ақшаның көлемі де мардымсыз екені айтпасақ та түсінікті.

Кітап шығаруға тыйым: Осман империясының сұлтаны Баязид ІІ 1483 жылы елде кітап баспасына өлім жазасымен тыйым салды. Оның ойынша, Құранды баспа машинасынан басып шығару — өте үлкен құрметсіздік. Оның жасаған ісін кейіннен ұлы Селим жалғастырды. Ал бұл уақытта Еуропада баспа ісі кеңінен дамып, университеттер құрылып, кітаптар қалың оқырманға қолжетімді болды.

Отаршылдық қасіреті: Осман империясының құлауынан кейінгі бытыраған мұсылман елдерін батыстың басқыншы мемлекеттері отарына айналдырды. Сол жерлердің байлығын тасып, билікке өздерінің мүддесін қорғайтын адамдарды қойды. Яғни саяси, экономикалық және идеологиялық тұрғыда құлдыққа түсті. Мысалы, Ауғанстан, Египет, Ливан, Ирак, Индия, Бангладеш, Пәкстан, Сирия, Солтүстік Африка.

Ақылдың ағылуы. Сонымен қатар, мұсылман елдеріндегі айрықша талант иелері мен ғалымдар ғылымның дамуына мүмкіндік іздеп, батыс елдеріне қарай ағылуда. Батыс елдері де вундеркиндтерді құшақ жайып қарсы алуда. Бүгінде «Нобель» сыйлығын алғандардың арасында және Google, Microsoft, Facebook, Apple сынды инновацияға құрылған компаниялардағы қызметкерлер шебінде мұсылмандардың легі өте көп.

Байқасақ, сонау орта ғасырларда бастау алған себептер әлі күнге дейін әсерін жоймаған. Мойындау керек, мұсылман елдерінде билік орталықтандырылған болатын және басшы халқына қандай кітаптар оқуды дұрыс, қайсысы бұрыс екенін шешті. Бір сөзбен айтқанда, ой және сөз бостандығы өте мүшкіл жағдайда болатын.

Оқ-дәрі Қытайда пайда болды, Батыс онымен қару жасады. Ешқандай қылыш, найза мылтық пен зеңбіректің алдында қару емес. Екінші кезекте, Батыс бу қозғалтқышын құрастырып, өнеркәсіпте революция жасады. Үшінші этапта іштен жанатын қозғалтқыш құрыстырып, транспортта төңкеріс жасады. Соңғы этапта атом бомбасы мен компьютер құрастырып, барлық салада өзінің үстемдігін танытты.

Өкініштісі, қазіргі күнімізде мұсылман елдерінде сауатсыздық деңгейі әлі де жоғары. Қыз баланы оқытуды қажет деп таппайды, Құран мен хадисті оқыса жеткілікті деп санайды, әйел затын тек үй шаруашылығында қолданып, ғылым мен білімге араластырмайды. Африканың түкпір-түкпірінде қаншама қари мен хафыздар бар, Құранның кез келген аятын жаңылыспай айтып береді. Бірақ олар Жердің домалақ екеніне, Жердің Күнді айналатынына сенбейді. Ғылымның басқа тұстарын былай қояйық.

Мысалы, саудиялық шейх, яғни ғалым-ұстаз шәкірттеріне Жердің қозғалмайтынына былай деп дәлел айтады: «Егер Жер айналатын болса, онда біз ұшақпен әуеде бір орында тұрсақ, онда Қытай бізге жақындайды. Ал егер Жер кері бағытта айналса, онда Қытайға ешқашан да жете алмаймыз».

Келесі бір саудиялық ғалым Ибн Баз (бұл салафиттердің ұстазы) Жердің домалақ емес, біртегіс екенін, кім бұған қарсы шықса, кәпір болатынын айтқан. Бұл сөзіне Құраннан дәлел келтіріп бағады.

Мінекей, мұсылман әлемінің технология мен ғылым-білімде Батыстың соңында қалып қоюына әсер еткен және әлі де әсер етіп келе жатқан себептер. Біз бір нәрсені білуіміз керек: Ислам ғылыммен тығыз байланысты. Дінсіз ғылым — соқыр, ғылымсыз дін — ақсақ. «Оқы!» деп алғашқы әміріміз түскен үмбет болсақ, онда ғылымға бас қоюымыз керек. Өйткені шынайы ғалымдар ғана нағыз тақуалар.

Мирас Кесебаев