САЯСАТТЫҢ СЫНЫ МЕН САБАҒЫ

Шынында, кез келген сайлау қарсаңында “электорат”, “дауыс беру, жинау”, “сайлаушылар тізімі, дауысты сатып алу”, “популизм”, “пендешілік” т.б. сияқты ұғымдар жиі қайталанып, жанданып, өрши түседі немесе әр түрлі әңгімеге арқау, сөзге сылтау болып, әшкереленіп жатады. Өйткені, ҰЛТТЫҚ САЙЛАУ – NATIONAL ELECTIONS яғни, халық сөзімен айтсақ, “ел – елек”, сайлауға түскен партиялардың бағдарламаларын, олардың өміршеңдігін електен өткізу арқылы таңдау жасайды. Сондықтан бұл процесс әр елде әрқалай өрбиді, әр түрлі өтеді.
Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеш депутаттарын сайлаудың драмасы саяси күрес үдерісінен жаңылып, басқа дүрбелеңге ұласқаны, соңынан сайлау нәтижесінің күшін жоюға әкелгені әлі жан-жақты зерттеуді, талдауды қажет етері сөзсіз. Сондықтан өткен тартыстың байыбына барып, пайымдауда халықаралық байқау миссияларынан бұрын ең әуелі сол елдің халқына, оның болашағына алаңдаулы, жанашыр өзге жұртқа, әрі қарай уақыттың еншісіне қалдырған жөн. Яғни өзге елдің құзыреттік әрі құқықтық шеңберіне жататын мәселеге қол сұғып, ешкім де төреші болмақ емес.
Оның үстіне Президент
Қ.К.Тоқаевтың баспасөз хатшысы Б.Уәли жариялаған хабарламада айтылғандай,
«Қырғызстанда болып жатқан оқиғалар – сол елдің ішкі мәселесі. Қазақстанда бауырлас Қырғызстанмен өзара дәстүрлі достық қатынастарды және стратегиялық серіктестікті нығайту аса маңызды деп санайды. Сонымен қатар көршілес елдегі ахуалды тұрақтандыру ісі Қырғызстанның Конституциясы мен заңдарына сәйкес жүзеге асырылады деп үміттенеді. Қырғыз халқы өз мемлекетінің ұзақ мерзімді мүддесі үшін күрделі жағдайдан шығудың тиімді жолын табады деп пайымдайды». Бұл – көрші ақысының өтеуіндей көпшіліктің көңіліне қонатын тұжырым, санасына сіңетін сөздің байламы.
Сайлауды әзірлеу мен өткізу мемлекет үшін қандай жауапты іс болса, оның жауапкершілігі сол ел азаматтарының мойнына соншалықты жүк салар маңызды шаруа. Өркениетті елдерде мұндай саяси доданың технологиясы шаш-етектен. Әр елдің географиясына, орналасқан жеріне, халқының дәстүріне, экономикасы мен саясатына қарай олардың бір-біріне ұқсайтын, қайталайтын және мүлдем ұқсамайтын формалары мен түрлері бар. Жыл сайын оны жетілдіруге қыруар қаржы кетеді. Мәселен, кезінде ең қарапайым тас салып, санаудан бастаған халыққа бүгіндегі биометрикалық және жеке мәліметтерінің сәйкестігін куәландыратын жарақтар, нәтижесін айта беретін цифр ресурстарының көмегімен есептеу, өзге де құралдарды пайдалану сайлаушыларға таңсық емес. Жалпы, қазіргі заманда кез келген озық тәжірибені, оңды үлгіні қолданудан бас тартуға болмайды.
Мін тағылмайтын, кемшін тұсы табылмайтын технология ғана осынау маңызды іс-шараны ұйымдастырушыларға көмекке келері анық. Бұл тұрғыда әр түрлі деңгейдегі байқаушылардың талаптары барлық тарапқа да теңдей бөлініп, бірдей болуға тиіс. Сонда олар тиісті елдің уәкілетті органдары құзыретінің аясындағы мәселелерге алаңдамайды, заңдылық тәртібін қадағалаудың орнына сайлаушы құқығының сақталуын қадағалап, сайлау дайындығына, оның өтуіне сындарлы бағасын бере алады. Қырғыз Республикасында осының бірсыпырасы іске қосылғанына, сайлау жөніндегі заңнаманың жетілдірілгеніне қарамастан сайлаудың нәтижесі жоққа шығарылды. Оның себебі мен салдарына кәнігі саясатшылар мен сарапшылар баға беріп те жатыр. Мұның арасында дұрыс болжау бағытындағылар да, бұрмалап теріске шығарушылар да жетіп артылады. Өзіміз байқаған бірер “әттеген-айды” алға тартсақ, ол – сайлауды дайындау мен өткізудегі орашолақтық, атүстілік, кәдімгі керенаулық. Түптеп келгенде, еліміздің Президенті Қ.К. Тоқаевтың: “Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм. Осыны естен шығармаған жөн” деген салиқалы пайымы айна-қатесіз екеніне көз жеткіздік. Жалпы сайлау өткізуде қатысушылар мен ұйымдастырушылардың талап-тілектерін тек заң жүзінде ескеру аздық етеді. Қай істе де сарабдалдық пен парасат қажет. Қазақстан заңнамасындағы ашықтық қағидатына негізделген нормаларды жүзеге асыру тетіктері баршаға түсінікті әрі уәжді деп айта аламыз.
Байқаушылар миссиясының
жұмысшы тобының құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Түркия, ТҮРКПА хатшылығы өкілдері енді. Жұмыс жоспары талқыланған алғашқы жиынның аяғында қазір жүріп жатқан Әзербайжан мен Армения арасындағы соғыс тақырыбы да қозғалмай қалмады. Әрбір қатысушының пікірін мұқият тыңдаған Түркия депутаты: “Мұны дінаралық соғыс деуге болмас, өйткені мұсылман түріктерден өзге христиан түріктер де бар. Жалпы, қаруға қаруды, тілге тілді қарсы қою бұрыннан қолданылып келеді, ал дінді дінге қарсы қоюға талпыну Жаратқанға қарсы келумен тең және оны түсіну қиын. Пайғамбарымыз “аз сөйлеп, көп іс жасауға” шақырғанын ұмытпайық.
Бір ғұлама (С.Ширази) “Жүз табақ ет бір тамшы қанды алмастыра алмайды” деп жазған еді. Қазіргі ұғыммен айтсақ, “миллиондаған тонна мұнай бір адамның өміріне тұрмайды” осыны ұмытпасақ”, – деді. Барлық қатысушылар Кавказ өңірінде тұтанған әскери қырғында шейіт болғандарға көңіл айтып, соғыстың тезірек тоқтап, бейбіт өмірдің орнауын тіледік. Дәл осындай ой еліміздің Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде де айтылды. Онда: “Біз достас Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдауға, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға және мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырамыз”, – делінген.
Біз – айналамызды доспен қоршауға, “ырыс алды – ынтымақ” қағидатын ұстануға тырысқан халықпыз. Сондықтан көрші Қырғыз еліндегі саяси ахуал, тағдыр-талайы ауыр Таулы Қарабақ түйіні қай мәселені болсын ушықтырмай шешу – әділеттің ақ жолы екенін көрсетеді. Саясаттың сыны да, сабағы да осында.
Дархан МЫҢБАЙДЫЙ  фейсбук парақшасынан,
Мәжіліс депутаты,
“Nur Otan” партиясы фракциясының мүшесі