Батыс Қазақстан: Бәйтерек ауданының тарихы зерделенуде

Батыс Қазақстандағы Бәйтерек ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде.

Бұл туралы аудан әкімі Марат Тоқжанов БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында баяндады. – Археологтардың айтуынша, табылған адам сүйектері, сол заманда қолданылған қару-жарақтар жерлеу рәсімдерінің орындалуы бойынша біздің заманымызға дейінгі қола, темір, ерте темір дәуіріне тиесілі екен, – деді Марат Лұқпанұлы.

Аудан басшысының мәліметінше, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберіндегі іс-шаралар жыл басынан бері онлайн форматта жалғасуда. Айталық, қаламгерлермен кездесу кеші, «Асыл мұра» дәстүрлі әнші-термешілер клубының ашылуы, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасымен жарық көрген кітаптардың таныстырылымы өткен. Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай аудандағы Көшім ауылында жерлес майдангерлер құрметіне ескерткіш-тақта орнатылса, Ұлттық домбыра күнінің құрметіне Янайкин ауылында «Домбыра» композициясы ашылған. Ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында аудандық кітапхана жанынан «Бәйтерек» мәдени-ағарту және тынығу орталығы өз жұмысын бастаған. Ал ірі меценат, Бәйтерек ауданының Құрметті азаматы Бейбіт Асанов жыл соңына дейін Погадаев ауылына өз қаражатына спорт кешенін салып береді деп күтілуде.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы