Сарқанның самаласы

Жалпы, елдің әлеуметтік ахуалының жақсаруы, экономикасының дамуы тікелей энергетикалық әлеуетімізге тәуелді екеніне ешкімнің күмәні болмауы тиіс. Қазақстан электр энергетикасына қаржы салуға ең ыңғайлы нарықтың бірі екені де аян. Сондай-ақ, қазір Қазақстанда энергетика саласына инвестиция тартумен қатар, қалпына келетін энергия көздерін дамыту ісіне де көп көңіл бөлініп отыр.

Соның бір куәсі ретінде Алматы облысы, Сарқан ауданы өңірінде құрылысы аяқталып қалған ЛЕПСІ-2 ГЭС-ін айтуға болады. «Қаратал ГЭС каскады» құрамына төртінші бірлік болып енетін — сағатына 17 МВт тоқ өндіретін станса жуырда Қазақстанның ұлттық электр торабына қосылмақшы. Еліміздің бірыңғай электр энергетикалық жүйесі үш шартты аумаққа бөлінген. Атап айтсақ, Солтүстік аумақ (Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары кіреді), Оңтүстік аумақ (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары кіреді), Батыс аумақ (Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары кіреді). Тарихқа көз жіберсек, елімізде 1990 жылы 104,7 млрд кВт сағат электр қуатын пайдаланылыпты. Ал 1999 жылы бұл көрсеткіш 50 млрд кВт сағатқа дейін төмен түсіп кеткен көрінеді. Себебі ол кездері Кеңестер Одағы ыдырап, бүкіл өндіріс тоқтап, тіпті күнделікті тіршілікте де электр энергиясының тапшылығы айқын аңғарыла бастаған болатын. Дегенмен 2000 жылдардан бастап бұл салада аз да болса өрлеу байқалды. Жыл сайын электр энергиясын тұтыну қарқыны артып, электр қуатын өндіру ырғақты жүйеге түсті.

Аталмыш құрылыс соңғы екі жыл ішінде қарқынды жұмыс нәтижесінде мәреге таяды. 25 сәуір күні сынақ өткізіліп, мамыр айының алғашқы онкүндігінде іске қосылу жоспарланған. Сонымен қатар бұл игі істің тағы бір жақсылығы жергілікті тұрғындарға жұмыс орнын тауып бергені. Іргелес Қойлық ауылынан он шақты адам арнайы тәжірибелік жұмыстармен қатар білім алып, осы саланың қыр-сырын толық меңгеру үстінде.

Заман Төлеуов,

Алматы облысы, Сарқан ауданы