Сан салаға серпін берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы Қазақстан халқына бүгінгі билікке деген зор сенім қалыптастырды.

Жолдаудағы бастамалар Қазақстанның өркендеуінде маңызы зор болатындығын нақтылай түсті. Еліміздің тәуелсіздігінің басты кепілі саналатын халықтың ынтымақ-бірлігі мен жарастығын, тұрмыс-жағдайы мен әл-ауқатының жоғары болуын қамтамасыз етіп, ұдайы сақтап отыруы тиіс. Бұл – ең басты жетістік, ұлттық құндылық!

Президент Жолдауында мемлекетіміздің біртұтастығына, әл-ауқатының жақсаруына, экономикалық жағдайының дамуына жол ашатын арнайы тапсырмалар берілді. Қоғамдық ой-сана мен жұртшылықтың көптен көкейінде жүрген мәселелерінің басын ашып, айқындады.

Халқымыз үшін аса қуанышты жаңалықтардың бірі – әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жаспен шектелетіндігі, аналарға баласы 1,5 жасқа дейін ақылы демалыс беру, балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көтеру, 100 000-дай жасты жұмыспен қамту, отандық шикізатты өндіру, еңбек табысын көбейту. Сонымен қатар Ұлттық қор есебінен бала болашағына қаржы құюда өте маңызды шешім болып, жұртшылық ойынан шықты.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының даналығына сүйенсек: «Балам дейтін жұрты болмаса, елім дейтін бала қайдан шықпақ?». Бұл дегеніміз – ұлттың болашағы үшін жасалған аса маңызды ұлы істердің бірі деп ойлаймын.
Жолдаудағы елді елең еткізген тағы бір жаңашыл реформаның бірі – биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауының өтетіндігі. Президенттік билік мерзімін 7 жылдық ету де Жаңа Қазақстан саясатының дұрыстығын дәлелдейді.

Қорыта айтқанда, бұл – Жолдау Жаңа Қазақстан құрудағы айрықша қадам.

Майра ӘЛІМБЕТОВА, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі