САЙЛАУДАН КЕЙІН ДЕ ӨМІР БАР

Алдын ала айтып қояйын, мен де еліміздің демократиялық жолмен дамығанын, Қазақстанда шынайы көппартиялық жүйе қалыптасқанын қалайтын адамдардың бірімін.
“Тойдың болғанынан боладысы қызық” дегендей, сайлау да келіп қалды. Көріпкел емеспін, бірақ “Nur-Otan”-ның бұл жолы да қарсыластарына дес бермейтінін ішім сезеді. Түсіндірейін. Кеше ғана шалғайдағы екі ауылда болып қайттым. Өзім кездескен адамдардан сыр суытпақтап көріп едім, бәрінің аузында “Nur-Otan”. “Нұротандықтардан басқа ешкім бізді іздеп жатқан жоқ, кімге, не деп дауыс береміз, аты бар да заты жоқ партияларды қалай қолдаймыз” дейді олар. Расында да ойланатын жағдай. Құрылғандарына жиырма жылға жуықтап қалса да, “Nur-Otan”-нан басқа партиялар неге халықпен етене араласа алмай отыр? Менің ойымша, оның бір себебі осы партиялардың жетекшілерінде “Nur-Otan”-ға шын бәсекелес партия құрайық, билік тізгініне таласайық деген ой жоқ. “Айдағаны бес ешкі ысқырығы жер жарады” дегендей, олар өздерінің аз ғана топқа “серке” болып жүргендеріне мәз. Партия қоғам өміріне белсене араласып, билікке ықпал ете алса ғана қуатты күшке айналады. Дәл қазір “Nur-Otan”-нан басқа партиялар ел болашағы үшін жауапкершілікті мойындарына алуға дайын ба? Әрине, жоқ. Олай болса, халық өзі құрылғаннан бері нақты істерімен танылып келе жатқан “Nur-Otan”-ды қолдамағанда, кімді қолдайды!
Сөз соңында Мәжіліске, мәслихаттарға өткен партиялар сайлаудан кейін де өмір бар екенін ескеріп, нақты істерден бойларын аулақ салмаса, халықпен бірге болса, партия ретінде қалыптасудың “балалық ауруынан” арылатын мезгіл әлдеқашан жеткенін түсінсе екен дегім келеді.