ҚОШ БОЛ, 2020! ҚОШ КЕЛДІҢ, ДҮБІРЛІ САЙЛАУ!

Экономика шатқалақтады, кәсіпкерлер тұралады Тарих сахнасынан «сүйрелеп» ресми 2020 жылды да шығарып салдық. Әр жылдан үлкен үміт күтетін тәубәшіл қазақ бұл жыл несімен есте қалды?» деп таразылайтыны айдан анық. Жалпы осы жылдың құшағындағы тышқан – қазақ танымында жыл санаудың жəне жыл қайырудың басы саналады. Əр жыл 21 наурызда аяқталып, жаңа жыл 22 наурыздан басталып есептеледі. Талай жылдың тауқыметін, қызығын басынан өткізген тəжірибесі бай, ұғымды халық əр жылға тиісті баға беріп һəм соған сай күтініп те отырған.

 

Жалпы, тышқан жылын жұрт молшылық пен берекенің, бейбітшілік пен тыныштықтың жылы деп санаған. Халықтың бұл сенімі көбіне ақталып та отырған. Шынында да тышқан жылы қиыншылық, жаугершілік, аштық бола бермеген екен. Әйтседе заман өзгерді ме, табиғат көнерді ме, адамдардың пейілі түрленді ме, 2020 жылғы тышқан – қазақты ғана емес, бүкіл әлемді теңселтіп кетті. Өткен жылдың қыркүйегінде Қытайдан тараған коронавирус ауруы дүниежүзін меңдеп, Еуропа елдерін шарлап, наурызда Орта Азия, оның ішінде біздің елге де жылжып жетті. Әлемдік пандемия адамдарды оқшауланып өмір сүруге үйретті. Көпшіліктің көшеге шығуына алғаш рет тыйым салынып, айналада өлі тыныштық орнады. Тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың ғана жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Бұл дағдарыс өз кезегінде экономиканың шатқаяқтауы мен кәсіпкерлердің тірлігінің тұралауына алып келді. Әлемге тараған вирустың қауіптілігі соншалықты, тіпті, соғыс кезінде де жабылмаған мектептер мен мешіттер қаңырап бос қалды. Коронавирус ықпалынан болған өзгерістер – Жердегі барлық адамға тіпті, ғарышқа да әсер етті. Өйткені, ғарышкерлер халықаралық ғарыш станциясына жету үшін бірнеше күнге созылған карантинге төзуге мәжбүр болды. Пандемия қала көшелерін бос қалдырды. Есесіне, әйгілі туристік аймақтардың ауасы мен суы айтарлықтай тазарды. Адамдар өз үйінде оқшауланғанда жер сілкінісі, дауыл мен өрт болып, әлемді одан сайын үрей құшағында қалдырды. «Үндемегеннен үйдей бәле шығады» демекші, жайлы деген тышқанның «қысымы» мұнымен тоқталмады. Пандемияның екінші толқыны елді тіпті есеңгіретіп жіберді. Қаншама әзиз тұлғаларымыз дүниеден мезгілсіз озып, адамдар аурудың азабын тартып, ет-жақындарынан мәңгілікке айырылды. Бұл кезең еліміздің еңбек және халықты қорғау, денсаулық сақтау саласына үлкен сын болды. Дәріханаларда дәрі жетіспей, оттегі концентратының жоқтығынан науқастар арасында тыныс ала алмай, көз жұмғандар қатары көбейді. Бұл сынақ еліміз үшін әлі де етек-жеңімізді жинап, санамызды сілкілеп, салаларды жетілдіру керек екенін ұғындырған кезең болды. Осы жылы адам баласы бірге болу мен өз мүдделерін бірге қорғау қаншалықты маңызды екенін де жақсы сезінді. 2020 жылы Қазақстанның әлеуметтік, қоғамдық һәм саяси өмірінде даулы оқиға аз болған жоқ. Басым бөлігіне мемлекет басшысы араласып, пікір білдірді. Біраз мәселе Президенттің тапсырмасымен шешілді. Соның бірі және бірегейі қазақ, орыс, дүңген қатар қоныстанған Қордай ауданы Масаншы ауылында ақпанның басында тұрғындар арасындағы қақтығыс. Жаппай төбелес соңы тәртіпсіздікке ұласып, 8 ақпанда сол өңірде техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл «Қордай қақтығысы» болып тарихта қалар оқиға! Мамырдың алғашқы күнінде Түркістан облысында Өзбекстанмен шекаралас жатқан Мақтаарал ауданының екі ауылы су астында қалды. Бірінші мамырда таңғы бес шамасында Өзбекстанның Сырдария облысында Сардоба ауданы аймағын су басты. Су ағынын азайту үшін өзбек тарапы суару каналдары желісіне шлюзді ашты, салдарынан Түркістан облысындағы Жеңіс және Жаңа Тұрмыс елді мекендерін су шайып кетті. Содан кейін өңірде техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Блок бекеттегі полицейлер қазасы да елді елең еткізген оқиғалар қатарында тұр. Коронавирус пандемиясына байланысты қала мен облыстардың бәрінде блок бекеттер орнатылды. Карантин шаралары жеңілдеген тұста Алматы облысында қайғылы жағдай болды. Қоғамдық тәртіпті бақылау бойынша қызмет етіп жүрген екі полицей бұрынғы әріптесінің әрекетінен көз жұмды. Ащынған халықтың ашуын туғызған тағы бір оқиға қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің изоляторда жан тапсыруы еді. СancelBorat немесе Боратқа қарсы петиция жайлы айтпай кеткенім жарамас. Бірнеше жыл бұрын қазақстандықтардың ашуына тиген «Борат» фильмінің екінші бөлімі шықты. Фильмде қазақстандық журналист Америкаға барады, туындыда Қазақстанның билігін, халқын сонымен қатар мемлекеттік туын мазақ ету айқын аңғарылады. Ең сорақы оқиға тәуелсіздік күні қарсаңында Никонов, Федоров, Жириновский секілді орыс шовинистері қазақтың тұтастығына сына қағып, тәуелсіздікке қауіп төндіріп, билікті тұқыртып, өз жақтастарын құтыртып, кейбір Ресейшіл қазақтардың намысын оятып, қазақ жұртының ашу-ызысына тигені десек қателеспеймін. Қиындықтарға қарамастан, даму жолына бет бұрған елімізде елең еткізер айтулы оқиғалар да аз болған жоқ. Соның бірі, рухани орталығымыз Түркістан қаласының түлеп, түрлене түсуі де былтырғы жылдың күнтізбесіне дөп келді. Түркі әлемінің ордасына лайық Түркістанда халықаралық әуежайдың ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаев қатысып, өзге ғимараттардың тұсауын кесті. Сондай-ақ «Түркістан-Арена» стадионы, «Конгресс Холл» көпфункционалды концерт залы, көне шаһарға көрік беретін өзге де көптеген нысандардың ашылуы да тышқан жылының еншісінде. Мемлекет басшысы жариялаған «Еріктілер жылы» да еліміз үшін айтулы оқиғаларды еңсеруге септігін тигізді. Ел басына қиын күн туғанда еріктілер көпке пайдасын тигізіп, көмегін аянып қалмады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Еріктілер жылы» қазақстандықтар адамдарға шын ниетімен көмектесіп, оны науқанға айналдырмау қажеттігін айтқан болатын. Нәтижесінде «BIRGEMIZ» республикалық волонтерлер фронт-офисы ресми түрде іске қосылып, еріктілерге кеңес беру, әдістемелік, оқыту, ақпарат беру қызметін атқаруда. Жетімін жылатпаған, қамкөңілге қашан да қолұшын созған қазақ үшін еріктілер ұғымы жат емес. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай сөзінің аясын кеңейткен жылдың нәтижелі жемісі алдағы уақытқа да серпін береді деп сенеміз. Ұлы тұлғаларымыз Әбу Насыр әл Фараби мен Абай Құнанбайұлының мерейтойлары да ел күткендей даңғазадан аулақ, тәлім-тәрбиеге толы болып өтуіне аса мән берілді. Ғылыми жаңалықтар, тұлғатануға деген талпыныстар жасалып, ғалым мен ақын жайында фильмдер түсірілді. Ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, мүшәйралар өткізілді. Тіпті, әлемнің көптеген елдерінде әсіресе, абайтануға деген батыл бетбұрыстар жасалды. Осыған орай әлем және еліміз көлемінде 500-ге жуық іс-шара қолға алынды. Абай кітабы тұңғыш рет ағылшын тілінде жарық көрді. Даңғаза думан емес, ақыл-парасат деңгейінде өткен атаулы жылда ілкімді істер істеліп, ілгері қадам жасалды. Тышқан жылының бір айтулы оқиғасы саясат сахнасында орын алды. Ол еліміздің саяси тәжірибесіне алғаш енгізілген Праймериз науқаны. «Біткен іске сыншы көп» дегендей, оны сынаушылар да, қолдаушылар да табылды. Праймериз саяси додаға ат қосқан үміткерлер үшін жаңа тәжірибе алаңына айналса, сайлаушылар үшін келер күнге үміт сенімінің сәулесін сығалатты.

 

 

 

САЙЛАУҒА ҚҰҚЫҚ БЕРГЕНМЕН, ТАҢДАУҒА ҚҰҚЫҚ БЕРМЕГЕН САЙЛАУ

Сонымен 2021 ресми жылға да келіп жеттік. Сиыр жылы халық есінде көбінесе ауыртпалық, дау-жанжал, қиындықтарымен есте қалыпты. Ырымшыл халқымыз бұл жылы сəтсіздік бола қалса, «биыл ауыр жыл ғой» дей салған көрінеді. Алайда қазақтың кейде «Ырымы қырын кетіп

жататынын да» ұмытпайық. Жаңа жылдан жағымды жаңалық, тың бастамалар күту жұмыр басты пенденің бәріне ортақ қасиет. Сондықтан жаңа жылдан біздің де күтеріміз өте көп. Биылғы жылы індеттің беті қайтып, табысымыз молайып, ынтымағымыз артып, экономика қарқынды дамып жатса одан артық не керек бұл қазаққа! Тек сол күнге тезірек жетсек екен. XXI ғасырдың 2021-ші жылына да келіп жеттік. Аллаға сансыз шүкір дейік. Бұл күнге жете алмай арманда кеткен жандар қаншама! Біреуге мал, біреуге жан қайғы болған қу дүние деген осы екен-ау. Үміт пен күдіктің жетегінде желкілдеп жеткен бұл жылдың басы – саяси мәнге және саяси тартысқа толы болғалы тұр. 10 қаңтар Парламент Мәжілісі мен облыс – аудан мәслихаттарына депутат сайлау науқаны. Санаулы-ақ күн қалды. Бес партия қызу сайысқа түспек. «Nur Otan», «Ақжол», «Адал», «Ауыл» және «Қазақстан халық партиясы». Кімге бақ, кімге дақ деген осы шығар. Сарыарқада сары аяз күшіне мініп жатыр. Бейне кіжінген, тістенген адам секілді. Абай данышпан жырлағандай: Бұл сайлау – «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр мылқау танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау түсі суық, Басқан жері сықырлап келіп қалды…». Бәлкім саяси доданың «сай-сүйекті сырқыратар» кезеңге жеткеніне табиғаттың өзі «қызынып» жатқан болар. Бір қызығы адамзат баласында қатты серпін, қызу қолдау аз тәрізді. Көңілі қалып, соған налып жүргендей әсерде қаласың. Халықты да түсінуге болады. Жемқорлық жегіқұрттай маңайды жайлағаны соншалық сенімді партияның күнде болмаса да аптасына бір мүшесі тұтқындалып жатады. Тілдің жағдайы анау. Қымбатшылықтың түрі мынау. Халық пен үкіметтің арасы алшақтап барады. Осындай сын сағатта сайлауға деген бұқараның көзқарасы қандай болуы мүмкін? Әрине сіз бен біз ойлағаннан тереңірек… бәлкім көлемдірек… Бір шындық бар: біз қаласақ та, қаламасақ та бұл сайлаудың өтетіндігі. Сол үшін халықтың бейтарап қалуы жарамайды. Сайлауға белсенділік көрсету, келешекті айқындап алуға жол ашпақ. Өз елінің, өз жерінің болашағына бейжай қарай алмайтын кез келген адам саяси науқаннан қалыс қалмауы тиіс! Отанымыздың ертеңінің нұрлы болуына әр адамның үлесі болуы керек! Адам санасын интернет билеген заман ғой, бәрін көріп отырмыз. Мәжіліс пен жергілікті органдарға сайлау қарсаңында әлеуметтік желілерде Үкімет пен Парламентті сынауда неше түрлі ғайбат сөздерден көз сүрінеді. «Неге бұлай?» деген сауал еріксізден ойға оралады. Бұл халықтың қарсылығы ма, жоқ әлде, демократияның жарқын үлгісі ме? «Қалған көңіл – шыққан жан» дейді қазақ. Олай болса сайлау қарсаңында

«Іштегі шерін» тарқатып жатқан халықпен кеңесер кім бар? Көңілімізден шығатын, көкейіміздегі көксеген ойымызды орындайтын шынайы оппозициялық партия елімізде жоқ. Бір заманда болған еді, арасына іріткі салып, елім деген азаматтарды бір-біріне айдап салып, түп тамырымен жойып тынды… Сондықтан сайлау кезінде ғана сопаң етіп шыға келетін, саны бар да сапасы жоқ партиялардың біріне дауысын беруге мәжбүр халық. Болмаса қолында билігі бар, ақша ресурсы мол «Nur Otan» тұр қасқиып. Таңда, сарала, пайымда! Кім жаныңа жақын, кімнің бағдарламасы қолайлы, кімнің сөзі өтімді. Дауысын ұрлатқысы келмеген әр адам өзі бақылаушы, өзі белсенді болмаса тағы қиын. Әрине сайлау құқығымыз бар болғанымен, таңдау құқығымыз жоқтығы ғана көңілге кірбің түсірмек. Әйтпесе бәрі жарап тұр. Биылғы жылы Қазақстанның саяси тарихында едәуір өзгерістер, ауысулар, тың бастамалар болары анық. Былтыр басталған игі істер жалғасын табарына сенім мол. Партиялар депутаттыққа жастарды көптеп ұсынып жатқаны байқалады. Бұл да жақсылық нышаны. Праймериз деген жалпы жақсы дүние болып шықты, жастарды жаңашылдыққа алып баратын сияқты. Қазақ атамыз «Бірлігі мықты ел – озады, бірлігі кеткен ел тозады» дегенді бекер айтпаса керек. Ел тағдыры сынға түсер шақта «Бас басына би болудан» асқан қасірет жоғын әр қазақ түсінеді деген ойдамын.

 

 

 

 

«ТӨҢКЕРІСКЕ ҚҰМАР» ҚЫРҒЫЗСТАНДА 259 САЯСИ ПАРТИЯ БАР

Еліміздің Парламенті тарихында «азуын айға білеген» 5 партия болып көрмепті. Бұл деген орындалмаған арман ғой, шіркін!. Әрі кетсе үш партия ғана көзімізді ашып көргеніміз, аузымызды ашып сенгеніміз. Олардың өзі билікке бағынышты, шеңберден шықпауға «уәде» бергендей моп-момақан кейіпте жүреді. «Сайлауалды уәделер қайда?» оны айтатын депутаттар майда-майда болып кетеді. Іріліктен түк қалмайды, ақырында тал қармайды. Біз көрген тірлік осындай еді… Қазіргі сайлауға түсіп жатқан «Бес партия – бес түмен әскерге пара-пар бола ала ма?» деген сұрақ та жағаға жармасады осындайда. Оны уақыт көрсетер. «Балапанды күзде санаған» дұрыс-ау тегінде. Ең алдымен Қазақстан секілді 18 миллион ғана халқы бар елге көп партия керек пе дегенге жауап іздеп көрейікші. Былтыр 4 қазанда Орталық Азия елдері арасында демократияға бір табан жақын саналатын Қырғызстанда парламент сайлауы өтті. Бір палаталы Жогорку кенештің 120 мандатына 16 партия таласқа түсті. Үгіт-насихат жұмыстары қызған тұста кей партиялар назарын шетелде жұмыс істеп жүрген отандастарына бұрды. Өйткені

Қырғызстан халқының 11 пайызынан астамы шетелде жұмыс істеп жүр емес пе? Олардың еңбекке жарамды азаматтар екенін ескерсек, еңбек мигранттарының сайлаушылардың жалпы санына шаққандағы үлесі одан да көп болып шығады. Нәпақасын Қазақстанда тауып жүрген қырғыз азаматтары қырғыз партияларының мигранттармен белсенді жұмыс істеп жатқанын растапты. Кейбіріне партияның кандидаты болу ұсынылған. Қазіргі қырғыз билігі мигранттардың дауыс беруіне мүдделі емес дейтіндер де бар. Ол енді бөлек әңгіме. Екі төңкерісті өткеріп, салдарынан қос президенті елден қашқан, тәуелсіз ел атанғалы бес президентті көрген Қырғызстанда жүздеген саяси партия барын еске саламын. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, елде барлығы 259 саяси партия тіркелген. Оның 44-і алдағы парламент сайлауына қатысуға ниет білдірген. Бірақ өтінішті тек 17 партия ғана беріп, ақырғы додаға 16-сы өткен. Сөйтіп олар 6,4 миллион халқы бар Қырғызстанның 3,4 миллион сайлаушысының дауысына таласыпты. Ал керек болса! Біз 5 партияны көпсініп отырғандай қалып танытамыз. Қызық, ә?

 

 

 

«NUR OTAN» — ҒА БӘСЕКЕЛЕС ПАРТИЯ БАР МА?

Белгілі журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің сөзіне сүйенсек, бізге екі партия жетіп жатыр. Ойды ой қозғайды, әлеуметтік желілерде алдағы сайлаудың қорытындысы қалай болар екен, Парламентке, мәслихаттарға қай партияның өкілдері көп өтеді деген сияқты сауал қоюшылар көбейе бастады. Менің ойымша, «Nur Otan»-нан басқалары бұл жолы да аса көп дауыс жинай алмайды. Оның бір ғана себебі бар, еліміз бойынша тіркелген «Nur Otan»-нан басқа партиялар саяси үйірме десек, тым сүмірейтіп жібергеніміз болар, саяси қозғалыс деуге де келіңкіремейді, әлі ішкі ұйымдастыру жұмыстары деңгейінен шыға алмай жатыр. Айталық, 2002 жылы құрылған өздерін либералдар партиясымыз деп санайтын былайғы жұрт қалталылар партиясы деп жүрген, 180 мыңға жуық мүшесі бар (Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша) «Ақ жол» он сегіз жылдың ішінде халықтың есінде қаларлықтай қандай мәселе көтерді. Сайлау алдында ғана алаулатып-жалаулатып, уәдені үйіп-төгіп береді де депутаттың жұмсақ орынтағына жайғасқаннан кейін бәрін ұмытып, жым-жырт бола қалады. Сол сияқты, 2004 жылы құрылған, марксизм-ленинизм, коммунизм идеологиясын ұстанатын Коммунистер партиясының да немен айналысатыны белгісіз. Тіркелгені бар, тіркелмегені бар, қалғандарының атын атап түсін түстегім келмейді. Олардың да көбік сөзді көпірткеннен басқа тындырғандары шамалы. Осындай шала-жансар партиялардың бәріне ортақ бір кемшілік– тұрғындардың күнделікті мәселелерін шешуге батыл

араласып, соларға мемлекеттік органдардың назарын аудартуды өзінің маңызды міндеті санайтын «Nur Otan»-ға қарап бой түзеуге, оған шын мәнінде бәсекелес болуға ұмтылмайды. Халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуге де мән бермейді. Жалпы, менің ойымша, бізге осыншалықты көп партияның қажеті де жоқ. «Nur Otan-мен» иық тірестіре алатын тағы бір партия болса, жетіп жатыр. Олар халықты бай-кедей, қала-ауыл, ақ пен қызыл деп бөлмей, бір мақсатқа — Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, отандастарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз «бас басына би болған өңкей қиқымның» жетегінде кетпей, ұлт болып ұйысамыз, алдымызда тұрған асқаралы міндеттерді жүзеге асыруға әлеуетті боламыз» депті. Жарасбай Сүлейменов бұл пікірді жазарда әргі-бергі тарихты саралағаны даусыз. Мысалы атағынан ат үркетін АҚШ-тың сайлау жүйесі әлімсақтан екі партияға үйлестірілген. Осы қалыпқа салсақ сайлау науқаны кезінде ғана тірілетін қуыршақ партиялардың қажеті жоқ екені көзге ұрып тұр! Текке ақша шашу. Дарақылық. Саясат дегенде бір – түпсіз тұңғиық қой, кім біледі дара шауып келгенше, соңында далақтап келе жатқандарды елге бір көрсетіп қоюда өнер шығар бәлкім… Біз АҚШ-тан бәрін үйренгенде кереметпіз, сол АҚШ сияқты екі партиялық жүйені неге көрмей жүр біздің халық? Ашығын айтайықшы, «Nur Otan» — ға жақсы бір қарсылас болатын партия бар ма? Болса қайда? Жарайды «ақырып» шыққан партия болды дейік, оның тіркелуіне жоғарыдағы көкелер мүдделі ме? Егер ондай «оттай ыстық», «шоқтай қызулы» партиялар Парламентке келсе, төменгі палатаның асты-үстіне шығып, «қырғи қабақ» соғыс оты тұтанары анық. «Ақырын жүріп анық басатын» адамдарға бұл ұнай қояды деу ақылға сыймас. Меніңше қазір көп партия құрылғаны жөн, ертеңгі күні фракцияларды құру арқылы екі-үш партияға ғана бірігуі мүмкін, қазіргі ұлттық мәселе шешімін таппай тұрған кезде осы қолайлы. Бірақ саяси науқанның беталысын бажайлап отырып ол ойымнан бас тартамын. Бірден айтайын, партия деген атынан басқа заты жоқ партиялардың дәл біздің елде бірігіп, «Nur Otan» партиясындай болуы екі талай. Қазірдің өзінде шыңдығында сайлауға түсіп жатқан партиялар биліктің партиясының филиалдары десе болады емес пе. Сайлау кезінде ғана тек көзбояушылық жасап, «Ойбай сайлауға 3/4 партия қатысады» деу ғана емес пе мақсат, оны несін жасырамыз. «Аңқау елге арамза молда» дейтін заман өтіп кетті, қазір халық бәрін түсінеді, бәрін біледі, өйткені саяси көзі ашық. Бәрін айт та бірін айт дегендей, алдағы сайлауда тек биліктің партиясы «Nur Otan» ғана жоғарыдағылар қанша пайыз дауыс жина десе, сонша дауысқа ие болары сөзсіз. Басқа партиясымақтарды билік партиясы «Nur Otan» — мен салыстыру ақылға қонымсыз, ағайын. Себебі ресурстары жоқ… ресурс болмағасын қолдарынан не келеді? Менің жеке көзқарасым бойынша «Nur Otan» партиясы баяғыдай 80-90 пайыз халық дауысын алады дегенге сенбеймін. Бәлкім 60-70 пайыз алып қалар. Қалған партиялардың жұмысы, жоғарыдағылардың сайлау кезіндегі тапсырмасын орындап тып -тыныш отыру емес пе екен?. Тағы айтамын, дәл қазір елімізде «Nur Otan» — ға пара — пар партия жоқ. Оны мойындауымыз керек. Нағыз бәсекелестік кейін… жылдар өте… дүниеге келер… саяси партиялар да сол кезде «ашық майданда» «олжаны» бөлісер. Анығы бұл сайлауда билік партиясынан мәжіліс пен мәслихатқа басым көпшілігі қол жеткізетіні ғана айқын. Қалған партиялар «жұғынды» жаласа да жетіп жатыр… Сөзімізден шығатын қорытынды, саны көп, сапасы жоқ партиялардан ел үшін де, жұрт үшін де пайда жоқ. Халықтың жоғын жоқтап, тұрмыс деңгейін көтеруге көмек жасайтын, елдің мүддесін қорғайтын партиялар керек — ақ… Оған бүгінгі бес партия лайық па? Неге біздегі партиялар сайлау алдында ғана бой көрсетеді. Сайлау өтіп, парламенттің, мәслихаттың орындығына жайғасып алғаннан кейін үндері бәсеңдеп қалады? Қарап отырсақ, қазіргі қарқындары тау қопарып, тас қашағанмен бірдей. Бәрі де «Елім, жерім» деп аңырап жүр. «Ауыл» партиясы шалғайдағы ауылдардан қолдау табарына сенімді. «Адал» партиясы кілең танымал жастарды жинап алып, қоғамдағы түйткілді мәселелерді жастық жалынмен «өртеп» жіберуге дайын. «Ақжол» партиясы алаштың аруағынан медет тілеп жүр. «Қазақстанның халық партиясы» тонын шешіп тастап күпісін киген қазақтың кебін киіп әуре. Ал «Nur Otan» өзінің асқақ үнімен аспандап қояды. Бірақ кешегі орыс шовинистерінің қазақтың тұтастығына тіл тигізген сәтінде бүгінгі «отаншыл», «ұлтшыл», жалаңтөс баһадүрлердің біреуінің қарсы сөз сөйлеуге жүректері дауаламағанын көрген халықтың көңіл-күйін өзіңіз саралаңыз? «Ат болатын құлынды желі басынан танитын» қазаққа болашақты болжауға осының өзі жетіп жатыр емес пе!

 

БИЛІК КІМНІҢ ҚОЛЫНДА – ЖЕҢІС СОНЫҢ ТОРЫНДА

Додаға түсіп жатқан партиялардың екпіні ғаламат. Бәрінің аузында саяси өзгеріс, ел мен жердің тағдыры. Бәрі де ел мен жер үшін от пен суға түсуге даяр. Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 15 желтоқсанда сайлауалды дебатқа бюджеттен 47,9 млн теңге жұмсалатынын хабарлады. Бұл – тек мәжіліске ұсынылған кандидаттар арасында өтетін пікірсайысқа бөлінетін қаржы. Қомақты қаржы. Ұлттық қордың қаржысына қол салып жатқанда, мұнша қаржының дебатқа бөлінуі тегін болмас. Демек бес партия сайлаушылар

алдында ағынан жарылып, бірін-бірі тықсырып, бір-біріне құлшынып бүгінгі қоғамдағы келеңсіздіктердің бет-бердесін сыпырып тастауы керек еді. Кей партия өкілдері арыстандай ақырып «теңдік сұрағандары» болғанымен, жеме — жемге келгенде құр ашудың салмағы «ауыр болатынын сезініп» ақылынан «алжаспады». Осының өзі-ақ көп нәрседен хабар беріп тұрғаны анық. Алғашқы онлайн дебат 17 желтоқсан күні саясаткер Мұрат Әбеновтың модераторлығымен өтті. Тақырыбы да «айқайлап» тұр. «Партиялар қоғам мен мемлекетті жақындата ала ма?». Оған әр партияның жетекші мүшелері ат салысты, сөз жарысты. Бәрі де керемет дайындалған, бірінен бірі өтеді. Тіл мен көзден аман болғай! Бірақ бұл дебатта әр партия өз мақсатын айқындап, межелерін пайымдап, айтысқанымен қайымдап, бұлардың басына қона қояр ма, қайран бақ! Екінші теледебат 30 желтоқсан күні «Хабар» арнасында тікелей эфирде өтті. Оған «ADAL» саяси партиясынан – партияның саяси кеңесінің мүшесі Эльдар Жұмағазиев, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан – партия төрағасы Азат Перуашев, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясынан – партия төрағасы Әли Бектаев, «Қазақстанның халық партиясынан» – партия төрағасы Айқын Қоңыров, «Nur Otan» партиясынан – партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысты. Орталық сайлау комиссиясы бекіткен регламент бойынша теледебат үш кезеңді қамтыды. Бірінші раундта 1,5 минут берілді. Қатысушылар елдің экономикалық дамуы туралы айтты. Сонымен қатар бес спикер бір-біріне сұрақ-жауап алмасты. Әрқайсысына 2 сұрақ қою мүмкіндігі берілді. Екінші раундта халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту туралы ұсыныс пікірлерін айтты. Одан бөлек, бұл кезеңде партия басшылары тележүргізушінің сұрақтарына жауап берді. Үшінші раундта спикерлер сайлаушыларына арнап сөз сөйлеп, халықты өз партияларына дауыс беруге шақырды. Осы дебатта тым болмаса бір партия өкілі елдегі жемқорлықты жеңудің алғы шартын көрсете алмады. Сондай-ақ «мызғымас биліктің» ел көкейінде жүрген саяси өзгеріспен ұштасар «шыңына» көтеріле алмады. Бәрі де сценарий бойынша әрекет етіп, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» алып шығуға тырысқаны көзге ұрып тұрды. Мұны халық ақымақ емес, біліп тұрды. Сөйте тұра бұл жолғы сайлау науқанының басқалардан айырмашылығы-партия өкілдері арасындағы пікірталастар деп есептеймін. Иә, пікірталас алаңдарында көп дүниелер айтылып жүр. Олар әсіресе әлеуметтік желілерде қызу талқыланып келеді. Бір қуанарлығы, халық өңірлердегі және орталық деңгейдегі әртүрлі партиялық көшбасшылардың өз

аузынан партияның сайлауалды бағдарламаларымен көбірек танысып жатыр. Сайлауға қатысып отырған партиялардың беталысын пікірталас, әлеуметтік желідегі қызу талқылаулардан біліп отырмыз. Белсенділік жағынан «Nur Otan» партиясының кандидаттары ерекше көзге түсуде. Оны мойындауым керек. «Күштінің құйрығы диірмен тартатыны» ақиқатқа айналуда. «Nur Otan» партиясы еліміздің бүкіл қалалары мен ауылдарын аралап тек үгіт жүргізіп қана қоймай, елдің шағымдары мен арыздарын жинауды баяғыда бастап кетіпті… Өзге партияларда қалысып жатқан жоқ. Бірақ ел арасында жүрміз ғой, халықтың сенімі «Nur Otan»-да. Айдос Сарым айтпақшы билік бәрібір «Nur Otan» — ның қолында.

 

 

ӘДІЛ САЙЛАУДЫҢ АҚ ТУЫ ЖЕЛБІРЕЙТІН КҮН ТУСА, ШІРКІН!

ТҮЙІН: 2020 жылдың 2 желтоқсаны күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режимде өтіп жатқан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) саммитінде Мәжіліс пен мәслихатта өтетін алдағы сайлау туралы ағынан жарылды. «Қазақстанда кезекті электоралды процесс басталды. 2021 жылдың 10 қаңтарына Парламенттің төменгі палатасы мен жергілікті органдардың депутаттарын сайлау белгіленді. Сайлау конституциялық мерзімде өтеді. Биыл біз теңдессіз демократиялық реформаларды іске асырдық. Ол реформалар көппартиялықты және саяси бәсекелестікті дамытуға, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған. Біз ашық әрі әділ сайлау өткізуге ниеттіміз. Әріптестеріміздің қолдауына үміттенеміз», — деді Тоқаев. Үлкен басын кішірейтіп ел Президенті сайлаудың әділ өтетініне кепілдік беріп отырғанда «бүйректен сирақ шығарғаным» жараспас. Бұра тартып бұрмалағаным жарамас! Қай елде болмасын, сайлау жақындаған сайын оған «қатыспаймын», «дауыс бермеймін» деушілер шығып жатады. Бұған да өз көзқарасымды білдіре кетейін. Жалпы, біздің елімізде азаматтардың сайлауға қатысуының еріктілігі қамтамасыз етілген, дауыс беруге қатыспаймын дейтіндер табылып жатса, оларды ешкім қолынан сүйреп сайлау учаскесіне апармайды, ол үшін дүре де соқпайды. Өйткені, сайлау туралы заңнамаларымызда азаматтарды сайлауға қатысуға немесе қатыспауға ешкім мәжбүрлемейтіні тайға таңба басқандай анық та нақтылы жазылған. Ал азаматтардың сайлау және сайлану құқығы Ата Заңымызда бекітілген. Демек, бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Менің ойымша, халықты басқару ісіне тартудың, демократияны дамытып, тереңдетудің аса маңызды тетігі болып табылатын сайлауға қатысу арқылы әркім өзінің ерік-жігерін білдіріп, елін

жауапкершілігін, азаматтық борышына адалдығын айғақтайды. Азаматтар сайлауға қатысу, дауыс беру, өз таңдауы арқылы елімізде оң өзгерістердің орнығуына ықпал ете алатындарын түсінулері керек. Осыны түсінбегендер битке өкпелеп, тонын отқа жаққанның кебін киюі бек мүмкін. Жасыратыны жоқ, арамызда «ешбір партияға сенбеймін» дейтіндер де бар. Олай болса, беріліп отырған мүмкіндікті пайдаланып, сайлауға қатысыңыз да өз ұстанымызды білдіріңіз, елдің саяси өміріне ықпал етіңіз! Болашақ үшін сіздің дауысыңыз маңызды екенін сезініңіз! Сырттай күңкілдеп, қырын қарап зіркілдеп ешкім ұшпаққа шықпайды. Халық осыны терең түйсінсе дегім келеді. Айтпақшы, сайлау қарсаңында үй ішінен үй тіккен Ассамблея аз болғандай кейбір қандас бауырлар «Парламентте неге оралмандар жоқ? Сырттан келгендердің жоғын кім түгендейді?» деп шыға келгені жарамады. Бұдан асқан жікшілдік болмас. Осы орайда журналист Қабиден Қуанышбайұлы әлеуметтік желіге былай деп жазба қалдырыпты. «Мен түсінбеймін. Қандастардан депутат неге жоқ деген сұрақтың өзі жөнсіз. Бір депутат қандастардың бар мәселесін шешіп тастай ма? Бір депутат барлық мәселеге шамасы жете ме? Айту керек болса депутат болмай-ақ айтуға болады. Айтылып та жүр. Айтып жүрген ағаларымыз да бар. Бірақ сырттан келгендерді бөле жарып, солардың, белгілі бір топтың мәселесі ретінде жеке қарастыру кімге тиімді. Онсыз да елдік мәселе жетіп артылады. Тұтас Қазақстан халқының мәселесін көтере білсе, соның ішінде күллі қазақтың бір бөлшегі ретінде қандастар ісі де қаралатынына сенемін. Сондықтан, әрқашан ел мәселесін көтергенде, оралманды бөле-жарып қарастыру жаны ашығандық емес, бөліну деп түсінемін. Қазақстанның кез келген мәселесі бәрімізді бірдей ойландыру керек қой. Осы биылғы сайлауалды бағдарламасында «Nur Otan» партиясы шеттен келген қандастар жайлы көптеген тиімді бастамаларға қолдау білдіріп отыр. Алға қуатты жоспарлар әзірлеп отыр» депті. Жөн сөзге тоқтаған халықпыз ғой, бұған уәж айтар жан табыла қоймас деген ойдамын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Президент болып тұрғанда айтқан бір сөз есіме түсіп тұрғаны. Біз ақырын-ақырын парламенттік жүйеге өтуіміз керек деген еді бір сөзінде. Ол кезде жете түсіне қоймап едім, осы күнде ойлап көрсем билікті халықтық басқаруға өткізудің қадамы екен ғой. Біздегі парламентің жағдайы қандай? Біз күткен халықтық сайлау, халық билігіне жақын ба? Алдағы сайлау қаншалықты өзгеше болады. Үміт те күдік те көп. Алғашқы парламенттік сайлау болған 1995 жылдан бері, 25 жыл өтіпті. Алғашқы депутаттар өкілеттігі 1996 жылғы 30 қаңтарда бірінші сессияның ашылуымен

басталған болатын. Әлі де күтер үмітіміз көп. Былтыр желтоқсан айында мемлекет парламентаризмнің жаңа моделінің 25 жылдығын атап өтті. 25 жыл. Аз уақыт емес. Халықтан, халық арасынан шыққан ел қалауларынан күтер үмітіміз көп. Қалай десек те биылғы сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгеше болмақ. Оның басты себебі: қалғыған аға буынды, табанды жас ұрпақ оята бастады. Қалың ел де бір саяси өзгерістің «жанартауы» атқылауын тағатсыз тосып жүр. Ендеше сайлауға сәттілік. Ел болашағы жарқын болсын! Әділ сайлаудың ақ туы желбіреп, билік халық десе елжіреп тұрсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

Сәуле Мешітбайқызы,

ҚР Еңбегі сіңген қайраткер