Сәнді нөмір, өміріңізді мәнді қыла ала ма?

Қымбат нөмірге қызығатындар көп

Бүгінде «темір тұлпар» тізгіндегендердің дені көлігінің көрікті көрінуі үшін небір амалдарға баратыны жасырын емес. Бірі техниканың терезелерін тұмшалап, түрлі-түсті суреттер жапсыратын болса, енді бірі ішкі бөлігіне  әртүрлі бұйымдарды ілуге құмар. Жүргізушілердің тағы бір тобы мемлекеттік тіркеу нөмірінің әдемі сандармен әрленгенін қалайды. Осыған орай, елімізде 2014 жылдан бастап бірдей сандары бар нөмірлер  саудаға шыққан болатын. Бұл  қадам  қалталылардың қалағанын  қанағаттандырумен қатар, бюджеттің де қоржынын қампайтуға септігін тигізетіндігі де белгілі. Осы тұрғыда облысымызда атқарылған жұмыстар аз емес. Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінге дейін 375  нөмір сатылып, қазынаға 108 миллион 215 мың 498  теңге түскен екен. Енді  1 қаңтардан еліміздің Салық кодексінеенгізілген өзгерістерге сәйкес, әдемі сандармен қатар, әріптермен де әрленген нөмірлер саудаланып  отыр.

Тараз қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Руслан Мұхтардың айтуынша, жаңа жүйе бойынша тіркелген нөмірлер аймаққа әзірше келмеген екен. Алайда, мамандар дайындық жұмыстарын бастап  кетіпті.

-Жалпы,  айлық есептік көрсеткішке орай, биыл автокөлік нөмірін қарапайым тіркеу құны 6734 теңге болып бекітілді. Алайда, «VIP нөмірлерге» қатысты мәселелер пысықталу үстінде. Өткен жылы бірдей сандармен  таңбаланған  нөмірлерге сұраныс жоғары болды. Жыл ішінде барлығы 76 нөмір сатылып, бюджетке 22 миллион 12 мың 311 теңге табыс түсірдік. Ерекше нөмірлерді сатып алудың ешқандай да қиын  ережесі жоқ. Жүргізуші келіп сөреде тұрған нөмірді таңдаса болғаны, біз оны ортақ базаға енгізіп, құжаттарын әзірлеп береміз. Енді бірдей сандар ғана емес, әріптермен де таңбаланған нөмірлерді күтіп отырмыз. Оған қажетті, қосымша жұмыстар жасалуда. Мұндай нөмірлер қалай келеді, солай саудаға шығарамыз, -дейді орталық басшысы.

Негізі жаңа талап бойынша таңбаланған нөмірлердің саудасы Астана, Алматы қалалары мен бірқатар облыстарда басталып кетті. Ал, Жамбыл жеріне жаңа жүйе енді келгелі жатыр екен. Десе де, «VIP нөмірлердің» құны қанша болатындығы халықты қызықтыратыны сөзсіз. Осы орайда, бұл мәселемен облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, мән-жайды анықтап көрдік.

Мұндағы мамандардың айтуынша, биыл  айлық есептік көрсеткіш 2 405 теңгені көрсетіп тұрғандықтан, 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707  сынды сандармен әрленген нөмірлердің бағасы 57 АЕК немесе 137 085 теңгеге  теңестірілген екен. Ал, қасына әдемі әріптер қосылған осы нөмірлер 274 170 теңгеге бағаланады.

100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999сынды нөмірлер болса, 137 АЕК немесе 329 485 теңге тұрады. Егер аталмыш нөмірлердің қасына қалауыңыздағы қаріптердіқосқыңыз келсе, 466 570 теңгеге шығындалуыңызға тура келеді.

Егер таңдауыңыз 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 сынды нөмірге түссе, 548 340 теңге төлейсіз. Осы сандардың қасында көрікті әріптер кескінделіп тұрсын десеңіз, 685 425 теңгені  ортақ қазынаға  құясыз.

Ал,қарапайым мемлекеттік тіркеу нөмірінің қасында тек әдемі әріптердің қаздай тізілгенін құп көрсеңіз, онда 137 085 теңге төлеуге тура келеді.

Байқап тұрсаңыздар, «VIP нөмірлердің» ең арзанының өзі 150 мың теңгеге жуықтап тұр. Саны да, әрпі де әдемі нөмірлердің ең қымбаты болса, жарты миллион теңгеден  асып жығылады.Енді бұл соманы  айлығынан шайлығын әзер ажыратып  отырған қарапайым тұрғындардың  қалтасы көтере ме?Бұл тұрғыда жұрттың пікірі де әралуан. Мысалы, он жыл бойы көлік тізгіндеп  келе жатқан жүргізуші Ержан Асқаровтың айтуынша, оған әдемі сандармен немесе әріптермен әрленген нөмір көк тиынға да қажет емес екен.

-Тараз қаласы мен Мойынқұм ауданының арасында жолаушы  тасымалдап жүргенімеон  жыл болды. Осы жылдар ішінде бір адам келіп, «Көлігіңнің нөмірі көрікті емес екен» деп айтқан емес. Мемлекеттік тіркеуден өткендігімді растайтын  қарапайым нөміріммен-ақ  талай жерге барып-келіп жүрмін. Шекара асып, Қырғызстан мемлекетіне де сан мәрте  жол тарттық. Нөмірге қатысты еш қиындық туған  жоқ. Егер қарапайым нөмірмен еркін қатынап жүрсем, не себепті «VIP нөмір» алам» деп тыраштанамын. Оған қоса, бағасы да шарықтап тұр. Сонда бар тапқанымды бір нөмір алу үшін жұмсап, соның бетіне қарап отырамын ба? Сондықтан мұндай нөмірді тегін берсе де алмаймын. Өзімнің байырдан үйреніп қалған нөміріме жететіні жоқ, -дейді Ержан.

Ал, жеке кәсіпкер Өмірзақ Шуылдақовтың  ойы тым бөлек. Ол соңғы үлгідегі «VIP нөмірлер» саудаға шыққан бойда  бірден сатып алатындығын айтады.

— Адамның болмысы мен бітімін  оның көлігінің нөмірінен-ақ байқауға болады. Сол себепті, мен әрдайым көлігімнің салонын жаңа үлгіде жабдықтап тұрамын. Өткен жылы бірдей сандармен таңбаланған нөмір алуды ойладым. Бірақ, сәл көңілімнен шықпады. Алайда, биыл сандармен ғана емес әдемі әріптермен де таңбаланған нөмірлер сатылымға шығатынын естіп, қазір сөреге қойылғанын тағатсыздана күтіп жүрмін. Және алатын кезде, өзімнің туған жылым мен есіміме, тегіме ұқсас таңбамен жазылған  нөмірді таңдасам деймін. Ол үшін ешқандай қаржыны аямаймын, -дейді Өмірзақ Шуылдақов.

Иә, осылайша қолы қысқалар жаңа нөмірлердің қажет еместігін, ал ақшасы барлар оны алуға ештеңесін аямайтынын ашып айтып отыр. Әрине, біреудің қаржысын қызғанған жарамас. Шамасы жетсе, қос-қостап нөмір алсын. Одан қазынаға пайда келмесе, зиян келмейтіні айдан анық.

Таяуда  Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев адамның есімі жазылатын нөмірлер шығаруды да  ұсынғаны тағы бар. Оның айтуынша, дамыған көптеген елдерде мұндай жүйе байырдан қолданыста көрінеді.

-Елімізде қаржысы бар азаматтар аз емес.Олардың ішінде автокөлігіне өз есімін немесе тегін жазып қоюға ниеттілер жетерлік. Неге осыны қазынаны қампайту  үшін пайдаланбасқа. Егер бір адам көлігіне өз есімін жазып алып жүрсе, одан мемлекетке қандай зиян келеді? Бұл тек машинаның  жекеменшік екенін айқындайтын белгі  ғана. Сондықтан бұл бастаманы сүзгіден өткізіп, қабылдағанымыз жөн, -дейді мәжілісмен.

Расында, көлікке иесінің есімі жазылған нөмірді тағу шетелде кеңінен қолданылады екен. Оған біз, ғаламторды шарлау арқылы  көз жеткіздік. Мәселен, Біріккен Араб Әмірлігінде  «1» деген  сан мен  есімі жазылған нөмірді жергілікті шейх  14 миллион долларға сатып алған. Ал, Ұлыбританияда автокөлік нөміріне «F1» деген инициал қойған кәсіпкер 10 миллион доллар төлеген. Сондай-ақ актер  Арнольд Шварценеггер  көлігінің нөміріне  «Терминатор» жазуын жазу үшін қомақты қаражатынан қағылған. Сол сияқты Ресей мен Украина мемлекеттері де бірер жылдан бері  автокөлік нөмірлеріне адам есімін таңбалау  жағын қарастыруда. Міне, осындай заңнама біздің елде де қабылданса, көлігіне өз есімін таңбалағысы келетіназаматтардың  аз болмайтыны тағы айқын. Ол қазынаға құйылар қосымша қаржы көзі.

        Қалай дегенде де, әзірге еліміз  әдемі сандар мен әріптері бар нөмірлерді саудаға шығаруға заңдық тұрғыдан рұқсат етуде.  Және жамбылдықтар жақын арада  қалтасы көтерсе, «VIP нөмірлермен» жүретіні анық болып тұр. Алайда,  жол жүру ережесі баршаға ортақ. Яғни, бай да, басқа да бір тәртіпке бағынады. Ал, адам есімі жазылған нөмірлер қолданысқа ене ме, әлде жоқ па, ол жағы  белгісіз.Бұл әлі талай талқылау мен нақтылауды қажет ететін дүние секілді.

Саятхан Сатылғанов