Атырауда батпақтан арылту әдістері іздестірілуде

Атырау қаласын батпақтан арылту проблемасы қала атанғаннан бергі айтылып келе жатқан өзекті тақырып. Осыған орай Атырауда дренаж жүйесінің құрылысы бойынша ғалымдардың ұсыныстары қабылдануда.

Облыстық әкімдікте  Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Атырау қаласында дренаж жүйесінің құрылысы мәселесі бойынша кеңес  өтті. Қала көшелеріне дренаж орнату проблемасын талқылауға қазақстандық белгілі ғалымдар мен тәжірибелі мамандар қатысты.  Кеңеске арнайы келген «Қазгеология» АҚ директоры, геология-минералогия ғылымдарының докторы, 2001-2002 жылдары Атырау облысының әкімі болған Серікбек Дәукеев, жеке ғимараттар мен нысандардан шығатын жергілікті жүйелер қосылатын орталықтандырылған магистралды дренаж жүйесін енгізуді ұсынды.

— 2001 жылы Атырауда дренаж жүйесін салуды мақсат етіп, қолға алдық. Мамандарымыз 7 елге барып, өзім Лондонда болып, олардың дренаж жұмысын зерттедік. Сол кезде Атырауда бірнеше іс тындырылды. Жол төсемдеріндегі су магистралды дренаж жүйесіне құйылу үшін барлық автокөлік жолдарына нөсер  канализациясын салу керек — деді академик Серікбай Дәукеев.

Геология-минерология ғылымдарының докторы Малис Абсаметов  дренаж суын қаладан шығармай, Атырау қаласының аумағында  саябақтары бар бірнеше су қоймаларына бөліп тастауды ұсынды. Кейін ол жерлерді тұрғындардың көктем-жаз мезгілдерінде қыдырыстап, демалатын орны етуге болады. Ғалымның сөзінше, дренаж суы төгілетін су қоймаларының құрылысы Еуропаның бірнеше елдерінде бар.

Атырау  облысының әкімі Нұрлан Ноғаев  барлық айтылған ұсыныс, жобаларды тыңдап, облыстың барлық аудандарына жер бедеріне, геологиялық орналасу жағдайына, жер асты суларының деңгейіне қарай бейімделген жеке тәсіл қолдану керектігін айтты.

— Осы факторлардың бәрі есепке алынып, жақсы ұсыныстар берулеріңіз керек. Біз өз кезегімізде әріптестікке әзірміз, ғылым өкілдері, тәжірибелі маман ретінде осы мәселені шешу жолдарын беріңіздер. Жер асты суларының көтерілу мәселесі оңтайлы шешімін табуы тиіс.  Атырау облысы мен облыс орталығы үшін қандай дренаж жүйесі маңызды болады. Соған лайықты ұтымды шешімді таңдауымыз керек, біз бірігіп жұмыс жасауға дайынбыз, — деді  аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев. Кеңесте облыс әкімі бірінші орынбасары Сағындық Лұқпановты дренаж мәселе бойынша комиссия төрағалығына тағайындап, жауапкершілік тапсырылды.

                                                                      Светлана Муньянова,

                                                                      Атырау облысы