{:kk}Рух{:}{:ru}Рух{:}

Рухтың он екі мүшесі бар. Олар: қажыр, қайрат, ождан, ар, намыс, ұят, абырой, сенім, төзім, үміт, иба, иман.

Қажыр қажыса, қайрат қартайса, ождан ортайса, ұят ұрланса, абырой тоналса, сенім семсе, намыс өлсе, ар азса, төзім тозса, үміт үзілсе, иба өшсе, иман көшсе– Рухтан не қалды?

Тәртіп тәлімі

Тәртіп бар жерде артық нәрсе жолда жатпайды. Үлкеннің де, кішінің де нәпсі тежегіші – ұлы мәртебелі Тәртіп! Үйрене білгенге үлгі, жирене білгенге нәкәстік жетеді. «Өзі болған қыз төркінін танымастың» керін келтіріп жүрсек, сөз басқа.

Сана сабағы

Сана-сезімінен ада-күде адам болмайды. Ол туабітті қасиет. Алғашқы әні – ана әлдиі, алғашқы дәмі – ана сүті, алғашқы дәні – ана мейірі. Өсе, есейе келе бұл міндет қоғам мойнына жүктеледі. Егер арамызда ата-ананы, үлкен-кішіні сыйлаудан қалған адам болса, оған кінәлі қоғам. Бойымыздағы рухани мүгедектікті типтік құбылыс деп түсінсек, қателескеніміз. Тән мүгедектігі тағдырдан, жан мүгелдектігі қоғамнан! Алғашқысынан жеке адам зардап шексе, соңғысы қоғам ағзасына аса қатерлі кесел! Оның қауіп-қатері бұрынғы оба, бүгінгі СПИД-тен де артық екенін бір сәт те естен шығармаған жөн.

Исраил Сапарбай