ҚЫЗДЫҢ ҚАСИЕТІ

(мысал)
Араққа бір табан жақын жігіт жақсы, қарапайым бір қызға үйленіпті. Ел қатарлы өмір сүріп, тапқанын отбасына әкеліп, арбасын сүйреп жүргенде әйелі тұңғыш перзенті – қызын өмірге әкеліпті. Қуаныштан төбесі көкке бір елі жетпеген әке отбасы үшін күні-түні еңбек етіп, табысын көбейте түсіпті. Осылай тырбаңдаған тіршілік деп жүріп әйелі тағы екі қызды дүниеге әкеліпті. Бұл кезде жігіттің жағдайы жақсарып, малы көбейген кезі екен. Үш қызы бойжетіп , ел ішінде оларға құда түсіп, ұзатылыпты.
Бір күні жігіттің жолдастары бас қосып отырып оны жолдан азғыруға тырысыпты.
– Сен осынша байлықты кім үшін жинайсың? Жастау әйел алсаң, ұл туып береді ғой, ұрпақ жалғар!
Осыдан кейін ол мүлде өзгеріп, елуге таяғанда үйленіп ұлды болыпты. Көп өтпей ел ішінде оба ауруы тарап адамдар жаппай қырыла бастайды. Үш қызы да, ұлы да төсек тартып жатқанда, әке Жаратқаннан ұлының өмірін тілеп жылайды. Оның тілегі қабыл болып, үш қызы көз жұмады да, ұлы жазылып кетеді. Әке болса көп өтпей ішқұсалықтан араққа салынып, мас күйі далада жаурап өліп кетіпті.
О дүниенің есігі ашылып, әке тозақтың отынан шыға алмай жатқанда, оның дауысын таныған тұңғыш қызы жүгіріп келіп, шырылдап араша түсіпті. Сонда әке оттың шетіне шығарылыпты. Көп өтпей екінші қызы келіп араша түсіпті. Әке үшін тозақ есігі ашылып шығар жол пайда болыпты. Үшінші қыз келіп араша түскенде, әке үшін жәннәт есігі ашылған екен. Осыдан кейін үш қыз өсіріп, тәрбиелеп, ұзатқан адам үшін жәннәттан орын бар деген сөз қалған екен………