«Қытайлық идеология» бейімдеу бүгін ғана басталып отырған жоқ…

— Жақында ҚХРмемлекеттік кеңесінің баспасөз қызметі «Шыңжаңның ішнара тарихи мәселелері» атты кітап жөнінде ресми мәлімдеме жасағаны белгілі. Аталмыш кітапта Шыңжаңды ұзақ тарихтан бері мекендеп келе жатқан ұйғырлардың тарихы мен діни сенімі туралы «басқаша» көзқарас айтылған екен. Осы төңіректе сіздің пікірлеріңізді білсек дейміз. Жалпы «ұйғырлар тарихтағы түркілердің ұрпағы болып саналмайды» деген «Қытайлық қортындыға» сіз келісесіз бе? Сонымен қатар  «ұйғырлардың ислам дінін ұзақ тарихтан бері ұстанбағандығы» айтылған екен. Бұл тұжырымдардың тарихи дәлелі мен саяси астары туралы не айтасыз?

— Жалпы Қытайда бұл мәселе ХХ ғасырдың бас кезінде яғни қытай демократиялық күштері саяси билікке келе бастағанда- ақ қозғала бастаған. Олар Цин империясынан қалған Қытай аумағындағы байырғы халықтардың тарихы мен этно-мәдени көзін анықтап оларды қытайдың идеологиялық мүддесіне барынша сидыруы керек болды. Сол үшін ХХ ғасырдың 30 жылдары арнайы «Шыңжаң Ұлттарын Зерттеу» комиссиясы құрылды. Комиссия құрамында қызмет еткен зерттеушілер осы төңіректе біраз кітаптарды баспадан шығарды. Сол жылдары Ауғанстан мен Кашмир жерінде саяси эмигрантта жүрген Қашқариялық ұйғырлардың жас зиялыларын өздеріне тартып, оларды Қытайдың жаңа концепциясына қызмет еттіруге тырысты. Бұл кездері Шыңжаңға ғылми экспедецсияға келген Еуропалық мамандардың да көші үзілмеген еді. Қытай билігі қалай болмасын Еуропадан бұрын қимылдауы керек болды. 1930 жылдан кейін Қытайда Түркология саласы қарыштап дамыды, бірақ «Шыңжаң мәселесінің» түпкі көзін анықтауда екі түрлі принциптік көзқарасқа бөлінді. Бірі, Шыңжаң тарихын көшпенді халықтармен байланыстырып жазу: Екіншісі, Шыңжаң тарихын Тарым ойпатындағы байырғы отырықшы халықтармен байланыстырып жазу; Осы екі мәселе қытай Түркітанушылары арасында ХХ ғасыр басында қызу пікірталастар ұласты. Сондықтан бұл мәселе бүгін пайда болып отырған жоқ деп анық айта аламыз. Бұл сұраққа сол себепті дұрыс я бұрыс деп кесіп айту қиын, өйткені Шыңжаң өңірінің этно тарихы өте күрделі екендігі белгілі. Сонымен қатар Қытайлық тарихшылар (саясиланған болса да) белгілі тарихи деректер мен негіздерге сүйене отырып айтып отырғандығын жоққа шығара алмаймыз. Ең бастысы бұл мәселе не үшін күн тәртібіне көтерілді деген сұраққа жауап іздеу керек. Бұның бірнеше түрлі себептері бар:

Бірінші, Қытайдың саяси элитасы будда мен даожияу идеялогиясына барынша мұрагерлік етуге тырысып христиан және мұсылмандық ықпалды әлсіретуге құлшыныс жасауда. Олар Шыңжаң, Цинхай, Гансу өңіріндегі исламдық мәдениетті анықтаудан гөрі дәл осы аумақтағы Индия мен Кашмир арқылы таралған Буддистік байырғы мәдениет іздерін көбірек насихаттауда. Бұл қытайдың ұстанып отырған саяси идеологиясына біршама жақын әрі Будда және Даожияо элитасының да оң жамбасына келіп тұр. Олар елдегі христиан және исламдық элитаның өркендеп, мемлекеттік деңгейде ықпалды кландарға айналуынан алаңдайды.

Екіншісі, Орталық Азия мен Ауғаныстанның геостратегиялық орналасуы Шыңжаң мен мұсылмандар шоғырлы қоныс тепкен Гансу, Цинхай және Нин Шия (дүңген автономиялы провинциясы) өңіріне мәдени, саяси ықпалын әлсірету үшін Шыңжаңның этнотарихын Орталық Азия елдерімен тығыз байланыстырудан алаңдайды. Бұған Орталық Азия елдеріндегі соңғы отыз жылдан бергі ұлттық және рухани жаңғыруын қоссаңыз тіпті күрделі болмақ. Сондықтан Қытай идеологтары бұл аймақты (Шыңжаңды) Орталық Азия елдерімен байланыстырғаннан көрі Иран және Пакистан елдерімен байланыстырғанды оңтайлы санайды. Сол себепті Шыңжаңдағы Түркілік мәдени іздерді барынша жасырып Парсылық ықпалдағы байырғы Соғды, Туфа халықтарының мәдени іздерін жаңғыртуға тырысып Иранмен байланысты жақындатуда. Иран елі Қытай үшін Орталық Азия мен Шыңжаңның арасындағы мәдени, этникалық тепе-теңдікті ұстап тұратын басты обьектив саналып отыр. Ираннан Қытайға саяси қауіп жоқ, мәдени қақтығыс та жоқ. Өңірде Ирандық ықпалдастық артқан сайын Орта Азиялық Түркі және Исламдық ықпалдастық әлсірей бермек.

Үшіншісі, Қытай түркітанушы ғалымдары ХХ ғасырдың 30 жылдары «Қытай Түрікшілдігі» дейтін мәселені көтерген еді. Яғни жалпы түркітану мен түркі өркениетін қытайдың саяси идеялогиясына бейімдеу үшін «қытай мүддесіне» барынша жақын қытайшыл түркітануды қалыптастырып шықты. 1944-жылға дейін «қытай түрікшілдігі» біршама ғылыми еңбектерді жарыққа шығарды. Сөйтіп Еуропалық Түркітану саласынан бөлек «Қытай түркітану» мектебі қалыптасты. Бұл ғылми мектептің бір ерекшелігі Қытай аумағында өркен жайған түркілік өркениетті, мәдениетті, саяси жетістікті дерлік «ұлы қытай» халқы жеңісінің бір бөлігі, айырылмас бір паршасы ретінде санады. Бұндай идеологиялық ұстаным арқылы қытай орталық Азия мен Еуропа, АҚШ күшерінің саяси идеологиялық ықпалын барынша әлсіретеміз деп санап отыр.

Елдес Орда, түркітанушы

«Qazaqstan dauiri» газетінен