«Қырымбектен қалған, Бердібек берген » 21 мың теңге қайда кетті?

2019 жылдың ақпан айының басын ала бақилық болған бес періштеміздің өтеуі тұрғысында дүниеге келген, бұрынғы Президенттің көп балалы аналарға деген атаулы әлеуметтік көмек түрінде шыққан Жарлығымен басталғанын білдік.
Ол Жарлықта бұрынғы Президент, көп балалы аналарға берілетін «21 мың» теңге туралы осы атаулы әлеуметтік көмекті (АЭК) заңдастыру үшін Үкіметке тапсырма берген еді.
Бұл кезде Біз өзіміздің бес періштемізден мәңгілікке айырылып қалған едік. Мен де, осы жолдарды көзіме жас алмай жаза алмай отырмын…
«Сенің Хан сарайындай жарқыраған керемет үйіңнің енді бізге қажеті жоқ?!» – деген өлең жолдары кімнің болсын сай-сүйегін сырқыратты.
Алайда, оның алдында Әлеуметтік қорғау министрі болған Мәдина Әбілқасымованың (мәжіліс депутаты болған Әбілқасымовтың қызы) көп балалы аналарға – 16 мың теңгені көп көріп, атағын шығарғанын білеміз. Бұл шешіммен келіспеген көп балалы аналар өздерінің қарсылықтарын көрсетті.
Осы Жарлықтағы «21 мың» теңгенің қайдан шыққанын білгіңіз келсе, ол сол кездегі тақыр кедейшіліктің әйтеуір өлмес «күнкөріс» мөлшері екенін де анықтадық. Сонымен, бұрынғы Президенттің төрт және одан да көп балалы Аналардың әрбір баласына «21 мың теңгеден берілсін» деген Заңдық күші бар Жарлығы да, менің білуімше, әлі күнге дейін талқылану үстінде, себебі, бұрынғы Президенттің бұл Жарлығын мүлтіксіз орындау үшін Үкіметтің «нұсқауы» керек болғанға ұқсайды.
Соған қарап отырып білгеніміз, Президенттің заңдық күші бар Жарлығынан да, тіпті Парламенттің қабырғасынан да шыққан – Заңынан да, қалай орындалуы керектігі жайлы жазылған «нұсқаудың» жоғары болғаны ма?! Өйткені, «21 мың» теңгенің мағынасы Жарлықта жазылғанымен, мазмұны «нұсқауда» берілген сияқты.
Мысалы, бұрынғы Президенттің көп балалы аналарға арналған «21 мың» теңге туралы Жарлығын орындау үшін, барлық отбасылардың әрбір мүшелерінің табысын, қоян, ешкі, тауық, тышқанына дейін есептетіп, оны тағы «өздері» құрастырған «бір мөлшерге» жетпесе ғана мемлекетті төлейтін еткен. Бұл тұжырымдаманы жазып отырған себебім: «21 мың» теңге көп балалы аналарға төленсін» – деп, шыққан Жарлық сиырқұйымшақтанып барып, ауладағы қой, ешкі, қаз, тауық, түйелеріне дейін есептетіп, содан кейін «бекітілген» бір мөлшерге, анығырақ айтқанда, үйдің тіркеуінде тұрғандардың табысын отбасындағы адам баласына шаққанда «20 мың» теңгеге жетпесе ғана «төленсін» деген нұсқаумен аяқталады.
Үйдің барлық табысы, адам басына шаққанда «20 мың» теңгеден асып жатса, бұл атаулы әлеуметтік көмек (АЭК) төленбейді. Сонда бұл көп балалы аналарға арналған көмекті төлетпейтін, ауладағы қой, ешкі, қоян, тышқандарына дейін есептеген «таңбаланған» мөлшерлемені биліктің қайдан алып, қайдан тапқандарын білмеймін.
Енді, бұл жарлықтың «құрылымын» қарап көрейік. Бұл өзі Заң ба, жоқ әлде, заңдық күші бар Президенттің жарлығы ма?! Шамасы, бұл бұрынғы Президенттің тапсырмасы, парламентте заңдастырылмаған Жарлық күйінде қалған жарлықты қалай орындату жайлы нұсқау шамасы – не үкімет үйінен, не министрліктен немесе «көп ақылы көл» демекші, екі жақтан да біріктіріліп шыққан сыңайлы. Сондықтан, бұл жарлықтың талабы «менің білуімше», тек «нұсқаумен» ғана орындалуы керек. Ал, «нұсқау» болса, ауладағы барлық тірі затты, жануарлар мен құстарды есептетіп шыққаны несі. Сөйтіп, бұрынғы Президенттің бұл заңдық күші бар жарлығы халыққа жәрдем бермек түгілі, елімізді, оның ішінде, тыныш жатқан көп балалы аналарымызды әуре-сарсаңға салып қойды.
Соған қарағанда, бұл «21 мың» теңге көп балалы аналарға арналмағаны ма? Ал, шындығына келгенде бұл Жарлықтың пәрмені төрт немесе одан да көп балалы аналарға көп бала тапқандары үшін «өтемақы» ретінде мемлекет тарапынан берілетін сыйақы емес пе еді?
Ол қалайша, аяқ астынан беретін, бергісі келмесе – бермейтін атаулы әлеуметтік «төлемге» айналып, шыға келді?! Ендеше, бұл атаулы – әлеуметтік «төлемнің» негізіне бойлап, мағынасына мән беріп, талдап қарасақ, төрт және одан да көп балалы аналарға арналған бұл заңдылыққа тікелей қойылған негізгі шарты бар екен, ол ең төменгі бала саны – әрбір отбасында 4 (төрт) баладан кем болмауы керек.
Қысқасы, 4 (төрт) баласы бар аналар көп балалы аналардың қатарына жатады, олай болса бұл меже көп балалы аналардың негізгі шарты болып табылатыны анық.
Сондықтан, негізгі шартты орындаған аналар бірден көп балалы аналардың қатарына кіреді де, көп балалы ана атағына ресми түрде ие болады. Сол себепті, бұл жерде шартты орындау парыз, әрі міндетті.
Енді, екінші мәселе, Президенттің заңдық күші бар жарлығын, парламенттен шыққан заңдарды мемлекеттің атқарушы билігі – Үкіметтің талқылап, саралауы заңды ма? Сөйтсек, заңды үкіметтің талқылауға құқы жоқ, ол тек атқарушы билік ретінде мүлтіксіз орындауға міндетті екен. Ендеше, заңды қалай орындату керектігі жайлы «нұсқауды» кім берген?
Бірақ, бізде заң жобасын парламентке сол мемлекеттік мекеменің өзі дайындап береді. Ендеше, Бізде заң жобасынан бастап, қабылданғанға дейін қарама-қайшылықтар көп.
Ол аздай, ауладағы қой, ешкі, қоян, түйе мен тышқандарды санатып қойған кім?!
Олай болса, бұрынғы Президенттің жарлығын талдаудың өзі заңсыздық екенін білдік.
Үшінші мәселе, бұрынғы Президенттің төрт және одан да көп балалы аналарға арналған жарлығын заңсыз-ақ «адами» қалыпта талдап көрелік.
Ал, оны «масылдыққа» айналдырып алған, ауласындағы қой, ешкі, қоян, түйе мен тышқандарын есептеген үкіметтің өзі.
Сондықтан, бұл Тәуелсіз Мемлекет тарапынан жасалып жатқан «жәрдем» ғана «Мағынаға» жатады, ал қалғандары ауа жайылған бос сөздер екенін жазғалы отырмын.
Осылай десек те, бұл ұлттық мүддеге негізделген заңдық күші бар жарлықтың ықпалымен көп балалы батыр аналарымыз, «қалайша көп балалы «масыл» аналарға айналды…
Сонымен қатар, кейбір жерлерде қазақ әйелдері көп балалы болғандықтары үшін, көп бала тапқандары үшін, мемлекетке кінәлі немесе жазықты секілді көрінеді, неге?
Әлде, бұл батыр аналарымыз еліміздің демографиялық ахуалын жақсартқандары үшін жазықты ма?! Және, бұл «масыл» сөзі кейін, айтыла келе-келе бұрынғы «жалқау» қазақтан «масыл» қазақты шығарған.
Алайда, мен бұл «пайымдаумен» түбегейлі келіспеймін. Себебі, біздің бұл «батыр» аналарымыз таңатпастан бір баланы бақшаға, бір баланы мектепке сүйрейді, үйіне келіп біреуіне сабақ оқытса, енді біреуін мектепке қайта апарып, басқасын алып қайтады. Келе сала, оларға тамағын беріп, сабағына кіріседі. Оның арасында үйдің де, өзінің де, құжаттарын жөндейтін, тағы басқа да көлденең жұмыстары толып жатыр. Сондықтан, біздің «масыл» сөзін тапқан «бос белбеу» шенеуніктеріміз көп балалы батыр Аналардың алдында кінәлі, борыштар ма деп те есептеймін.
Төртінші мәселе, алдында жазғанымдай, «21 мың» теңге аспаннан алынған жоқ, ол тек Қазақ еліндегі тақыр кедейшіліктің әйтеуір өлмес «күн-көріс» деңгейін көрсетеді. Алайда, атқарушы билік – үкімет қалайша оны – «10 мың» теңгеге түсіріп, қандай «ойлау» логика жүйесімен кімнің – кімдерге қалай дәлелдеп шыққандарын да түсінбеймін? Көп балалы аналарға арналған «өтемақыны» азайту, ешбір логикалық қисынға келместен, ол тек бюджетте «ақша жоқ» деген сылтаумен, бірден долбарлап, төтесінен – 50 пайызға қысқартылғаны ғана көрініп тұр.
Қазір, қайта, керісінше инфляция бағамы біршама өскендіктен, Қазақстандағы тақыр кедейшіліктің әйтеуір өлмес «күн-көріс» деңгейі – «31 мың» теңгеге көтерілгенін енді біліп жатырмыз.
Сондықтан, қазақтың әрбір баласына – шамамен «31 мың» теңгеден берілуі керек шығар. Алайда, оны осыған жауапты орындар қалай шешер екен?!
Кеңес Үкіметінің кезінде мынандай бір халықтық әжуа-сықақ сол кездің естелігі болып қалған болатын.
«Маленков берген байталды,
Хрущев келіп қайта алды.
Айналайын Брежнев,
Бие қылып қайтарды» – демекші, қазіргі Тәуелсіз Қазақ Елінде де «Қырымбектің қалдырғаны, Бердібектің бергені» деп айтып жүретіндей, осындай бір халықтық құрдас сөздің қалғаны да дұрыс шығар деген ойдамын?!