Ауылды аяққа тұрғызатын жоба

Жыл басы жамбылдық шаруалар үшін үлкен қуанышпен басталды. Бірер айдан соң басталатын егіс науқанында 200-ге жуық жаңа техника дала төсін дүбірге бөлемек. Бұл республика көлемінде алғаш рет қолға алынып жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» атты қанатқақты жоба аясындағы жұмыстардың бір парасы ғана. Техникалар кооперативтерге «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 5 пайызбен кепілсіз, лизингке берілуде.

Жуырда ауылшаруашылық техникаларын салтанатты табыстау рәсімі өтіп, оған облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, пилоттық он бір округте құрылған кооперативтерге 194 бірлік техниканы табыстады. Шара барысында аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, алдағы уақытта пилоттық жоба облыс тұрғындарының табысын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз септігін тигізетінін атап өтті.
Аталған жобаның төртінші бағыты – ауылшаруашылығы кооперативін қажетті ауылшаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету. Бұл бағытқа 1070,9 миллион теңге қарастырылып, ол қаржыға кооперативтерге қажетті техникалардың 29 түрінен 194 дана техника алынған болатын. Оның ішінде 33 трактор, 11 комбаин, 3 камаз көлігі және тағы басқа агро салаға қажетті 149 дана техника бар.
Атап айтқанда, Байзақ ауданы, Қостөбе ауылындағы «Қостөбе-2019» кооперативіне 14 дана, Түймекент ауылындағы «Түймекент-2019» кооперативіне 18 дана, Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылындағы «Іске Сәт» кооперативіне 22 дана, Жуалы ауданы, Бәйтерек ауылындағы «Атамекен Бастау» кооперативіне 19 дана, Қордай ауданы, Жаңатұрмыс ауылындағы «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативіне 19 дана, Меркі ауданы, Сұрат ауылындағы «Сұрат Даму» кооперативіне 19 дана, Мойынқұм ауданы, Айдарлы ауылындағы «Айдарлы Агро–2019» кооперативіне 13 дана, Сарысу ауданы, Саудакент ауылындағы «Саудакент 2019» кооперативіне 20 дана, Талас ауданы, Үшарал ауылындағы «Талас-2020» кооперативіне 18 дана, Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылындағы «Құмарық-Тау» кооперативіне 17 дана, Шу ауданы, Жаңақоғам ауылындағы «Омар-Шу» кооперативіне 15 дана техника табысталды. Айта кетерлігі, бұл техникалар Беларусь, Украина, Түркия, Ресей, Польша және өзіміздің отандық зауыттардан шыққан.
Сарысулық «Саудакент – 2019» ауылшаруашылығы кооперативі жалпы құны 88 миллион теңгені құрайтын 20 техника алыпты. Оның 3-еуі трактор, қалғандары агросалаға қажетті тіркемелер. Кооператив төрағасы Бақыт Жартыбаевтың айтуынша, округтегі 984 ауланың 901-і кооперативке кіруге өтініш берген. Қанатқақты жобаның екінші бағыты бойынша мал алуға 314 адам өтініш түсірген. Бүгінде 93 адам 265 миллион теңгеге мал алған екен. Оларды жем-шөппен қамтамасыз ету үшін ұжым осы техникаларға тапсырыс беріпті.
Кооперативтердің ішінде көп техника алып отырған да осы Сарысу ауданы. Қалғандары 19 бен 13 техниканың арасында бөліп алған. Бұдан бөлек, алдағы күндері 10 комбайн мен 10 шөпоратын техника алынбақ. Ол да кооперативтерге осылай таратылып берілетін болады.
Кооперативтерді жағалай аралап, әрқайсысымен жеке сөйлесіп шыққан өңір басшысы Асқар Мырзахметов негізгі рәсім тізгінін өз қолына алды.
– Былтырдан бастап бұл жобаның мақсатын халыққа түсіндіріп айтып келе жатырмыз. Ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламалар мен жобалар көп. Олардың әрқайсысының өз мақсаты, өз бағыты бар. Ал бұл қанатқақты жоба ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған. Біздің облыста бірінші рет қолға алынып отыр. Бұл жобаның бір артықшылығы, халықты жаппай қамтуға мүмкіндік береді. Мұны Президентіміз де қолдады. Кезінде бұл жобаға Елбасы да үлкен мән берген болатын. Үкімет біз сұратқан қаржыны толығымен берді. 7,2 миллиард теңге республикалық, 2 миллиард теңге облыстық бдюжеттен бөлінді. Бүгінгі таңда 9 миллиардтан астам теңге 10 аудандағы 11 ауылдық округке бөлініп берілген. Қазір бұл жоба Жамбыл облысында қалай жүзеге асырылады екен деп бүкіл республика қарап отыр. Жоба өз нәтижесін берсе, басқа округтерді де қамтитын боламыз. Сөйтіп республика деңгейінде таратылады.
Бұл жобаны бірден-бір іске асыру тетігі – кооперативтер құру. Өзі 5 бағыттан тұратын жобаның бір бағыты техника сатып алу. Бұл бірінші және екінші бағыттағы жұмыстарды іске асырудың бірден-бір тетігі. Осылайша ауладағы қолда бар, жаңа алынған мал мен құсты жем-шөппен қамтамасыз етуді көздедік. Егер біз жем-шөп мәселесін шешпейтін болсақ, жобаның ары қарай дамуы екіұдай. Сондықтан осының бәрі сараланды, есептелді. Қарап отырсақ, біз бөлген қаржының 6 миллиард теңгесіне 40 мың бас мал мен құс сатып алынады екен. Осының бәрін ұстап тұру үшін жем-шөп керек. Үй іргесіндегі жер телімінен шаруа жем-шөп жинай алмайтын болғандықтан кооперативтер құрып, техника бөліп бердік. Олар өздеріне тиесілі ауыл сыртындағы 2-3 гектар жерін игерсін, сол жерден мал азығын дайындасын деп осы техникаларды беріп отырмыз, – деген өңір басшысы Асқар Исабекұлы басқа да жоспарларымен бөлісті.
Жиналғандардың арасынан «Атамекен-Бастау» (Жуалы) мен «Даму-Сұрат» (Меркі) ауылшаруашылығы кооперативтерінің төрағалары Зайыр Сұлтанмұратов пен Дәуіржан Алтынбаев сөз алып, ауылды дамытуға мұндай мүмкіндік беріп отырған Үкімет басшыларына алғыстарын айтып, сенімнің үдесінен шығатындықтарын жеткізді.

Бекнұр Сатыбалдиев,
Жамбыл облысы