Қоршаған ортаға көңіл бөлінуде

Тілеуберді САХАБА

Биыл Екібастұз қаласындағы  «Богатырь Көмір» ЖШС қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарға 2 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсаған. Соның нәтижесінде өндіріс орнынан шығатын табиғатты ластаушы заттардың көлемі әжептәуір азайды.

«Богатырь Көмір» ЖШС директорының орынбасары Наталья Шулаеваның сөзінше, компания басшылығы табиғат тазалығына айрықша мән береді. Кәсіпорын алда бұдан да ауқымды жобаларды қолға алмақ. Атап айтсақ, келесі жылдан бастап ауаға таралатын зиянды қалдықтарды азайту және алдын-алу бағытында жаңа технологиялық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Яғни, 2020 жылы әрбір экскаваторға тұманды жер сулау әдісі бекітіледі. Мәселен, шаңды басу үшін электр машинаның қозғалмалы бөлігіне бұрын ауыз су құйылса, енді шахтадағы дренажды сулар пайдаланылады.

— Ккомпания қоршаған ортаны қорғау шараларын жүргізуге 1 956 562,8 мың теңге көлемінде қаражат жұмсаған. Бұл жылдың тоғыз айындағы көрсеткіш. Жылдық жоспар бойынша, табиғатты қорғау бағытындағы іс-шараларды жүзеге асыруға жұмсалатын қаражат көлемі  983 655 теңге болуы керек еді.  Бірақ біздің кәсіпорын бұл салаға бұдан әлдеқайда көп қаражат жұмсады. Сондай-ақ, кен өндіретін орындардағы  роторлы экскаваторлардың қазба жұмыстарынан кейінгі шығатын шаңды басуға 73 миллионнан астам теңге жұмсалды.  Соның нәтижесінде ластаушы заттардың көлемі 2,84 тоннаға азайды, — дейді Наталья Шулаева.

Биылғы жылдың тоғыз айында «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс орындарынан 550 тоннаға жуық қалдық көмілді. Оның біразы қайта өңделіп, кәдеге жаратылған. Бір атап өтерлігі, өндірістен шығарылатын қоқыс құрамына қарай жеке-жеке сұрыпталып, реттеліп, жиналады. Сондай-ақ, тұрмыстық немесе техникалық қалдықтардың темір бөлшектері де іске жаратылады. Осы қалдықтардың зияндылығын алдын ала жою мақсатына компания әкімшілігі  8 миллионнан жуық қаражат қарастырған екен. Өндіріс алаңдарын көгалдандыру, ағаш қорларын күтуге де 3 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылды.