Отбасы тұрақтылығы дәріптелді

Тілеуберді САХАБА

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, «Отбасылық академиясы» қоғамдық қорының қолдауымен және «Үміт үзбеу» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен облыс орталығында «Өнеге» форумы өтті. Жиында отбасы құндылығын сақтау мәселелері талқыланды. 

Шараға жоғары оқу орындары мен колледж студенттері және жаңа шаңырақ көтерген жас отбасылар қатысты. Жиынға облыстық билер кеңесінің мүшесі Аманкелді Хамзин, «Нұр-Ана әлемі» әлем қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова қатысып, көпшілікке отбасылық тұрақтылықтың, құндылықтардың негізі жөнінде дәріс оқыды.

Форумның негізгі үйлестірушісі «Үміт үзбеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гауһар Омарованың сөзінше, бұл ұйымның құрамында әртүрлі салада қызмет көрсететін 30-дан астам маман жұмыс істейді. Олардың мақсаты – қиындыққа тап болған отбасыларға қолдау көрсетіп, шығар жол сілтеу. Яғни, әртүрлі мәселелер бойынша түсінбестік туындап, оның соңы ажырасуға жақын тұрған отбасыларға әлеуметтік, психологиялық көмек беру. Міне, осының арқасында болмашы дүниенің салдарынан араздасып жүрген қаншама шаңырақ иелері қайта жарасым тауып жатыр. Сонымен қатар, кейбір азаматтарға заңдық және құқықтық көмек те көрсетіледі.

– Біз негізінен қиын жағдайға тап болған отбасыларға ақыл-кеңесімізді беріп, оларға сол тығырықтан шығудың жолын ұсынамыз. Ажырасудың алдында тұрған қаншама отбасын сақтап қалдық. Жарты жылдың ішінде 25 отбасыға және жекелей 80-нен астам адамға кеңес бердік. Мысалы, жақында бір әйел күйеуінің құмар ойындарына салынып кетуі салдарынан сотқа ажырасу туралы өтініш жазды. Біздің мамандар бірден іске кірісіп, ойынға кірген жігітті психиатрға жіберді. Үш мәрте психотерапия  алғаннан кейін жаман әдетінен арылып, отбасына қайта көңіл бөле бастады. Қазір бұрынғыдай тату-тәтті өмір сүруде. Сол секілді жұмысқа орналасуда және және әлеуметтік жәрдемақыларын рәсімдеуде түрлі кедергілерге тап болған азаматтарды жұмыспен қамту орталықтарына апарып, мәселелерінің шешілуіне ықпал етудеміз, – дейді Гауһар Омарова.

Шара барысында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері де көрсетілді. Осы форумға ата-аналары алып келген бес бірдей сәбидің тұсауы кесілді. Ал, облыс орталығындағы «Бонжур» сұлулық салонының, «Заиков» жеке кәсіпкерлігінің және «Ертіс» қонақүйінің өкілдері осы күні тұсауы кесілген бүлдіршіндерге ойыншықтар таратып, олардың аналарына косметикалық заттар сыйлады. Сонымен қатар, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ата-ана қамқорлығынсыз қалған 20 балаға 70 мың теңгенің сертификаттар берілді. Осы сертификаттармен оқушылар әртүрлі өнер, мәдениет, спорт үйірмелеріне және білім жетілдіру курстарына бара алады.