ҚАЗАҚЫ МАХАББАТ КҮНІ — 19 МАМЫР. НЕЛІКТЕН?

Жасандылық өтіріктен де жаман. Біздің елде 15 көкекті ғашықтар күні деп қауесетпен бекітіп алдық. Ол қауесеттің басы бір жылдары «Жас алаш» газетінің «Валентин күніне» жасаған шабуылынан басталған. Сөйтіп, ойдан 15 көкекті қазақ махаббатының күні етті.
Ал бізде шынайы кәдімгі махаббат айына татитын Мамырдың 19-ы бар болатын. Ол қазақы рухани құндылыққа татыған, бес ғасырдан артық тарихы арнайы атап өтілген және ЮНЕСКО-да тіркелген құндылыққа қатысты.
Әлгі жасанды күнге қарсы крест жорығын бастап, 2013 жылы іздеу жасадық. Содан нақты дата болса, осы «Қыз Жібек» филмінде болар деп, індеттік. Меруерт Өтекешова апамызға шығып білгеніміз: ол кісінің жадында 1970 жылдың 19 мамыры қалыпты. Өйткені сол күні ол бір топ қыздың ішінен кастингтен Жібек рөліне өтіп, дәл сол күні Құман ағамызбен танысыпты. Осылайша, 19 мамыр —  тарихта таңба болып басылған қазақы сезімді түлеткен дара күн. Фильм болса, классикалық құндылыққа айналды.
Ал күн болса, қыстың кетіп, жаздың шыққан, Табиғаттың түлейтін, сезімнің гүлдейтін шағына сәйкес.
Өкініштісі, әлі күнген не болса соған қойылып жатқан ескерткіш осы фильмге қойылған жоқ.

 

Серік Ерғали