ҚАЗАҚСТАННЫҢ I МӘДЕНИЕТ ФОРУМЫ ӨТТІ

Мәдениет пен өнердің ордасына айналған Алматы қаласында 27-28 мамыр күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ұлт рухы – ұрпақ мұраты» тақырыбында Қазақстанның I мәдениет форумы өтті.

 

Елімізде тұңғыш рет өткізілген форумда театр, кітапхана, музей, кино, архив сынды руханият саласында қызмет етіп жүрген 500-ге жуық өкіл бас қосты. Мәдени құндылықтарымыздың қазіргі жай-күйі мен жаһандану кезеңіндегі мәдениет саласының даму қарқыны туралы маңызды мәселелер ортаға салынған іс-шараға Жамбыл облысынан 10 делегат қатысты.

Форумның алғашқы күні театр, музей, кітапхана салалары бойынша секциялық жұмыстармен басталып, екінші күнінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен Абай атындағы опера және балет театрында арнайы жиын болды. Жиында алғаш болып сөз алған Дәурен Әскербекұлы алғаш рет өткізіліп жатқан ауқымды шараның мақсатын түсіндірді.

– «Кез келген мемле­кет­тің өркениетті елге айналуының ба­с­ты факторының бірі – сол ұлттың мә­дениеті. Ұлттық рухын жоғалтқан ел­дің ертеңі жоқ. Жаңа Қазақстан деп ата­латын маңызды кезеңде мемлекеттің идео­логиясына тигізетін мәдениеттің ық­палын сөз еткен форум тақырыбы «Ұлт рухы – ұрпақ мұраты» деп аталуы да сол себептен. «Жаңа бетбұрыс сая­си тұрғыдан ғана жаңару емес. Ол ұлт­тың мәдениетінен руханиятына де­йінгі, әлеуметінен әдебиетіне дейін­гі мәселені қамтиды.

«Өнер – адам бойын­дағы қабілеттің ең биік көрінісі» деген сөз бар, сол ұлы қабілетті игілік пен ізгілік арнасына бұра алатын да сіздер. Сіздер ғана тарихымызды тасқа қашап, сіздер ғана ұлт музыкасы мен өнерін, мәдениеті мен руханиятын ғасырдан-ғасырға жалғап келесіздер. Сол себепті де зиялы қауымды ұлттың ұяты, рух иесі деп бағалап жатамыз. Кез келген ха­лық­тың болмысы мен бітімін, тілі мен дінін айшықтағанда саясаткерін емес, алдымен ақыны мен жазушысын еске алады. Ағылшын тілін Черчилль мен Елизаветаның тілі деп еш­кім айтпай­ды, ұлы Шекспирдің тілі, фран­цуз тілін Напалеонның тілі емес, Гюго мен Дюманың тілі деп таниды. Біз де ұлты­мыздың шежіресін Қазтуған мен Шал­киіздің, Абай мен Ахметтің тілін­де жазуды білеміз. Осындай рухтың қай­нары – өздеріңізде», —  деді министр Дәурен Абаев.

Дәурен Әскербекұлы мәдениет қызметкерлерінің жағдайын жақсарту басты міндет екендігін өз баяндамасында ерекше атап өтті. Алайда бұл міндетті жүзеге асыру министрлік тарапынан жасалған қадамдармен ғана жүзеге аспайтындығын, «жұмыла көтерген жүк қашан да жеңіл» болатындығын жеткізді. Сол себепті Мәдениет министрлігі өз жауапкершілігіне ала алатын басымдықтарды атап өтіп, көпшілікке ұсынды.

Бірінші, отандық көркем туынды­лардың сұранысқа ие болуы мен бәсеке­ге қабі­леттілігі.

Екінші басымдық – маман даярлау мәселесі.

Үшінші басымдық – мәдени мекеме­лер­дегі жұмыс сапасы.

Төртінші басымдық – кино саласынан бастап кітап шығару ісіне дейінгі қаржыландыру мәселесінің әділ және ашық болуын қадағалау. Аталған басымдықтар мәдениет саласында қордаланған мәселелер екендігі және оны шешу бойынша арнайы іс-шаралар жоспарланып жатқандығы баяндама мазмұнында айтылды.

Министрден кейін форумға арнайы шақыртылған сегіз спикерге сөз кезегі берілді. Руханияттың әр саласы бойынша ой саралауға келген спикерлер түйткілді мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Олардың қатарында: Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын, аудармашы Бақыт Қайырбек, мәдениеттанушы, аудармашы Зира Наурызбаева, Димаш Құдайбергеннің әкесі, белгілі әнші Қанат Айтбаев, кинорежиссер Ермек Тұр­сынов, Канн фестивалінің жеңімпазы, актриса Самал Есләмова, өнертанушы Ольга Батурина, ре­жиссер Фархад Молдағали, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали болды. Спикерлердің бірі киноның көркемдігі, кітаптың мазмұндылығы, енді бірі ұлттық өнерді насихаттау, театр саласындағы олқылықтар, той мәдениеті, бейнелеу өнерінің бүгінгі қоғамға әсері туралы көзқарастарын ортаға салды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мәдениет қызметкерлерінің қатысуы қамтамасыз етілген форумда мазмұнды әңгіме, орынды ұсыныстар көп болды. Форумның соңын министр Дәурен Абаев былай қорытындылады:

– Алдағы уақытта балалардың атына арнайы карта ашылады. Үкімет ол картаға ақша бөледі. Бірақ бала ол картадағы ақшаны жұмсай алмайды. Ол ақша музейге, театрға барғанда ғана пайдаға асады. Бұл – жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жасалатын игі қадам.

Бұл алаңда той туралы айтылды. Той – қазақтың феномені. Ол зерттелуі керек. Оның жақсы-жаман жағы бірдей болғанымен, той – елді біріктіретін күш. Министрлік тарапынан қарауға дайынбыз. Ал кешегі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болған келеңсіздік – мәдениет форумында талқылауға тұрмайтын нәрсе, өйткені мәдениетсіздік көрсеткен жас жігіттердің әрекеті тәрбие мәселесіне көбірек келеді.

Сонымен қатар ұлттық мекемелерде жалақы мөлшері көтеріліп, жыл соңында мәдениет және өнер қызметкерлері үшін ұлттық сыйлықтардың тағайындалатындығы туралы қуанышты хабар форум соңында жария етілді. Форумның екінші бөлімі марапаттау рәсіміне ұласты. Нақтырақ айтқанда, республика бойынша салада ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, еңбегі сіңген 47 өнер өкілі «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен мара­патталды. Жамбыл облысы бойынша К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының директоры — Сейітқасым Түктібаев, А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының артисі — Жүніс Әлімбеков «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Бүкілқазақстандық форум алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын табу жоспарланып отыр.

Ғалия Абылай

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер

және құжаттама басқармасының баспасөз хатшысы