Қазақ қоғамында отбасының ырыс-несібесінің, берекесінің символы — қара қазан

 «Қазан» деген сөздің мағынасын зерделесек, ол-дәстүрлі қазақ қоғамында отбасының ырыс-несібесінің, берекесінің символы ретінде ерекше қастерленіп, қасиетті саналатын ас пісіретін ыдыс. Қара қазан – тоқтық пен мырзалықтың айғағы, сонымен бірге ол мол ас пен адалдық қазынасының бірлігі ретінде қастерленеді.
Қара қазанның символикалық белгісі туралы этнограф ғалым Сейіт Кенжеахметұлының былай деп жазғаны бар:

«Қазақ дастарқанына түсетін тағамдардың барлығы да, ең алдымен, қазаннан өтеді. Халық жай ғана «қазан» демей, оны «қара қазан» деп қастерлеп айтады. Бұл жерде «қара» сөзі қасиетті, киелі, берекелі деген ұғымды білдіреді».
Қара түс түркі дүниесіне, соның ішінде қазаққа да жат емес.

Қазақы ұғымда қазаннан айрылу құт-берекеден айрылумен тең саналған, кектес­кен, жауласқан жұрттың жауының мысын басу, рухани жер ету үшін қазанын тартып әкететін де жағдайлары болған. Бұл үлкен масқара саналған.

«Қазаның толы болсын», «Қазаның оттан түспесін» дегені қазақтың өзімен бірге жасасып келе жатқан алғысы, батасы. «Қазаның қайнамасын» деген қарғысты да қалдырған қазақ.

Келін толғатқанда жарыстыра қазан асып, толғақты жеңілдеткен де, бұл жоралғысына «Жарыс­қазан» деп ат қойған да осы атам қазақ. Сый­лас, құралыптас адамдардың «қазан шегелей келдік» деп астарлап бір-біріне қыдырыстайтыны да осы ас иесі – қара қазанға қатысты.