Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына  арналған «Қасымтанудың қазіргі мәселелері» атты  халықаралық дөңгелек үстел

27 мамыр күні академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Қасымтанудың қазіргі мәселелері» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ZOOM платформасы арқылы еліміздің әр өңірінен ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, әдебиет сыншылары қосылды.

Жиында сөз алған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов ақынның 110 жылдық мерейтойына орай аймағымызда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатынына тоқталды.

 

 

ҚарУ ректоры Нұрлан Дулатбеков: «Қасым – қазақ поэзиясында ерекше орны бар тұлға. Қасым – Абай әлемдік деңгейге көтеріп, Сұлтанмахмұт, Мағжандар түрленткен, әйткенмен, жұртты жаппай қырып-жою, ұлттық жадынан айыру кезеңінде түбірімен құрып кетуге жақындаған, тәркілеу жылдары, аштық нәубетінде сансырап, саяси қуғын-сүргін науқанында қансырап қалған қазақ поэзиясын қайтадан төрт аяғынан тік тұрғызып, халықтың игілігіне айналдырған классик», — дей келе, дауылпаз ақын поэзиясындағы өршіл рух, отаншыл леп оны тұтас ұлт ақыны ретінде әйгілегенін атап өтті.

 

 

Дөңгелек үстелдің қатысушылары өз баяндамаларында Қасымның ақындық миссиясына, Қасымның стильдік даралығы мен жаңашылдығына, Қасымның шығармашылық зертханасына, Қасым шығармаларындағы ұлттық құндылықтардың берілу жолдарына, Қасым жырларындағы Орал образына, «Қасым» журналының шығармашылық мұратына, ақын мұрасының игерілуі мен зерттелуіне тоқталып, ақынның шығармашылығын әр қырынан ашып көрсетті.

 Жомарт Шаймұрат