Байқоңырды жаппай, зобалаң тыйылмайды!

Арқадағы ақбөкендердің басына орнаған зобалаң тыйылмай тұр. Бұған дейін екі аяқты айуандардың қатыгездігінен жаппай қырылса, биыл оларды көктемдегі жұт жалмады. Байқоңырдан зымыран ұшқанда Арқаның ауа-райы күрт өзгеріп, қыстың өзінде жаңбыр жауады. Ақмола облысы, Қорғалжын ауданының тұрғындары алғашқы жауын биыл 18 ақпанда жауғанын айтады. Одан кейін жаңбыр үш рет жауған. Тіпті, наурыз айында 7 сағат бой толассыз жауған жауыннан, күннің бір жылынып, бір суығанынан қатқан көк мұздан түз тағылары оңбай қырылды. Сайын далада, төбе-төбенің басында қырылған киіктердің өлексесі шашылып жатыр.

Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жыл басынан бері елімізде 207 ақбөкеннің өлексесі табылды деген ақпарат берді. Мұндай факті Астрахань, Егіндікөл, Қорғалжын, Целиноград аудандарының аумағында тіркелген. 207 дегені Қорғалжын қорығы аумағында ғана табылғаны ғой. Жергілікті тұрғындар Партсъезд, Талдысай, Баршын, Соналы ауылдарының аумағында киіктердің көп қырылып жатқанын айтады. Нақты қанша киік қырылғанын ешкім санай алмайды. Бірнеше (4-5 немесе 5-6) мыңға жеткені анық. Бірақ бұл сұмдық туралы шындықты құзырлы органдар халықтан жасырып отыр.

Аштықтан жан сауғалаған ақбөкендер азық іздеп жанұшырып, ауыл-ауылға дейін кіріп кеткен. Жуырда сондай бейнежазбаның екеуін алдым. Бірі – Баршында, екіншісі – Сабынды ауылында түсірілген. 10 шақты киік Қорғалжын ауылына кіріп кетіпті. Текті жануарлардың әлсіздігін пайдаланған бір оңбағандар текелерінің мүйізін кесіп алыпты. Айтпақшы, «Охотзоопром»-ның қызметкерлері қарды күреп, далаға шөп шашқанымен түз тағылары ол шөпті жемейді екен. Қорғалжынның халқы киік түгілі, жылқылардың да құлын тастап, көтерем болып құлап жатқанын айтып, дабыл қағуда. Оған да құлақ асқан жан жоқ.

Киелі жануарлар жұттан адамдардан араша сұрады. Бірақ бұл зобалаңның да адамның қолымен жасалғанын білмейді-ау. 1993 жылы да осындай жағдай болып, арып-ашыған ақбөкендер ауылға, мал қораға тығылған. Бәріне ауа-райы кінәлі дейміз-ау! Бұрын-соңды қыстыкүні жаңбыр жаумайтын еді. Қазір Байқоңырдан зымыран ұшса, қыстыгүні де жаңбыр құйып тұрады. Ресейліктер малдың, жан-жануарлардың жүдеген кезін күткендей ұшырады. Биылғы жұт – осыған дәлел.

Байқоңыр қазаққа сор болып тұр, қайтейік! Өткенде Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, Байқоңырдан құрамында гептилі бар шикізатты зымыран отыны ретінде пайдаланатын зымыран-тасығыштарды ұшыруға тыйым салу мәселесін қарауды ұсынды. «Байқоңырдан ұшырылған алғашқы ғарыш кемесінен бастап (1959 жылдан бері) Қазақстан жеріне және Алтай өлкесіне 600-ден (!) астам зымыранның қалдықтары құлаған. Уыты аса жоғары «қоқыстың» салмағы – 3 мың тоннадан асады! Байқоңырдан ұзақ уақыт бойы «Протон», «Циклон», «Днепр», «Циклон-М» зымырандары ұшырылып келді. Олардың қозғалтқышына сұйықтық ретінде диметилгидразин мен гептил қолданылды. Гептилдің қауіптілігі сол, бір литр суға микрограмы араласса, адам өліміне әкеледі. Мәжіліске Жезқазған өңірі тұрғындарынан Байқоңырға қатысты хаттар көптеп келуде. Халық әсіресе космодромның қоршаған ортаға жағымсыз әсері салдарынан аймақта жүйке жүйесі мен ісік ауруларының көбейіп кеткеніне қатты алаңдауда. Қарағанды облысы онкологиялық аурулар бойынша республикадағы бестікке кіреді» деді сауалында депутат. Жөн сөз. Халықтың сөзін жеткізді. Алайда, депутаттың бұл жанайқайына Үкімет басшысының құлақ асатынына өз басым сенбеймін!

 

 

Осыдан екі жыл бұрын, 2019 жылы 29 наурызда Әлімжан Құртаев бастаған Сенат депутаттары (А. Бейсенбаев, С. Еңсегенов, М. Жолдасбаев, М. Көбенов, Е. Мамытбеков, Е. Сұлтанов, М. Бақтиярұлы, Н. Қылышбаев) Премьер-Министр А. Маминге киіктерді қорғау бойынша жеке заң қабылдау жөнінде ұсыныс айтып, сауал жолдады. Үкімет басшысы сол кезде заңдарға енгізілген өзгерістерді тізбелеп, «жеке заң қабылдауды орынсыз деп есептеймін» деп сырғытпа жауап қайырды. Ол киік атуға мәңгілік мораторий енгізу, Қорғалжын-Теңіз аумағында ұлттық парк құру, ақбөкендерді қорғайтын ұйым мен қоғамдық қор құру туралы бастамаларды да қолдаған жоқ.

Қазақстанда киіктерді мұндай жұттан қорғайтын жүйе жоқ. Себебі, ондай жүйе де, заң да жоғары лауазымды шенеуніктерге керек емес! Бұлай қол қусырып отыра берсек, түз тағылары тұқымымен тұздай құриды. Ұлттық парк ашу туралы идея осы мақсатта айтылған. Жемқорлардың «асқазанындағы» миллиардтардың бір бөлігін осы мақсатқа жұмсасақ, Алланың алдында өте бір сауапты іс жасаған болар едік. Бірақ… осылай жасап, сауапты іс қылу ешкімнің ойына келер емес.

Мәселен, соңғы 15 жылда Байқоңырдан ұшқан зымырандардың 4 ірі апаты тіркелді: 2006, 2007, 2013 және 2018 жылдары. Соның соңғысы Ұлытау ауданының аумағына құлаған «Союз МС-10» және «Союз-ФГ» зымыран-тасығыштары. Қазақ ғалымдары топырақты тазартуға 10 жылдан 30 жылға дейін уақыт қажеттігін дәлелдеген. Байқоңыр бізге сор болды! Сорымыз емей немене, Ресейдің құлаған бір зымыраны топырақты 20-30 жылға зақымдап, күйдіріп жібереді екен. Демек Ресейден Байқоңырды жабуды халық болып талап етуіміз керек!

Өткенде Қазақстанға Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров келді. Біздің Сыртқы істер министріміз Мұхтар Тілеуберді онымен кездесуде Байқоңырдан ұшқан зымырандардың кесірінен қазақ даласында жазықсыз жануарлардың қырылып, адамдардың ауруға шалдығып жатқанын айта алмады. Осылайша, қазақ өз жерінде отырып, көрші елдің өктемдігінен құтыла алмай, пұшайман күй кешуде. Абайтанушы ғалым Сұлтан Ыбырай айтқандай, «ақбөкен байғұстың тағдыры қазақтың өз тағдыры сияқты» болып тұр.

Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Арман Қожахметов: «Ғалымдардың тұжырымдары бойынша гептил өте улы және қауіпті зат. Топыраққа түсіп, ол ерімейді және жоғалмайды. Тазалауға 10 жыл немесе одан да көп уақыт кетуі мүмкін! Ресейлік ғалымдардың пікірінше, гептил қатерлі ісік пен орталық жүйке жүйесінің ауруларын тудырады. Сондықтан біздің еліміз зымыран сатыларының құлауының барлық аудандарын дербес бақылауға тиіс. Ластанған жер және су учаскелерін залалсыздандыру технологияларын іздеумен айналысу қажет. Жыл сайын осы аудандарда тұратын халықты медициналық тексеруден өткізу керек. Біреуге үміттеніп отырмау керек. Әрине, бұл іс-шаралар ақша талап етеді» дейді. Оның пікірінше, гептилмен ұшатын зымырандарды тоқтататын кез келді. Біз жаңа ғарыштық технологияларды меңгеру үшін ғалымдарымызды, инженерлерімізді оқытуымыз керек. Байқоңыр қаласында тұратын адамдар туралы да ұмытуға болмайды. Бұл 36 мыңнан астам адам, егер ғарыш айлағы жабылса, олардың көпшілігі жұмыссыз қалады. Сондықтан ғарыш айлағы жұмыс істеуі керек, бірақ қауіпсіз жұмыс істеуі керек.

2026 жылдан бастап Ресей Байқоңырдан «Протон» зымыран-тасығышын ұшыруды мүлдем тоқтатады. Мұндай жаңалықты Мәжілістегі отырыста Цифрлық даму және аэроғарыш министрлігінің басшысы Бағдат Мусин жариялады. Сонда деймін-ау, 5 жылда қаншама зымыран апатқа ұшырап, қазақ даласының топырағы тоз-тоз болып, адамы мен жан-жануарының өміріне үлкен қауіп төнетінін біліп, қол қусырып қарап отыра береміз бе?!.

Айтпақшы, биыл 12 мамырда мәжілісшілер осы мәселені қызу талқылап, Ресейден өтемақы талап етуді де тілге тиек етті. Басқосуға қатысқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов Ресей билігінің осы кезге дейін өтемақы төлеу мәселесіне немқұрайдылықпен қарап келе жатқанын ашық айтты. «Мысалы, соңғы жылдардағы екі ірі апатты алайық. 2013 жылы шілде айында Байқоңырдан ұшқан «Протон-М» зымыран-тасығышы апатқа ұшырады. Оның бортында 600 тонна гептил, диазот тетраоксиді және керосин болған. Бәрі ауаға, топыраққа тарады. Ал, 2018 жылы болған «Союз-ФГ» зымыран-тасығышының апаты нәтижесінде Қазақстан аумағына 22 тонна зымыран отыны төгілді. Ресей тарапы бұның ешқайсына өтемақы төлеген жоқ» деді М. Сыздықов.

Біздің биліктегі халқына жақын тұлғалардың бірі, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин сол жиында: «Ресейдің бюрократиясынан қазақ халқы неге зардап шегіп отыра береді? Өтемақы төлеу мәселесін тездетіп шешуіміз керек!» деп батыл мәлімдеме жасады. Ол зымыран тасығыштың қалдықтары құлаған аудандар халқының экологиялық жағынан үлкен зиян шеккенін тілге тек етіп, құзырлы министрлік басшысы Бағдат Мусинге: «Ресей тарапынан  өтемақы төлеуді талап ету таралы ережелер, шарттар айқын көрсетілген заңдық құжатты тездетіп дайындаңыздар!» деген тапсырма берді. Демек, сең қозғалды деуге болады. Бірақ… бұл істің қалай жүзеге асырылатынын уақыт көрсетеді.

Сөз түйіні:

Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігі өткен жолы Батыс Қазақстан облысында 375 киік бір мезетте найзағай түсіп, қырылып қалды деген өте күлкілі ақпарат таратты. Мұндай өтірікке еңбектеген бала да сенбейді. Қазақ даласындағы киіктер гептилден келген тажалдан қырылып жатыр! Осыны ашық айтып, зобалаңды тоқтататын кез келді. Әйтпесе, ертең ұрпақтың да, заманның да алдында үлкен күнә арқалаймыз!

 

Төлен ТІЛЕУБАЙ