ҚАШАҚҰЛЫ ДОСЖАН ИШАН (1815 – 1890)

Өмір бойы аттың жалы мен түйенің қомында жүрген қазақ байқампаз, ат сүрінгенше ақыл табатын сұңғыла болды. Көз ұшында көрінген жолаушының атқа отырысына, тымағы мен шапанына, ер-тұрманына, қамшылау мәнеріне қарап ақ, оның қай өңірдің және қай рудың адамы екенін айтқызбай біліп отырған. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деп, аңқылдаған мінездің арқасында алыс-жақынның хабарын түгел естіп, «ұзын құлақ» ақпарат желден озып кете берген. Сондай жөн сұрасудың бір түрі – төрт жақсыны сұрау. Төрт жақсының қатарында әрбір ру-тайпаның жүгінетін пірі, ел қорғайтын ері, етек-жеңі кең, қайырымды бай-мырзасы, тура сөзді биі айтылады екен. 18 ғасырда табын Досы би төрт жақсы туралы сөзді былай өрнектепті. «Бірінші жақсы – піріміз Асан қожа хазірет. Екінші жақсы – Ер Барақ. Үшінші жақсы – көңілі даладай кең Құдайсүгір мырза. Төртінші жақсы – халқы кімді қаласа сол биі болады» деген екен. Жұрт бірауыздан мақұлдап, Досы бидің өзін төрт жақсыға қосыпты деседі. Ал XIX ғасырдың аяғында ақын Кердері Әбубәкір «Досеке пірі болды Кіші жүздің, Раушан нұры болды түсіміздің» – деп жазған.

«Досеке, Дошеке» – Досжан хазіреттің ел аузындағы есімі. Азан шақырып қойылған аты – Досмұхаммед. Ол есімі дін тарихында қалған ардақты тұлғалардың бірі. Досжан ишан 1815 жылы қазіргі Ақтөбе облысының  Доңызтау аумағында туған. Солтүстік Үстірт жазығы мен оған көршілес жатқан Сам құмын, Ембі шөлін қоныстанған табын руының шөмішті тармағы, қоңыр бөлімінен шыққан. Әкесі Қашақ ескіше сауатты молда болған. Досжан алғашқы діни сауатын әкесінің көмегімен ашады. Орынбордан он сегіз шақырым жердегі Қарғалыда он жыл  оқыған. Алғашқы қажылыққа 16 жасында аттанып, жолда Түркия дін ғұламаларынан дәріс алып білімін тереңдеткен. Досжан 1832 жылы Құран Кәрімді, Мұқтасарды жатқа оқып, Меккеден 17 жасында жас хазірет деген атпен елге оралады.Сосын Хиуа, Үргеніш, Бұқара қалаларында білімін жетілдірген. Олдан атты пірге қол беріп, Досжан ишан атанған. Елге келіп Доңызтаудағы Тасастау қайнар алқабында өзінің бірінші мешіт-медресесін салдырып, табан аудармай 18 жыл бала оқытады. Мыңға жуық шәкірт тәрбиелеп шығарған. Хазірет Досжан ишан 75 жыл өмір сүрген. Соның отыз жылын дін ғылымын оқуға, қырық жылын ұстаздық қылып шәкірт тәрбиелеуге арнаған. Екі жерде мешіт-медресе салдырған. Үш рет қажылық парызын орындаған. Екі мыңнан астам шәкірті аяғы жеткен жерге барып ілім-білім таратқан. Ислам дініне тек намаз, ғибадат деп қана қарамай, оған өнер, ғылым, өркениет деп қарау керек екенін ишан-ахундар оны өте терең түсінді. Парыз бен қарызды жақсы ұғынып, табандылықпен оқуды, пайдалы кәсіп жасауды қолдады. Егіншілік, бау-бақша, адал сауда жасауға шақырды. XIX ғасыр аяғы мен XX ғасыр басында қазақ даласындағы исламды профессор Алма Қыраубайқызы «Қазақ ренессансының қайнары» деп атаған. Себебі әрбір мешіт-медресенің ішінде діни сауаты өте жоғары ишан, ахундар отыратын.

 

 

 

Ишан – діни-рухани дәреже. Өткен ғасырларда рухани кемелдікке жеткен әулие адамдарды «ишан» деп құрметтейтін болған. Бұл мәртебе аймақтағы дінбасыға,  медресе ашып, бала оқытқан діни ұстазға немесе елдің көзін ашқан, ауру-сырқауларды емдеумен айналысқан адамдарға берілген. 2019 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институты жүргізген зерттеу кезінде мешіт астынан қылует бөлмесі табылды. Қылует – уақытша елден жырақтанып Хақ тағаламен бірге болу, пендешілік ойлардан арылып, жүректі тазартуға бағытталған шара. Бұл өз кезегінде діннің бұйрықтарына, Пайғамбар сүннетіне сай әрекет етіп, намаз, ораза, Құран оқып ықыласпен құлшылық жасау, аз тамақтану, аз сөйлеу, аз ұйықтау арқылы жүзеге асқан.

 

Ресей патшалығы қазақ ұлтын бөлшектеп, шоқындыру саясатын жүргізе бастағанда, Досжан ишан бірлік пен ағартушылыққа шақыратын Ислам дінін мейлінше кең таратуға тырысқан. Ресей патшасына, Орынбор губернаторына қайта-қайта хат жазып, қазақ үшін бөлек мүфтилік сұраған. Діни білімін тереңдету жолында, қажылық сапарда жүргенде өзге ұлттардың тұрмыс-тіршілігін, ғылым-білімін зерттеген. Көшпелі өмірдің заманы өткенін терең түсініп, ел арасында оқу-білімнің пайдасын, отырықшы және егінші өмірдің берекесін насихаттаған. Саудагер делдалдарға жем болмау үшін қазақ жастарын сауда-саттыққа жетік болуға шақырған. Он гектар жерге бау-бақша, егін салып, өнімін күзде Орынбор көпестеріне көтере сатып, керекті тауарларды тапсырыспен алдырып отырған. Мешіт жанындағы медреседе бір мезгілде 150 шәкірт оқыған. Кедей және жетім балаларды тегін оқытып, шәкірттердің тамағы мен керек-жарағын егіншілік пен сауда есебінен жауып, мешіт-медресе өзін-өзі жабдықтап отырған. Замана талабын терең түсіну, оқу-білім мен пайдалы кәсіпті меңгеру, әлемдік бәсекеге қабілетті болу деген талаптар қазір де күн тәртібінде тұр.

 

Досжан ишанның екінші қажылық сапары 1874-1876 жылдар аралығы. Сапарлас серіктері ішінде  генерал-полковник Ғұбайдолла Жәңгірханұлы және Құнанбай Өскенбайұлы болған. Бір деректерде хазіреттің екінші қажылық сапарында тәкия салуға берік бекініп барғаны айтылады. Ойын Құнанбаймен бөлісіп, жер, құрылыс материалдарын сатып алады, ресми қағаздарын реттейді.Қағаз реттеуге шыққандарында үлкен кедергіге кездеседі. Сол кездегі араб билеушілері: «Қазақ деген жұрттың мұсылман екенін дәлелдейтін құжат әкеліп тапсырыңдар» деп талап қояды.Орындауға бір жыл мерзім береді. Досжан бұл құжатты жасау үшін Қазан, Уфа, Самарқанд, Бұхараны аралап, «Қазақ шежіресі» еңбегін жазған. Бұқарада оны растайтын мөр соқтырған. Сөйтіп арабтарға дер кезінде жеткізген. Үй дайын болған кезде Құнанбай қажы: «Досжанның еңбегі де көбірек сіңді, қаржысы да көбірек жұмсалды. Сондықтан Тәкиені соның атымен атаған дұрыс» депті. Сөйтіп 120 қазақ қажының бірлігі мен жинаған қаражаты белгісіндей Мекке қаласында «Қазақ тәкиесі» атанған қонақүй салынған.

 

«Қасиетті Қазақстан» тізімінде «Досжан ишан мешіті» тарихи ескерткіші бар. Бұл діни орталық 1868-1927 жылдарда жұмыс істеген. Сол маңайда 1931 жылы Шұбарқұдық кенті салынған. 1944 жылы Шұбарқұдық станциясы ашылған. Шұбарқұдық 1972 жылы Темір ауданының орталығына айналды. Досжан хазірет ұстаған Құран кітабы мен жеке мөрі бар. Құнды жәдігерлер ишан ұрпағы Асқар Хабибуллиннің қолында. Оны ұрпақтары кеңес билігі заманында ұнның ішіне жасырып сақтаған.

Қазір Досжан ишан қабірі үстіне еңселі кесене тұрғызылды. Ақтөбе облысы әкімдігі мен ақтөбеліктер тарихи ескерткіш кешенін қамқорлыққа алу жұмыстарын әлі де жалғастыру үстінде. Замандасы, белгілі ақын Әбубәкір Кердері Досжан хазіретті «асыл сөзді, кең көкірек, орта бойлы, терең ойлы, жұмсақ мінезді, сабырлы, берекелі, дәулетті, құдай жо­лында көп еңбек еткен, дұш­панға да пәле ойламаған, бұ­қа­раға сөзі ем болған; сабырда – Аюб пайғамбарға, мақамда – Дәуіт пайғамбарға ұқсас, пиғылда – Расулымдай жайлы, дәулетте – хақ Сүлеймендей салтанатты болған» деп суреттеген екен. Қазақта «Тірінің қадірін біл, өлгеннің қабірін біл» деген сөз бар. Қазақ елі үшін еңбек еткен асылдарды айта жүрейік.

 

Авторы Айшуақ Дәрменұлы

8 701 413 7333