Қарағандылық археологтар Байбала қорымынан табылған заттарды зерттеуін жалғастыруда

Байбала түрік қорымындағы археологиялық қазба жұмыстарымен бірнеше ай бойы Қарағанды облысының археологтар тобы айналысуда.
Олардың жұмысының нәтижесінде келесі жылы Шет ауданында Талды тарихи-археологиялық паркін ашу жоспарлануда.
— Талды аумағында құрылып жатқан тарихи-археологиялық парктегі археологиялық зерттеулер екінші жыл өткізіліп келеді, «Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ-нің барлық жұмыстары облыстық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. Саябақтың өзі тарихи және мәдени ескерткіштер тұрғысынан бірегей болып табылады, — дейді археологтар тобының жетекшісі және облыстық өлкетану мұражайының жалпы тарих бөлімінің меңгерушісі Әділ Мәкен.

 

Байбала қорымы шағын төбеде, грейдерден 80 метр қашықтықта, Талды және Ақшоқы ауылдары ауданында орналасқан. Алынған материалдың негізінде кешен VI-VIII ғасырларға жатқызылады. 252 шаршы метр аумақты үздіксіз қазу әдісімен археологтар кремация рәсімінің іздерін және керамикалық ыдыстардың фрагменттерін тапты. Жануарлардың шашыраңқы сүйектері де табылды, олар еске алу үшін қолданылған. Негізгі құрылыс — балбал-тас мүсін.
— Тазарту барысында біз екінші балбалды таптық, — деді Әділ Мәкен. —
Оның бет бейнесі уақыт өте келе кажалып, өңін жоғалтқан. Балбалдардың семантикасының екі нұсқасы бар: оларда не болмаса жерленген адамның, не болмаса жеңілген жаудың бейнесін келтірген.
Түркі елдерінде жерлеу салтының өзгеріп, түрленуі аз зерттелген. Орталық Қазақстанда қола дәуірі көп көрініс табады, ал Байбал қорымы сияқты кешендер аз. Алайда оларды зерттеу уақыт өте келе рәсімдердің қалай өзгергені туралы идеяны кеңейтуге мүмкіндік береді. Мысалы, ерте темір дәуірінен бастап өлгендер енді эмбрион күйінде жерлемеген, олар арқасына шалқасынан жатқызылған.
Кешеннің мемориалдық қоршауларындағы күйе іздері ежелгі адамдар оны салттық және діни ғимарат ретінде пайдаланғанын көрсетеді. Бұл бір тайпадағы ақсүйектердің бірнеше ұрпақтарының жерлеу орны болуы мүмкін.

Жомарт Шаймұрат