Қарағанды бейнелеу өнері мұражайында «Дәстүр мен ғұмыр» атты көрме ашылды

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында қазақ халқының ұлттық сәндік-қолданбалы өнерінің «Дәстүр мен ғұмыр» атты көрмесі ашылды. Ол жыл соңына дейін жалғасады.
Көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Дәстүр мен ғұмыр» арнайы жобасы бойынша ашылды. Көрменің негізгі мақсаты – материалдық мұраны, мәдениетті және ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту.

 

Көрмеге XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында жасалған 70 экспонат қойылған. Мұнда киіз үйді көруге болады, онда бір жағынан ер адамдардың құрал-жабдықтары – ер-тоқым, ат әбзелдер және т.б., ал екінші жағында – сандық және басқа да әйелдердің керек-жарақтары қойылған. Сондай-ақ экспозицияға зергерлік бұйымдар, киіз бен ағаштан жасалған ұлттық бұйымдар, «Көш» инсталляциясы ұсынылған.
Экспонаттардың бір бөлігі өткен жылғы этнографиялық экспедиция нәтижесінде мұражайға келіп түсті. Көрме онлайн және офлайн режимінде өтеді. Экспозиция аясында қазақтың салт-дәстүрін насихаттайтын «Дәстүр сөйлейді» атты бейнеролик түсіреді.
Мұражайға келушілер үшін фотоаймақ және зергерлік бұйымдар тізілген жылжымалы қондырғы орнатылған.

Жомарт Шаймұрат