Қандастар қапы қалмасын!

Бүгінде шеттен көшіп келген қандастар арасында әлдебір себептермен Қазақстан азаматтығына қол жеткізе алмай жүргендер бар. Солардың бір бөлігі белгілі бір уақытқа ғана берілетін оралман куәліктің жарамдылық мерзімін өткізіп алған. Міне, сондай жағдайға тап болған қандастарымыз құжаттарын қайта қалпына келтіріп, ел азаматы атану үшін Павлодар облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы арнайы акция жариялап отыр. Бұл туралы көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы Гүлстан Батталова әңгімелеп берді.

— Гүлстан Манапқызы, акция қашан басталды және қай уақытқа дейін жалғасады?

«Мерзімі өтіп кеткен оралман мәртебесін ұзарту» акциясы осы жылдың наурыз айында басталған болатын. Желтоқсан айының 31-іне дейін жалғасады. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың этникалық қазақтардың проблемалық мәселелерін шешу және шеттен келген қандастарды жеңілдетілген тәртіппен азаматтыққа қабылдау бойынша берген тапсырмалары аясында қолға алынған шара. Сондықтан, оралман куәліктерінің мерзімін өткізіп алған қандастарымызға осы акцияны пайдаланып, құжаттарын рәсімдеп алуға шақырамыз. Келер жылы мұндай мүмкіндік болу-болмауы екіталай. Акция бүгінде өз нәтижесін беріп жатыр. Наурыз айынан бері құжаттарының уақыты өтіп кеткен 238 этникалық қазақ қайта қалпына келтіріп, азаматтыққа өтініш берді. Ресей федерациясынан келген бір қандасымыз ғана Қазақстан азаматтығын алудан бас тартты. Жалпы, жыл басынан бері 1000-ға жуық этникалық қазаққа тұрақты тіркеуге тұруға рұқсат бердік. Олардың барлығы оралман куәліктерін алып, Қазақстан азаматтығына қабылданды.

— Аталмыш акцияны құжаттарын уақытында рәсімдеп үлгермеген азаматтар естіп, білу үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?

— Акцияның басталғаны жөнінде көптеген сайттарда және әлеуметтік желілерде жарияланды. Сонымен қатар, телеарналардың  жаңалықтарынан айттық. Одан бөлек шілде айында әрбір қалалар мен аудандардағы көш-қон басқармалары жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп үш күндік рейд ұйымдастырды. Яғни, мамандар өз аумақтарында тұратын қандастарымызбен кездесіп, осы акция жөнінде ақпарат берді. Егер шынымен осындай жағдаймен азаматтық ала алмай жүргендер болса, оларды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөліміне жолдаймыз. Мекен-жайы – Павлодар қаласы, Астана көшесі 59-үй. Егер, тығырыққа тірелген қандастарымыз осы акция туралы бір жерден естіп жатса біздің мамандардың көмегіне жүгінбей-ақ, бірден жергілікті жердегі көші-қон бөліміне бара берсе болады. Олар мерзімі өтіп кеткен оралман куәлікті тағы екі айға ұзартып береді. Міне, осы уақыт ішінде барлық құжаттарын рәсімдеп үлгеруі керек.

— Атамекенге біржолата қалу мақсатында көшіп келетін қандастарға нақты қандай талап қойылады?

— Қандастарымыз қай елден келсе де біздің заңнамада бекітілген қажетті құжаттарды алып келуі керек. Тек Қытайдан келетіндерден ғана тіркеуден шығу парағы мен сотталмағаны туралы анықтама сұралмайды. Егер құжат түгел болса азаматтық алу барысында ешқандай проблема болмайды. Ұзаса жарты жыл ішінде құжаттарын толық рәсімдеп, азаматтыққа қабылдануға мүмкіндік бар. Яғни, алдымен шекарадан кіргеннен кейін бес күн ішінде уақытша тіркеуге тұрып,  кейін тұрақты тіркеуге құжат жинайды. Бұл екі ай ішінде беріледі. Одан кейін екі жұма жүріп, ықтиярхат алады. Көп адам ықтиярхат қолға тигеннен кейін жайбарақат жүріп қалады. Олай болмайды, бірден азаматтық алуға әрекет жасау керек. Ал, оралман кулігі дегеніміз – Атамекенге біржола қоныстану мақсатында келген қазақтарға ғана беріледі. Оның жарамдылық мерзімі – бір жыл. Осы бір жыл ішінде  азаматтық алып үлгеру керек. Міне, ең негізгі талап – осы.

— Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.