«Қалпына келтіру жұмыстары қазан айында аяқталады»

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Брифингте Бердібек Машбекұлы Байзақ ауданында орын алған төтенше жағдайдан қаза тапқандардың отбасыларына әлеуметтік көмек көрсету және бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарының барысы жайлы баяндады.
– Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Байзақ ауданына қарасты әскери қоймада жарылыс болды. Қазіргі таңда өрт пен жарылыс салдарын жою, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Өкінішке қарай, жарылыстың салдарынан 17 адам қайтыс болса, 1 адам әлі іздестірілуде. Арнайы құрылған жұмысшы топ барлық қаза тапқандардың, жарақат алғандардың отбасыларының әлеуметтік жағдайы зерделеді. Сондай-ақ әрбір қайтыс болған азаматтың әлеуметтік портреті жасалды. Ондағы мақсат – артында қалған отбасының жағдайымен танысу.
Еліміздің заңына сәйкес төтенше жағдай кезінде қайтыс болған адамдарды жерлеу үшін мемлекет есебінен қосымша төлем төленеді. Бүгінгі таңда зейнетақы қорынан 15 адамға төленді. Ал екеуінің еңбек өтілі аз болған. Қорға ақша төленбеген. Жалпы, төлемнің мөлшері 13 мың теңгеден 152 мың теңгеге дейін. Төлем азаматтардың қорға құйған қаржысына байланысты төленеді.
Сондай-ақ заңға сәйкес асыраушысынан айырылған отбасыларға да мемлекет тарапынан 76 мың теңгеден 262 мың теңгеге дейін әлеуметтік көмек көрсетіледі. Әлеуметтік көмек барлық отбасыларға тағайындалды.
Сонымен қатар қорғаныс, төтенше жағдайлар саласында жұмыс істеп, қаза тапқан азаматтарға бұрын алған жалақыларына байланысты бес жылдық 7 миллионнан 23 миллион теңгеге дейін әлеуметтік төлем төленеді.
Біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметке республикалық бюджеттің есебінен қаза тапқан азаматтардың отбасыларына 10 миллион теңгеден беру бойынша ұсыныспен шықтық. Ұсынымыз қолдау тапты. Үкіметтің резервінен 170 миллион теңге бөлінді. Ал жергілікті бюджеттен 85 миллион теңге бөлініп, қайтыс болған азаматтардың отбасыларына 5 миллион теңге беріледі.
Бұдан бөлек, отбасылардың несиелерінің бар-жоқ екенін де анықтадық. Анықтағанымыздай 47 несие табылды. Үш банктің басшыларымен жұмыс жасадық. Олар бізді қолдап, несиелер толығымен жойылды. Әлеуметтік паспорт арқылы әрбір отбасындағы жұмыс істемейтін азаматтарды да анықтадық. Басым бөлігі жұмысқа орналастырылды. Алты азамат қалды. Өздерінің ұсыныстарын айтса, толығымен жұмысқа орналастыратын боламыз.
Ал жарылыс салдарынан 176 нысан (159 тұрғын үй, 12 коммерциялық нысан, 1 медпункт, 3 мектеп) бүлінген. 159 тұрғын үйдің 35-не күрделі зақым келген. Қазір медпункт пен екі мектеп толығымен жөнделді. Мектептерде бірінші қыркүйектен бастап сабақ басталды. Ал Жібек жолы ауылындағы мектепке үлкен зақым келген. Қазір барлық құжаттары дайындалып, құрылысы басталды. Жылдың аяғына дейін толығымен бітіреміз. Үшінші тоқсанда Жіңбек жолы ауылының балалары жаңа мектепте оқитын болады.
Президенттің тапсырмасына сәйкес үкіметтік комиссия құрылған болатын. Комиссия арнайы келіп, зақым келген әрбір нысанды аралап, қорытынды жасады. Әр нысанның шығынының сметасы анықталды. Соған байланысты мемлекет резервінен 1 миллиард 200 миллион қаржы бөлінді. Қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бірінші қыркүйектен бастап кәсіпкерлер, құрылыс компаниялары қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Құрылыс материалдары, жұмысшылар жеткілікті. 12 құрылыс компаниясы, 180-нен астам жұмысшы, 22 техника жұмылдырылған. Күрделі зақым келген 35 үйді қазан айында толығымен аяқтау керекпіз. Ал аз зақым келген 122 нысанды демеушілердің, кәсіпкерлердің қолдауымен 150 миллион теңгеге толығымен қалпына келтірдік. Осы ретте облыс басшылығының атынан демеушілерге, құрылысшыларға алғыс айтамыз.
Жалпы, жарылыстан жарақат алған 87 азамат бар. Ауруханаларда емделді. Біз қазір өзіміздің қаулымызды дайындап жатырмыз. Заңымызға сәйкес жарақат алған адамдарға 291 мың теңге төленетін болады.
Сондай-ақ екі шақырым жолдың жөндеу жұмыстары басталды. Жолды да қазан айында бітіреміз. Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстың бәрі бақылауымызда. Жоспар бойынша жүргізілетін болады, – деген Бердібек Машбекұлы із-түзсіз кеткен азаматты іздеу жұмыстары жалғаса беретінін жеткізді.
Сондай-ақ аймақ басшысы жалған ақпараттар таратып, елді адастырмауға шақырып, қандай да бір мәліметке қанығу үшін облыстық штабқа хабарласу керек екеніне тоқталды.