ПРЕЗИДЕНТКЕ МЕНІҢ ЖОЛДАУЫМ Біз Сізден күтетін бес мәселе

Президент жылда халыққа, яғни бізге Жолдау арнайды. Оның маңызы зор әрине. Дегенмен, мемлекет басшысы мен азаматтар арасында кері байланыс та болуы керек. Сондықтан, мен қарапайым азамат ретінде Президентке өз Жолдауымды жасағым келіп отыр.

Құрметті Қасымжомарт Кемелұлы!
Әділін айту керек, Сіз Президент болғалы көп нәрсе өзгерді. Сіз билікке келгендегі Қазақстан мен қазіргі «Жаңа Қазақстанның» айырмашылығы көп. Сіз елдің де, өздерінің де болашағына күмәндана бастаған халыққа үміт сыйладыңыз. Осының өзі неге тұрады.
Бірақ көпшілікті құр үміттендіріп қою аз. Халық жас бала сияқты, көптен дәметіп қалады, сіз уәде бермесеңіз де сізден көпті күтеді. Мен сізге дәл осы, халық сізден не күтіп отыр деген мәселені жеткізгім келеді.

1. Кадрлық өзгерістер, түбегейлі өзгерістер.
Кеше «Нұр-Отандап» ұрандатқан, бүгін тонын теріс айналдырып кие салған ескі кадрлар «Жаңа Қазақстанды» жасай алмайды, жасағысы да келмейді. Сіздің бастамаларыңыз көңілге қонымды, бірақ оны іске асыру жағы ақсап жатыр. Өйткені іске асырушы баяғы сол халық «ығыр болған» шенеуніктер. Елге қазір «еститін Үкімет» емес, «жұмыс істейтін Үкімет» керек. Көлеңкесінен қорыққандар емес, жауапкершілікті қасқайып тұрып өз мойнына алып, елді дамытатын қадам жасау қолынан келетін адамдар қажет.

2. Әділеттілік немесе заңның үстемдігі.
Кімнің ұры, кімнің жемқор екенін, байлығын қандай жолмен жинағанын халық жақсы біледі. Жаңа леп соққанда көпшілік олардың ұсталып, жазалануын күтті. Басында бір-екі «шортан» ұсталғанымен қарқын тоқтап қалды. Ескіден тазармай жаңаны жасауға болмайды. Халық заңсыз, елдің үстінен байығандардың бәрінің әділ жазаланғанын қалап отыр.

3. Халық күткендей экономикалық реформалар.
Жүйелі шешімдер қабылдау қажет. Елге жұмыс болатын, ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін өндірістер ашу кезек күттірмейді. Олигархтар мен лоббисттердің заманы әлі жүріп тұр. Бүкіл экономика соларға жұмыс істейді. Халыққа арзан автокөлікті сырттан әкелудің жолын жауып қойған автоөндірістегі монополистер майға шылқып отыр, олигархтарға керек кезде қолдан тапшылық жасалады (қант жанар май т.б). Ал мемлекет оларға түк істей алмайды.

4. Жаңа әлеуметтік стратегия.
Халық жік-жікке бөлініп кетті. Байлар мен кедейлер бір-бірін түсінуден кетті, бір-бірін жау көреді. Қымбатшылық қырғын, кедейшілік жайлады. Тамаққа жарымай отырған отбасылар көп. Асқа жарымаған халық шетінен ауру. Кедейлер мен байлардың табыс айырмашылығы 10 еседен асса, ол елде төңкеріс болады деген тәмсіл-теория бар. Бізде ресми түрде ең төменгі жалақы 60 мың теңге, ал әкімдер елдің алдына шығып менің айлығым 2 миллион деп ресми мәлімдеп жүр.

5. Ұлттық идеология.
Меніңше дәл қазір Қазақстан үшін ұлттық идеология «Билік пен халық бірге» және «Жаппай үнем» болуы тиіс.
Бізде білім беру саласына сын көп, денсаулық сақтау саласы қатты ақсап жатыр, қоғамдық көлік нашар, тұрғын-үй-коммуналдық сала елді әбігерге салып бітті тағысын тағы. Оңып тұрған бірі жоқ. Ол неден? Себебі биліктегілердің өздері ол жүйеде жоқ. Баласы қарапайым балабақшаға не мектепке баратын, өз ауданындағы емханада емделетін, автобуспен жұмысқа баратын, жеке коттеджде емес, ескі көп қабатты үйде тұратын жоғары лауазымды шенеунік көрдіңіз бе? Жоқ. Олар бөлек бір кастаға айналды. Өздері сол қызметтерді басқарады, бірақ өздері қызметін пайдаланбайды. Егер шенеуніктің баласы жұртпен бірге оқымаса, шенеунік жұрт емделген жерде емделмесе т.б. ол жүйе ешқашан түзелмейді. Билік халықпен әрқашан бірге болсын. «Жаңа Қазақстанның» шенеуніктері осы мәселеде үлгі болуға тиіс.
Екінші мәселе, біз 30 жыл шашып-төгу, ысырап кезеңін бастан өткердік. Мемлекет неше түрлі ЭКСПО, съезд, форумдарға шашылса, халық бітпейтін той-жиынға шашылып келді. Енді осыны тиятын уақыт келді. Түк пайдасы жоқ, тек ішіп-жеп, өтірік сөйлеп кететін жиындарды тоқтату керек. Оларға бюджеттен бөлінетін миллиардтарды басқа қажеттіліктерге жұмсау қажет. Жалпы бюджеттің шығысын қоғам өкілдерімен бірге толық бақылап отыру жүйесі болмай көгермейміз. Біз гиганттық жобалар елі ретінде мазақ болып біттік. Үлкен жобалар тек содан «үлкен» откат алатындарға ғана пайдалы. Жүздеген миллиардтарға пайдасы күмәнді су қоймасын салу, ондаған миллиардқа саябақ салу (тіпті жөндеуге де осындай қаражат жұмсайтын болды) сияқты зиянкестік тірлікті тоқтату қажет. Бюджет тек нағыз күйіп тұрған мәселелерге, халықтың тұрмысын түзетуге бағытталған жобаларға ғана жұмсалсын. Шенеуніктерді бюджет ақшасын тез игеруге емес, қаражатты үнемдеуге ынталандыру керек
.
Бәрі бірінші басшыға байланысты. Құрметті Президент, Сіз қарапайым пәтерде тұрып, кортежсіз жүріңіз, рейстік ұшақпен ұшыңыз. Отандық емханада емделіп, өзіміздің шипажайда демалыңыз. Сонда басқа әкімдер де сөйтеді. Бюджеттегі 1 миллардтан асатын шығындардың бәрі арнайы қоғамдық топтың сүзгісінен өтетін болсын. Әкімдерден бюджет ақшасын үнемдеу талап етілсін. «Үнемделген қаражат, еңбекпен табылған қаражат» деген ұран біздің идеолгиямызға айналса.

Ең соңында айтарым. «Ханның соры – айналасына уәзірлерінің көзімен қарауы» деген тәмсіл бар. Сіз ондай болмаңыз. Уәзірлер бәрін сүзгілеп Сізге тек өздеріне ыңғайлы ақпаратты ғана береді. Ал, Қазақстандағы қазіргі жағдай күрделі. Ел Сізден үміт күтеді.

 

ЖАНАХМЕТ АҒЫБАЕВ фб парақшасынан