ТҮГІ ЖОҚ КЕДЕЙ ДЕ БЕС ТҮРЛІ САДАҚА БЕРЕ АЛАДЫ

Бір күні жоқшылықтан жадап-жүдеген бір кедей көпті көрген дана қартты жолықтырып:
– Айтыңызшы, мен неге осындай кедей болып туылдым екен? – деп налиды.
Данышпан оған:
– Себебі, сен адамдарға жомарттық танытпайсың, өте сараңсың, – деп жауап береді.
Бұл жауапқа таң қалған кедей:
– Қолымда беретін ештеңем жоқ, тапқаным өзімнен артылмаса, қалай жомарттық танытамын? – дейді. Сонда қария:
– Негізі сенің адамдарға жақсылық жасауға мүмкіндік беретін 5 қабілетің бар. Сол мүмкіндіктеріңді оятып, жүзеге асырғаныңда бұлай демес едің, – дейді.
Таң қалған кедей оның қандай қабілет екенін сұрайды. Сонда данышпан:
✅Біріншіден, өзгелерге жымиып қара, күлімдеп жүр. Алла қаласа, осы арқылы да садақа жасап, сауапқа кенелуіңе мүмкіндік бар;
✅Екіншіден, айналаңа мейірленіп қара. Олар сенің көзіңнен тек жанашырлық пен жақсылық көретін болсын;
✅Үшіншіден, сен мылқау емессің, сөйлей аласың. Ендеше, адамдардан жақсы сөзіңді аяма;
✅Төртіншіден, жүрегің тоқтаусыз соғып тұр. Ендеше, бар ықыласыңмен, жан-тәніңмен беріліп тұрып басқаларға жақсылық тіле. Олардың өмірінің берекелі, тұрмыстарының шырайлы болуы үшін дұға жаса;
✅Бесінші, аяқ-қолың сау. Ендеше, денсаулығыңды пайдаланып, жұртқа пайдалы істерді атқар. Көмектес! – деп кедейге дұрыс бағыт-бағдар берген екен.
Иә, адамды бай қылатын – дүние-мүлкі мен ақшасы емес, қардай аппақ пейілі мен кең жүрегі. Әлемді махаббат пен мейірімділік құтқарады деп бекер айтпаған ғой.
» ӨМІР АЙНАСЫ » ПАРАҚШАСЫНАН