Президент Жолдауының жүзеге асырылуы талқыланды: Мәлік Отарбаев Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келді
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңір активімен кездесті. Басқосуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндеттердің орындалу барысы жан-жақты талқыланды.
Кеңесшінің айтуынша, Шығыс Қазақстанда соңғы жылдары ірі инфрақұрылымдық жобалар қарқын алып келеді. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен Бұқтырма су қоймасына көпір салынып, өңірдің көлік қатынасы айтарлықтай жақсарды. Биыл Катонқарағай және Зайсан аудандарында жаңа әуежайлардың құрылысы қолға алынды.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында да оң серпін байқалады. Жыл басынан бері облыста 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған, оның ішінде 14 мыңы тұрақты жұмыс орындары. Орташа жалақы деңгейі 9 пайызға өсті.
Сонымен бірге облыс халқының 97 пайызы тұратын 234 елді мекен интернет желісімен қамтамасыз етілді. Цифрландыруды күшейту мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, өңірдің цифрлық бағдарламалық құжаты әзірленді. Бұл құжат аясындағы барлық бастамалар облыс әкімінің тұрақты бақылауында.

Білім беру және денсаулық сақтау салаларында жүзеге асырылып жатқан жобалар:
Кездесу барысында Мәлік Отарбаев Президент Жолдауының ел дамуы үшін стратегиялық құжат екенін атап өтті:
— Биылғы Жолдау – заман талабына сай озық технологияларды қолдануға бағытталған, қоғам үшін аса маңызды құжат. Елімізде көтерілген көптеген мәселелер жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Бұл жұмыстарды тоқтатпай, одан әрі жалғастыруымыз қажет, — деді ол.
Мемлекет басшысының кеңесшісі қатысушыларды Жолдауда көрсетілген міндеттерді жауапкершілікпен орындауға, цифрландыру үдерісін жеделдетуге, заң мен тәртіп қағидатына берік болуға шақырды. Оның айтуынша, алдағы үш жылда Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру – басты мақсаттардың бірі.
Тәттімбек Асханұлы
Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің
ШҚО бойынша меншікті тілшісі

