Алтай ауданында жұмыссыздар саны азайып келеді

Шығыс Қазақстан облысында жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында атқарылып жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде Алтай ауданында жұмыссыздық деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді. Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев мәлімдеді.

Аудан бойынша биыл 1 902 жаңа жұмыс орнықұрылған. Оның ішінде Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасына сәйкес 609 тұрақты жұмыс орны ашылды. Мұндай қарқын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай оң әсер етуде.

Аудан әкімі Ренат Құрмамбаевтың айтуынша, жұмыссыздық деңгейі 4,5%-дан 4,2%-ға дейін төмендеген.

«Алтай ауданында субсидияланатын жұмыс орындарына 1 135 азамат орналастырылса, жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдардағы бос орындарға 1 660 адам жұмысқа тұрды. Соңғы екі жылда аудан колледждері мен Зубовск кентіндегі «Фаворит» ЖШС-ның оқу орталығы базасында 62 жұмыссыз азамат «электромонтер», «ағаш өңдеу станогының операторы», «аспаз» сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби білім алды», – деді ол.

Сонымен қатар, Чапаево ауылындағы ауыл шаруашылығы колледжінде «Көкөніс немесе жеміс консервілерін өндіру операторы» мамандығы ашылып, 1 қазаннан бері 4 адам онлайн режимде оқып жатыр. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына жаңа кадрлар дайындауға мүмкіндік береді.

Мансап орталығы жыл басынан бері 14 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тиімді байланыс орнатты. 2024–2025 жылдары әлеуметтік осал топтағы азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында 25 грантберілді.  Алтай ауданында еңбек нарығын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл ретте аудан әкімдігі:

еңбек саласындағы саясатты дамыту,
«Еңбек адамы» бейнесін танымал ету,
жұмысшы мамандықтары жылын ақпараттық қолдау,
жұмыспен қамтуды, көші-қонды және еңбек қауіпсіздігін түсіндіру,
әлеуметтік қамтамасыз ету шараларын жетілдіру,
2029 жылға дейінгі Халықтың кірісін арттыру бағдарламасының іске асырылуын насихаттау,
жаңа экономиканың сұранысына сай кадрларды даярлаудың жаңа моделін енгізу,
«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін танымал ету сияқты бағыттарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.

Аудан басшылығының айтуынша, аталған бастамалар еңбек ресурстарын тиімді басқаруға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және тұрақты жұмыс орындарын дамытуға негіз болады.

Тәттімбек Асханұлы

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің

ШҚО бойынша меншікті тілшісі