ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ «ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗЫН» ОРЫНДАЙТЫН КЕЗ – ДӘЛ ОСЫ ТҰС!
ҚР Премьер-министрі
А.Ұ. Мәминге!
Болар іс болды, Қазақстанда терористік деп танылған Талибан қозғалысы билікке келді. Ауғаныстан халқы дүркіреп шетелге босып жатыр. Сол Ауғаныстанда біздің де қандастарымыз отыр. Интернеттегі мәліметке сүйенсек, ол елде 45 мың шамасында қазақ бар деген ақпарат көзге көп ұшырайды. Мүмкін, одан көп те, аз да шығар. Қалай десек те, ол елде қазақтың бар екені рас.
Міне, Талибандардың «Жеңіс туы» желбірегелі үшінші күн. Жекелеген белсенді азаматтар болмаса, Үкімет жағынан сол қазақтарды көшіріп алу туралы әзірге сыбыс жоқ.
Президент Әкімшілігінен үміт күтпеймін. Олардың Тимур Құлыбаев деген крутой «Талибанның» құрсауынан қалай шығарын білмей, басы қатып отырса керек!
Дау жоқ, Ауғаныстанда қалған сол қандастарымызды елге оралтуға Қазақ Үкіметінің қауқары жетеді. Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың «Қасиетті парызын» орындайтын кез де – дәл осы тұс!
Кесіп айтайын, Ауғаныстандағы қазақтар Қазақстанға оралуы керек! Қазақ Үкіметі оларды сөзсіз алып келуге міндетті!!!
Бірақ, осы жерде бір қауіпті мәселенің бар екені шындық. Ауғаныстандағы қазақтардың ұлтын анықтау мүмкін емес. мынадай қиын сәтте тіпті қиын. «Қазақпын!» деп, қаптап жететін қаба сақалдардың мол екені рас.
Менше ол қазақтарды өзгелерден парықтап алудың бір-ақ жолы бар.
Ол – Тәуелсіздік жылдары Ауғаныстаннан Қазақстанға оралған қандастарымызды іске қосу!
Сол Ауған елінен кезінде көшіп келген қандастарымыз кешеден бері маған арт-артынан хабарласып, туыстарын алдырып беру туралы жылап-еңіреп өтініш айтуда.
Сұрасам, әрбірінің елу-алпыстан туыс-туғаны, құда-жұраты, нағашы-жиені от пен оқтан қоқып, үрей астында отыр екен.
Демек, сол ағайындарға сүйеніп, Үкімет «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына Ауғаныстандағы қазақтардың тұрған жерлері мен аты-жөндерін анықтатып, сосын қанша болса да бір тұтас көшіріп алуымыз керек!
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Сізден осы мәселені өз назарыңызға алып, қауіп астында қалған Ауғаныстандағы қандастарымызды елге оралтуға;
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын тездетіп жасап, қайта қабылдатуға, қатысты Заңға шетелден оралған қандастарымыздың ұлтын анықтаға байланысты жаңа норма енгізуге ықпал етуіңзді сұраймын!
Құрметпен,
Ауыт МҰҚИБЕК
18.08.2021