Павлодарлық Абай мен Шәкәрімтанушылардың жетістіктері

 

Мектеп оқушылары арасында Абай және Шәкәрім шығармаларын насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және қолдау көрсету мақсатында ҚР БжҒМ мектепке дейінгі және орта білім департаментінің  «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы,  Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасымен бірлесіп ағымдағы жылдың 22-25 тамыз аралығында Семей қаласы, Абай ауданы, «Абай және Шәкәрім» музей-кешенінде жалпы білім беру ұйымдарының 5-11 сынып оқушылары арасында  ХІХ республикалық Абай оқуларын төрт номинация бойынша өткізді.

Павлодар облысынан республикалық Абай оқуларына облыстық кезеңінің жеңімпаздары: Ы.Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернатының 10 сынып оқушылары Жаябаева Даяна және Абдраимов Ердәулет, Павлодар қаласы №29 жалпы орта білім беру мектебінің 6 сынып оқушысы Бекімұрат Әділет және Ақсу қаласы мамандандырылған гимназиясының 9 сынып оқушысы Жомарт Ақтоты қатысты.

Республикалық Абай оқуларының қорытындысы бойынша Ы.Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернатының  10 сынып оқушылары Жаябаева Даяна «Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы» номинациясында Хәкім Абай мен Шәкәрімнің өлеңдерін жатқа оқыды және Абдраимов Ердәулет «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясында өзінің «Жидебайға хат» деген өлеңімен қазылар алқасының көңілінен шықты. Олар өз номинациялары бойынша ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға  ие болды.

«Ұлылар әлемі» номинациясында «Абай мен Шәкәрім ұлылығы» тақырыбында эссе жазудан Ақсу қаласы гимназиясының 9 сынып оқушысы Жомарт Ақтоты Абай оқуларында көрсеткен белсенділігі мен қол жеткен ерекше жетістігі үшін «Дарын» РҒПО-ның грамотасын иеленді.

Ұйымдастыру комитеті қатысушыларға Мұхтар Әуезов дүниеге келген Бөрілі ауылына, Шілікті жеріне, Еңлік-Кебек кесенесіне  қызықты экскурсия ұйымдастырды.

 

Әлихан Рахметоллаұлы