Павлодарлықтар Бірлік мерекесін атап өтті    

Облыс орталығындағы Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шаралар таңертеңнен басталды. Қалада ертемен дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізілді. Өңірдің шаруа қожалықтары мен фермерлері жәрмеңкеге 110 тонна түрлі тауар жеткізді.

— Оңтүстіктен әкелінген қырыққабаттың бағасы келісіне 190 теңгені ғана құрайды. – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Сәдібеков. – Түркістан облысында алғашқы қырыққабатты жинап, біздің өңірге жеткізіп жатыр. Енді қырыққабат пен пияздың бағасы төмендейтін болады.

Мерекеге арналған жалпыхалықтық серуен Конституция алаңында өтті. Қалалық мәдениет сарайының жанында құрылған сахнада концерт өткізіліп, аймақ басшысы өңірдің этномәдени бірлестіктеріне 500 мың теңгенің сертификаттарын табыстады.

— 1 Мамыр күні қазақстандық партиотизм мен отансүйгіштіктің мейрамына айналды, — деді облыс әкімі Болат Бақауов. – Ертіс-Баян өңіріндегі тұрақтылық пн ұлтаралық келісімнің сақталып келе жатқаны бәрімізді де қуантпай қоймайды. Қазақстан этникалық дағдарыстан таза аймаққа айналып, әлемге бейбітшілік пен конфессияаралық татулықтың Отаны ретінде танылды.

Әлихан Рахметоллаұлы

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев