Баянауылда ашық аспан астындағы музей құрылады

Ашық аспан астында жеті музей жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Айта кетерлігі, биылғы жылы «Ұлы дала» этнофестивалін Баянауылда өткізу жоспарланып отыр. Еліміздің туристификация картасына енген  үздік 10 жобаның ішінде Баянауыл демалыс орыны бар. Мұнда жылына 200 мыңнан астам  адам демалады.  Соңғы екі жылда туризмді дамытуға 23 миллиард теңге тартылған.

— «Қазақстанның сакралды географиясы» арнайы жобасы аясында облыс ескерткіштері мен киелі нысандарды қайта құру және қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді, — дейді «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бөлімінің басшысы Айгүл Кенжетаева.

– Қажетті инфрақұрылым қамтамасыз етіліп, туристік бағыттар, визит-орталықтар құрылуда. Павлодар облысының киелі жерлері картасына енгізілген 41 нысанның бесеуі республикалық сакралды орындардың картасынан орын алған.  Оның ішінде Баянауыл ауданы бойынша Қоңыр әулие үңгірі, Жасыбай батыр мазары, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесі, Екібастұз қаласы бойынша Ақкөл-Жайылма қалашығы, Исабек ишан хазірет кесенесін атап өтуге болады.

«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің мәліметіне сүйенсек, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы аудан әкімдіктері және ПМПУ-мен бірге қасиетті нысандарды қоршау жұмыстарын бастаған. Есепті кезеңде Екібастұз өлкесінде Ақбидайық жартасындағы суреттер, Май ауданында Кемертұз жартасындағы суреттер және Баянауыл ауданында Сабындыкөл қорымы қоршалған.

2018 жылдың мамыр айынан қыркүйек айына дейін Екібастұз қаласының, Ақтоғай, Ертіс, Баянауыл, Железин, Май, Павлодар және Шарбақты аудандарының аймақтарында кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде тіркелген 67 киелі объектіні паспорттау жүргізілген. Нәтижесінде 14 жаңа нысан анықталған. Бұл Екібастұз ауылдық аймағында – Күреңбай сыншының мазары, Түйте әулиенің тасы, Әулиекөл көлі, Амандық сопы мазары, Баянауыл ауданында – Қоңырбай халфе, Әбжәлап әулие мазарлары, Құрманбай абыз зираты, Қыз тамы, Мәстек абыз мазары, Шарбақты ауданында– Шақау молла мазары, Темірғали Нүрекеновтың кесенесі, Аққулы ауданында – Шоқман қожа мазары, Сары бәйбішенің жерленген орны және Ақсу қаласының ауылдың аймағында – Ақмола қорғаны.

Аталған кешенді зерттеулердің қорытындысы бойынша ПМПУ базасында «Археологиялық және этнографиялық зерттеулердің интеграциясы» атты ғылыми симпозиумда Павлодар облысының киелі нысандары туралы ғылыми-көпшілік фильм түсірілген. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті және С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің базасында облыстың киелі нысандарының сайттары құрылған.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Ольга Бугаева