Павлодарлықтар Арыс тұрғындарына 90 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті

“Nur Otan” партиясының облыстық филиалынан бес жүк машинасына тиелген көмек Түркістан облысының Арыс қаласында жарылыстардан зардап шеккен тұрғындарға бет алды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

User comments

User comments

User comments

“Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Николай Дычко павлодарлықтар екі тәулік ішінде 90 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинағанын хабарлады.

— Павлодар облысы еліміздің өзге де өңірлері секілді арыстықтардың мұң-мұқтажына бейжай қарамай, көмек қолын созуға бел буды, — дейді Николай Дычко. – Қазіргі кезде 90 тоннадан астам көмек жиналды. Оларды бес жүк машинасына тиедік. Тағы бір машина жолда Екібастұздан қосылады. Гуманитарлық көмек тиелген көліктер Шымкентке дейін жол жүріп, сол жерде Арыс тұрғындарына үлестіріледі.

Партия филиалының басшысы атап өткендей, павлодарлықтар үлкен-кіші демей, бәрі бір адамдай жарылыстардан зардап шеккендерге қол ұшын беруге тырысты. Тіпті, бір ақсақал өз шапанын беріп кеткен көрінеді. Жалпы 90 тонна жүктің ішінде азық-түлік, киім-кешек пен төсек орындар бар. Оған қоса, өңірде орналасқан партия филиалдарының қызметкерлерінің барлығы жарылыстан зардап шеккендерге қаржылай көмек ретінде  бір күндік жалақыларын жұмсады.

Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Арыс қаласының 300 баласын сауықтыру лагерьлеріне қабылдауға әзір екендігін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, Павлодар облысының мемлекеттік қызметшілері бір күндік жалақысын Арыс тұрғындары үшін қаражат жинап жатқан қорға аударды.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы

Суреттерді түсірген Айбек Жұматов