Павлодарда автоматты тіркеу жүйесі 6 мыңнан астам жол ережесі бұзылғанын анықтаған

Автоматты түрде жұмыс жасайтын құралдардың көмегімен жол ережесін бұзушыларға 34 млн 793 мың теңгеге айыппұл салынды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, облыс орталығында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол ережесінің бұзылуын анықтайтын 37 автоматтандырылған жүйе орнатылған.

— Бұл жүйелер тек жоғары жылдамдықты ғана емес, сондай-ақ бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтуін және жол белгілерін бұзуды бақылауға және тіркеуге қабілетті, — деді баспасөз қызметінде. – Биыл Павлодар қаласында «Redspеed», «Интегра-КДД», «Автоураган» жүйелері 6217 жол ережесі бұзылғанын тіркеп, 34 миллион 793 мың теңгеге айыппұл салынды.

Жылдамдықты асырғаны үшін (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 592-бабы бойынша) 1032 және бағдаршамның тыйым салынған түсіне өткені үшін (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 599-бабы) 802, тоқтауға арналған белгіге тоқтамаған және бағдаршамның қызыл түсіне өткені үшін (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 601-бабы) 4383 хаттама толтырылды.

— Хаттамалар ереже бұзған жүргізушілердің тұратын жеріне «Қазпошта» АҚ және СМС хабарлама арқылы жіберіледі, — деді департаментте. – Талаптарды бұлжытпай орындау аясында төленбеген айыппұлдар болған жағдайда көлік құралдарын айып тұрағына қою жұмыстары жүргізіледі.

Жол ережесін бұзғаны туралы ақпаратты үйден немесе кеңседен шықпай-ақ білуге болады. Qamgor.gov.kz-тің арнайы парақшасында айыппұлдардың бар-жоғын білуге болады.

Ақпарат және суреттер «Рavlodarnews.kz» АА-ің сайтынан алынды