Павлодар облысының ұстаздары кәсіби мерекесін атап өтті

Естай атындағы мәдениет сарайында Ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті. Салтанатты жиынға білім беру мекемелері мен білім беру бөлімдерінің басшылары, педагогика саласының ардагерлері  басшылары қатысты.

Жас ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып, білім нәрімен сусындату жолында аянбай тер төгіп жүрген мұғалімдер қауымын  облыс әкімінің атынан  аймақ басшысының орынбасары Мейрам Бегентаев құттықтап, оларға шығармашылық табыс пен қажымас қайрат тіледі.

— Ұстаз — ұлы ұғым.  Педагогтардың білім үйретіп, тәрбие беруде алар орыны бөлек, еңбегі өлшеусіз.  Елбасы «Еліміздің ертеңі — бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры — ұстаздың  қолында» деп мұғалімнің қоғамдағы рөліне жоғары баға берген.  Туған  жердің азаматын дайындауда ұстаздың еңбегіне баға жетпейді. Сіздер жастардың болашағын айқындайсыздар. Болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл қоғамды қалыптастыруға үлес қосасыздар. Біздің облысымыз республикалық сайыстар мен олимпиадаларда жоғары көрсеткіштерге қолжеткізіп, алдыңғы қатарда келеді. Озық ойлы оқушылар мен олардың ұстаздарын мақтан етеміз, — деді Мейрам Бегентаев.

Бұл күні 60-тан астам ұстаз ҚР Білім және ғылым министрлігі,  облыс әкімінің атынан Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, жеті түрлі номинация — «Алғашқы ұстаз», «Шебер ұстаз», «Мейірімді жүрек», «Мерейтойлы еңбек өтілі», «Аялы алақан», «Асылын беріп шәкіртке», «Зерттеуші педагог», «Үлгі бізге жақсы ісің», «Адал еңбегі үшін» бойынша іріктелген  мұғалімдерге  смартфон, моноблок және теледидар сияқты бағалы сыйлықтар табыс етілді. Бұдан басқа, «Жыл мұғалімі-2018», «Жыл тәрбиешісі-2018» облыстық конкурстарының жеңімпаздары марапатталды. Облыстық турға аудандық, қалалық кезеңдердің жеңімпаздары атанған, 2-30 жыл аралығындағы педагогикалық еңбек өтілі бар 32 мұғалім өткен. Алғаш рет өңірлік кезеңде  ұстаздар өз тәжірибелерін pich-презентация форматында ұсынды.

— Бүгінгі жиын мерейлі мерекенің абыройын асқақтатты, — дейді «Жыл ұстазы-2018» облыстық байқауының бірінші орын иегері атанған Аққулы ауданы  мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Бауыржан Оразалин. — Мұғалімге деген құрмет – елге деген құрмет. Ұстаздың жемісті болуы еңбегінің бағалануына байланысты. Оған барлығымыз куә болып отырмыз. Бүгінде шәкіртке білім беру үшін барлық жағдай жасалған. Мысалы, әр мектеп интернет желісіне қосылған. Оқушылардың қызығушылығын ескере отырып, робот техникасы және шет тілі сияқты түрлі қосымша курстар өткізіледі. Біздің оқушылар де шет тілін меңгеруде әрі видеоконференцияға, чатқа шығып, өзара  пікір  алмаса алады.

 

 

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы