Павлодар облысына шет елдердегі 150 қазақ жастары білім алуға келді


Облыс орталығындағы Достық үйінде «ҚР жоғарғы оқу орындарындағы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ашылған дайындық бөлімдері және қазақ жастары» атты кездесу өтті. Шет елден келген қазақ студенттерімен кездесуге облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дауенов, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Болат Зауатұлы және облыс әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Көші қон бөлімінің басшысы Меруерт Есенбаева қатысты.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының басшысы Болат Зауатұлы жыл сайын шет елден білім алуға келетін жастардың саны артып жатқанын атап өтті.

— Бүгін біз шет елдерден келген қандас студенттермен дәстүрлі кездесу өткізіп отырмыз, — деді Болат Зауатұлы. – Қауымдастықтың мақсат-міндеті шет елдегі қазақтарды жан-жақты қолдау болып табылады. Оған қоса, шет елде жүрген талантты қазақ жастарын елге әкеліп, елде қызмет еткізу, мүмкіндігі жоқтарды көшіріп әкелу, жастарына елімізде білім беру. Сіздер мемлекетіміздің қаржысымен тегін оқу құқына ие болдыңыздар. Жатақханаларыңыз тегін. Шәкіртақы да қарастырылған.

Жалпы, Павлодар облысында 2014 жылдан бастап Сәуле Кісембаева ханымның ұйымдастыруымен С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің базасында шеттен келген жастарды жоғарғы оқу орынына түсу үшін кешенді тестілеуге дайындау бөлімі, яғни «Foundation» факультеті құрылған. Содан бері келушілер саны артуда. Былтыр 120-ға жуық студент келсе, биыл олардың саны 150-ге жетіп отыр.

Өткен жылы Павлодар облысына «Foundation» факультетінде дайындалу үшін алыс-жақөын шет елдерден 116 қазақ жастары келген. Оның 95-і кешенді тестілеуге қатысып, 71-і ЖОО гранттарына ие болған. Олар Астана, Алматы, Қарағанды және Павлодар қалаларының университеттеріне қабылданды. Тағы 10 абитуриент колледж студенттері атанды. Павлодар облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дауенов шет елдердегі қандас баырларымызға кез келген тұрғыда көмек көрсетуге дайын екенін айтты.

— Мен бұл кездесуді көптен бері күттім, — деді Ернұр Дауенов. – Басқармамыздың негізгі миссиясының бірі – елге оралған қандастарымызды жергілікті қауымға бейімдеу бойынша іс-шаралар өткізу, бейімделу үдерісіне араласу, оны бақылау. Егер сауалдарыңыз, үндеулеріңіз, қиындықтарыңыз, тіл мәселесі және ар-намыстың қорлануы бойынша келіспеушілік туындаса көмек көрсетуге дайынбыз. Сіздердің толықтай қазақ тілінде білім алуға, қызмет алуға құқықтарыңыз бар. Осы тұрғыда келеңсіздіктер болып жатса, сол арада көмек көрсетеміз. Байланыс телефондарымыз бен электрондық поштамыз басқармамыздың сайтында көрсетілген. Жеке өзім әлеуметтік желілерде ашық екенімді, парақшама хат жолдап хабарласуларыңызға болатынын айта кеткім келеді.

Сонымен қатар, басқарма басшысы жастарды рухани жаңғырған қоғам қалыптастыруға шақырды.

— Оқудан бөлек қосымша белсенділік танытып, қоғамдық шараларға жиі қатысуларыңызға болады, — деді Ернұр Дауенов. – Облысымызда қазақтың тілін, салт-дәстүрін жаңғыртуға қажеттілік бар. Сол бойынша сіздерде жобалар, ұсыныстар болса қолдауға әзірміз. Сіздер сияқты елім-жерім деп келген жалынды жастардың күші қажет. Сол арқылы Елбасымыз айтқандай Ертіс-Баян өңірінде ұлттық коды қалыптасқан қоғам құруға шақырамын.

Шара барысында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші қон бөлімінің басшысы Меруерт Есенбаева жастарға көші-қон жөнінде кеңестер беріп өтті.

— Егер сіздердің арттарыңызда тарихи Отанына ораламыз дейтін  отбасыларыңыз болса, өңіріміз оларды қабылдауға дайын екенін айтқым келеді, — деді Меруерт Есенбаева. – Мемлекет тарапынан арнайы квота қарастырылған. Көмектен құр қалмайды. Сондай-ақ бұрындары еліміз тек отбасыларды қабылдаған болса, енді жалғызбасты адамдарды да қабылдап, көмек көрсетеді. Сондықтан оқуларыңызды аяқтаған соң қоныс аударып, елімізде еңбек етулеріңізге болады.

 

Әлихан Рахметоллаұлы