Павлодар облысының Баянауыл демалыс аймағында жазғы туристік маусым ресми түрде ашылды

Жаңа туристік маусымның ашылу күндері Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдерінде бес мыңнан астам адам жиналды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов аталған орындардың қонақтарды қабылдауға дайындығын тексеру үшін Баянауыл ауданына жұмыс сапарымен барды.

Аймақ басшысы дәстүрлі түрде туристердің көпшілігі жиналатын Жасыбай көлінің жағажайына барып, жаңа демалыс үйлерінің құрылысын тексерді.

— Ең маңызды орын алған өзгеріс – Баянауылға жететін жол, -дейді Қарағанды тұрғыны Ерлан Жексенов. – Бұл біз сияқты Қарағанды облысынан Баянауылға демалуға келетін қонақтар үшін аса ыңғайлы. Баянауыл жақын бола түсті десек те болады.

Биылғы жазда Сабындыкөлде экстремалды су спорты түрлерін дамыту туралы шешім қабылданды. Су шаңғысы мен виндсерфингтің әуесқойлары су қоймасының жағасына келе бастады.

— Павлодарда виндсерфингпен әуестенетін шамамен 20-25 адам бар, — дейді әуесқой спортшы Александр Прядкин. – Мұндай тақталармен Усолка өзенінде, Ертісте және Сабындыкөлде жүзуге болады. Осы үш орында барлық қажетті жағдайлар бар. Сондықтан виндсерфингпен әр адам айналыса алады.

Облыс әкімі осы спорт түрімен айналысып көруге уәде берді. Сонымен қатар, Болат Бақауов Сабындыкөлде виндсерфингке арналған құрал-жабдықтарды жалға беру орнын ашуды ұсынды. Сондай-ақ, Торайғыр көлінде демалыс аймағын дамытып жатқан кәсіпкерлер ауылдан көлге дейінгі жол құрылысына көмектесуді өтінді. Алдын ала мәліметтер бойынша шамамен 5 шақырым жол жабындысын төсеу қажет.

— Демалыс күндері бізде 40-60-қа жуық турист демалады, — дейді туристік базаның басшысы Ерлік Жарболов. – Көбісі осы жол жөнінде ескерту жасайды.

Өңір басшысы мәселені қарастыруды тапсырып, туристік бизнесті дамытатын жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсететінін атап өтті.

Әлихан Рахметоллаұлы