Павлодарлық полиция қызметкерлері мергендер жарысында жеңіске жетті

Облыс орталығында ҚР ІІМ-ің VIII спартакиадасы шеңберінде еліміздің полиция, арнайы және күштік құрылымдар қызметкерлерінің арасында көздеп ату жарыстары мәресіне жетті. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша жарысқа 87 тәртіп сақшысы қатысқан.  

— Чемпионаттың негізгі мақсаты құқық қорғау органдары мен әскери қызметшілердің кәсіби дайындық деңгейін арттыру болып табылады. Жарысқа еліміздің әр облысынан, жиыны 17 команда қатысты, — деді полиция департаментінің баспасөз қызметі. – Сайысқа қатысушылар Макаров тапаншасы және Калашников автоматынан көздеп ату бойынша сынға түсті.

Ведомствоаралық сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды ҚР Ішкі істер министрлігі, екінші орынды ҚР ІІМ-ің Арнайы күзет қызметінің басқармасы жеңіп алса, ҚР Ұлттық ұлан сарбаздары үшінші орынды місе тұтты.

Жарыстың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынға жерлестеріміз жайғасты, Алматы қаласының ПД-ің команадсы екінші орынды, ал, Қостанай облысының полиция қызметкерлері үшінші орынды жеңіп алды.

Әлихан Рахметоллаұлы