Павлодар облысында мемлекеттік қызметшілер кәсіби мерекесін атап өтті

Павлодарда полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер кәсіби мерекесін атап өтті. Ertis Promenade сахнасында өткен мерекелік кеште мейрам иелері үшін қазақстандық эстрада жұлдызы Жанар Доғалова ән шырқады. 

Қазақстандық полиция күнін ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы мереке ретінде бекіткен еді. Ал, 2014 жылдан бастап дәл осы 23 маусым күні Мемлекеттік қызметшілер күні де аталып өтіле бастады.

— Біз басты міндеті халыққа қызмет көрсету болып табылатын кәсіби мемлекеттік аппарат құруды қолға алдық, — деді өзінің құттықтау сөзінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов. – Сондықтан да, бізге стратегиялық көзқарасы бар, заманауи біліммен қаруланған кадрлар қажет.

Қазіргі кезде Павлодар облысында бес мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Аймақ басшысы қажырлы қызметімен көзге түсіп, еңбегімен еленген мемлекеттік қызметшілерге грамоталар мен алғыс хаттар табыстады.

Сондай-ақ, мерекелік кештің барысында «Менің ата-анам – мемлекеттік қызметшілер» бейнероликтер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқаудың жеңімпаздарына планшеттер, смартфон және ноутбук сыйлыққа берілді.

Әлихан Рахметоллаұлы