Патриот болу кітап оқудан басталады
Түркістан қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Президент саябағында «Саябақтағы кітапхана» жобасы аясында ашық аспан астындағы көңілді іс-шара өтті. Іс-шара барысында балалар мен қала тұрғындары қызықты әдеби викториналарға қатысып, зияткерлік ойындар мен логикалық тапсырмалар арқылы өз білімдерін сынады. Қатысушылар белсенділік танытып, көтеріңкі көңіл күймен уақыттарын мазмұнды өткізді. Кеш аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы шығармалары көпшілік назарына ұсынылды. Оқырмандар кітаптармен танысып, өзара пікір алмасып, кітап оқудың маңыздылығы жайында әңгіме өрбітті. Іс-шара соңында белсенді қатысушылар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ашық аспан астында өткен бұл мәдени кездесу балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, жазғы демалыстарын пайдалы әрі қызықты өткізуге мүмкіндік берді.
Жазғы демалыс кітаппен көркем, біліммен мәнді бола түспек. Кітапхана қызметкерлері «Балауса» жазғы сауықтыру лагерінде демалып жатқан оқушылармен мазмұнды әрі әсерлі кездесу өткізді. Іс-шара барысында балалар танымдық және зияткерлік ойындарға белсене қатысып, білімдері мен тапқырлықтарын сынады. Сонымен қатар қызықты эстафеталар, шығармашылық тапсырмалар мен көңілді ойындар олардың жазғы демалысына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жиын соңында ұйымдастырылған мерекелік концерт лагерьдегі балаларға ерекше әсер қалдырып, шаттыққа бөледі. Мұндай танымдық әрі тәрбиелік іс-шаралар балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін, ойлау мәдениетін және жан-жақты дамуына ықпал етеді. Балалық шақтың әр күні кітаппен қызықты, біліммен мәнді, қуаныш пен жаңа жетістіктерге толы болса, наңыз елжанды тұлғаға айналары анық.
Кітапханашылар Қазақстандағы кітап оқу мәдениетін дамытуға, кітаптар мен кітапханалардың қолжетімдігі мен тартымдылығын арттыруға бағытталған шешімдерді әзірлеуге арналған оқырмандар арасында ұлттық сауалнама жүргізді. Сауалнама барысында қатысушылардың кітап оқу жиілігі, сүйіп оқитын әдеби жанрлары, кітап таңдаудағы қызығушылықтары мен оқырмандық талғамдары зерттелді. Зерттеу нәтижелері кітапхана қызметін жетілдіруге, оқырмандардың сұранысына сай жаңа жобалар мен іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Кітап оқу рухани дамудың, білім мен ой-өрісті кеңейтудің маңызды құралына айналуы тиіс.

