Өскеменде ауа сапасын бақылайтын жаңа жылжымалы экологиялық зертхана іске қосылды

Шығыс Қазақстан облысының орталығында ауа сапасын бақылауға арналған заманауи жылжымалы экологиялық зертхананың кілтін табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

65,5 миллион теңге тұратын зертхана Halyk Bank демеушілігімен алынды. Бұл бастама Өскемен қаласындағы атмосфералық ауа мониторингі жүйесін жетілдіру және тұрғындардың экологиялық қауіпсіздігін арттыру бағытындағы маңызды қадам болып отыр.

«Енді экологтер осы көлікпен қаланың кез келген жеріне тоқтап, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ауадағы зиянды шығарындылар мөлшерін нақты біле алады. Содан соң жинақталған мәліметті кәсіпорындарға, табиғат қорғау прокуратурасына жіберіп, тиісті шараларды қабылдайды. Демеушілік көрсеткен банк басшылығына облыс халқының атынан алғыс білдіремін», – деді аймақ басшысы.

Жылжымалы зертхана атмосферадағы негізгі ластаушы компоненттерді жоғары дәлдіктегі электрохимиялық әдіспен талдайды. Бұл әдіс:

Көміртек тотығы (CO), азот диоксиді (NO₂), күкірт диоксиді (SO₂), озон (O₃) сияқты газдарды нақты анықтауға мүмкіндік береді
Жинақталған деректерді онлайн жүйе арқылытиісті мекемелерге жедел жеткізуге жағдай жасайды
Қаланың әр бөлігінде жылдам әрі икемді мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді

Өскемен қаласы – өндірістік аймақ болғандықтан, ауа сапасын бақылау мәселесі өзекті. Жаңа зертхана:

Қала тұрғындарының денсаулығын қорғауға бағытталған
Экологиялық ахуалды нақты бағалауға мүмкіндік береді
Табиғатты қорғау шараларын дер кезінде қабылдауға көмектеседі

Тәттімбек Асханұлы

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің

ШҚО бойынша меншікті тілшісі