Ортақ ақпараттық кеңістік құру кімге тиімді?

Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық одақтың отырысы өтіп, оған ЕАЭО-ға мүше бес елдің басшылары қатысты. Отырыс барысында Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылды. Сонымен бірге, құжатқа қол қою рәсіміне Армения мен Қырғызстан президенттері де арнайы келіпті.

Олардың тарапынан да Еуразиялық экономикалық одаққа қызығушылық туып отырған секілді. Жалпы аталған құжатта халықаралық ұйымдарға тән базалық аспектілер, мемлекеттердің егемендік теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ, Одаққа мүше мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшелігін құрметтеу қағидаттары көрініс тапқан. Әр елдің басшылары осы күнге дейін атқарылған жұмыстарға өз бағаларын беріп, кейбірі қатаң ұстанымдарын да жасырмады. Осы жиынның ең қызған тұсында Ресей президенті Владимир Путин Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында экономикадан бөлек, ақпарат саласын бірігіп реттеуді ұсынды. Анықтап айтсақ, Ресей көшбасшысы ортақ ақпараттық кеңістік құру керек деген ойын бүкпесіз айтты. Бұл — өте маңызды мәселе. Оған ел билігінің не деп жауап қатары келер күннің еншісінде. Алайда бұл ұсынысқа қандай көзқараста екендіктерін білу үшін бір-екі азаматтан пікір алған едік.

Ержан Құдайберген, Мәжіліс депутаты:

Ержан Құдайберген мәжіліс депутаты— Расын айтсам, сұрақ тосын қойылғандықтан, ойлануға да уақытым болмай тұр. Бірақ одақтас елдермен жақсы қарым-қатынаста болу үшін, бірле- се жұмыс жасау үшін ортақ ақпараттық кеңістік болған дұрыс деп ойлаймын. Ортақ деген сөзден шошымау керек. Ортақ болғасын бәрі тең дәрежеде болады. Кеше Қырғызстан президенті сөйлегенде ештеңеден тайсалмай, өзінің ортақ талаптарын қойды емес пе? Сол сияқты ортақ болған жерде әр мемле- кет өз мүддесін ойлайды деп санаймын. Ортақ болу — біреудің жетегінде кету деген сөз емес. Ойыңызды түсініп отыр- мын, ортақ ақпараттық кеңістік болған күнде Ресейге қатысты, болмаса басқа да көрші елдерге өз көзқарасымызды білдіре алмай қаламыз ба деген қорқыныш қой айтпағыңыз. Демократиялық мемлекеттердің әрқайсысының өз заңы бар. Сол заңдарында ақпараттық ер- кіндік берілген, әрине, заң шеңберінде. Сондықтан қосылып жатқан мемлекеттер бұл мәселеге демократиялық тұрғыда қарайтын болар. Меніңше, бұл жерде ешқандай тәуелділікті өз басым көріп тұрған жоқпын. Осы одақ құрылғалы біздің мемлекет өз ұстанымынан таймай келеді. Кедендік мәселеде де солай.

Айдас Сарым, саясаткер:

АЙДОС САРЫМ— Менің ойымша, Қазақстан ешқашанда Ресеймен ортақ ақпараттық кеңістік, ортақ ақпараттық заңдылық орнатуға мүлде жоламауы керек. Естеріңізде болса, Президенттің өзі кезінде сан мәрте «Бұл — экономикалық одақ, басқасында біздің шаруамыз жоқ» деген ыңғай танытқан. Сондықтан сол бағытты ұстап тұру бізге сын. Себебі ортақ кеңістік дегеніміздің астарында оның жетекшісі болады деген емеурін тұр. Ал жетекшінің кім болғысы келетіні, қандай мүдде көздеп отырғаны айтпаса да түсінікті. Өйткені біз көріп отырмыз бүгінгі заманның ең басты қаруы, ол — ақпарат. Танк, қару-жарақ, зымыран дегенің мұның қасында жай болып қалды. Мысалы, ақпарат арқылы көптеген елдерді бір оқ шығармай жаулап алуға болады. Оған Қырымда болған жағдай жарқын дәлел. Мұндайға жол бермейміз, өз болашағымызды өзіміз құрамыз деген ұлт ақпаратын ешкімнің қолына бермесі анық. Олар да ақымақ емес. Не істесе де, алды-артын ойлап істейді. Мұның артында қазақ ұлтын қайтсек тырп еткізбей ұстап отырамыз деген пасық ниет тұр. Естеріңізде болса, бұған дейін ортақ валюта деген шықты. Оған жапа-тармағай қарсы шығып, тоқтатқандай болдық. Ұлттық валюта — мемлекеттіліктің нышаны. Одан айырылу, қатты айтсам кешіріңіздер, егемендіктен айы- рылумен пара-пар. Біздің билік бұған нақты жауап берді. Мұны сөз ететін, талқылайтын кез әлі жеткен жоқ деген сыңай танытып. Сөйтіп, олардың бетін бірден қайырып тастады. Бірақ, соған қарамастан, 4-5 ай сайын Ресейдің бір депутаты, бір министрі болмаса баспасөзі осы тақырыпты көтеріп қояды. Яғни қоғамдық пікір дайындауда. Халықтың құлағы үйрене берсін, бір реті келген- де мұны өткізіп аламыз ғой деген есек дәмелері де болуы мүмкін. Бұл да сол секілді бастама. Мұны жалғыз Путин емес, кеңестік кезеңді көксейтін адамдардың бәрі айтып жүр. Сондықтан қазақ қоғамы бұған үзілді-кесілді қарсы тұрады деген сенімдемін.

Мұхтар Тайжан өзінің «facebook» парақшасында былай жазады:

«Бірыңғай ақпараттық кеңістік деген не? Бұл — БАҚ-қа ли- цензия беріп, сосын оны кері қайтарып алып қоятын жалғыз орган, БАҚ туралы бірыңғай заңнама (оған әлеуметтік желі де кіреді). Ресейлік нұсқа бой- ынша блогерлер БАҚ-тармен теңестірілген. Біздің бәріміздің іс-әрекетімізді бір орган реттеп, әлеуметтік желілерде жарияланған материалдары- мыз үшін мойнымызға бірыңғай жауапкершілік жүгін артады. Ондай жағдайда бірыңғай тілдік реттеу орын алып, қазақ тілі туралы мүлдем ұмытуға тура келеді. Себебі, Ресейлік БАҚ-тар өзінің ауқымы бойын- ша біздің үнімізді шығармай, жарнамалық ақшалардың бәрі соларға құйылады. «Одақтасымыздың» бізден күтері, міне, осы. Ең бастысы: егер ЕАЭО — экономикалық одақ болса, бұл жерде ақпараттық кеңістіктің қанша не қажеті бар?»

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК,

«Қазақстан-ZAMAN» газеті