Жерге қатысты дау-дамайға соңғы нүктені халық қояды

Жер реформасы жөніндегі мемлекеттік комиссияның Астанада өтіп жатқан үшінші отырысы да мәресіне жетті. Ел-жұрттың жіті қадағалап отырғанын білетін өкілетті органдар бар мәселені ашық айтып, пікірталасқа да кең мүмкіндік туғызды. Халықтың атынан сөз алғандар да, мұндай мүмкіндік күнде туа бермесін сезді ме, аттың басын арагідік жіберіп-жіберіп алып отырды. Жер мәселесі қазақтың жанды жері екенін сезіне бастаған Үкімет мүшелері де қарап қалмады. Өз уәждерін алға тартып, әлемдік тәжірибеге арқа сүйеп, өз ұсыныстарын өткізуге тырысып бақты.

жер111

Комиссияның бұл жолғы отырысында «Жерді шетелдіктерге жалға беру қажет пе, жоқ па?» деген мәселе көтерілді. Амал қанша, пікірлер тағы да екіге жарылды. Жасыратын несі бар, комиссия мүшелерінің көпшілігі жерді шетелдіктерге жалға беру, сөйтіп шеттен елге инвестиция, жаңа технология әкелу, яғни жерді бос жатқызбай, ұтымды пайдаланып, пайда табу көзіне айналдыру жағында болды. Ал жерді жалға беруді қалайтындардың тағы бір тобының пайымдарына жүгінсек, жерді жалға беру сату емес. Жерді жалға алған адам күтеді, баптайды. Тек заң тармақтарына өзгерістер енгізіп, жерді пайдаға асырмаған жағдайда тартып алу тетігін енгізсе жетіп жатыр.

Жерді сатуға да, жалға да беруге қарсылық танытқан ат төбеліндей азаматтардың уәжі «Жер – ата-баба аманаты. Сондықтан оны «Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» жіберу аманатқа қиянат. Егер Үкімет жер сатуға құштар болса, 10 сотық жерге зар бо- лып жүрген миллиондаған қазақтарға көмек берсін. Алдымен өзін жарылқамай жатып, өзгеге жол беру – әділетсіздік» дегенге сайды.

Бақытжан Сағынтаев, комиссия төрағасы, ҚР бірінші вице-премьері:

сағынтаев«Өткенде комиссияның қандай құзыры бар екенiн айтқан болатынбыз. Ендi «комиссия ештеңе жасамайды, шешпейдi, қажетi жоқ» деп айтып жатыр. Жұмысты бастамай жатып, комиссиядан үлкен шешiм күтедi. Менiң ойымша, бұл жұмысымызға кiрбiң келтiру, алдағы жұмысымызға сына қағу. Әрісі арандату. Бiздiң жарты жыл уақытымыз бар. Осы уақытта келiп түскен барлық ұсыныстарды жүйелеп, Парламентке енгізуіміз керек»,-деді. Вице-министрдің жан күйзелісін түсінуге болатындай. Өйткені жер комисси- ясына мүше болған кей азаматтарға «билікке сатылды» деп күйе жағып, сырттарынан ғайбаттап жатқандар бар. Олардың көксегені — бас қамы. Басқа ештеңе де емес. Ұлт үшін маңызы зор жер мәселесі, бір күннің болмаса бір айдың аясында шешіле қояр түйін деуге болмас. Жер үшін соңына дейін келісімге бару, соңына дейін күресу — жан- кештілік. Бұған ердің ері ғана шыдар, бәлкім! Осындай сын сағатта комиссияны тастап шығу батырлық деп айтуға келмес.

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:

тайжан-650x420«Біздің жұмысымыз жақсы басталды. Осы аптада көп жұмыс атқардық. Бірақ еліміз- де не болып жатқанын өзіміз көріп отырмыз. Мамырдың 21-і күні Әнұранды айтқан қарындастарымызды милиция алып кетті. Ол қалай? Апаларымызды, жетпістен асқан ақсақалдарымызды алып кетті. Ол қалай? Біз осында жұмыс істеп жатырмыз. Жақсы үрдіс басталды деуге болады. Билік пен халық арасында келіссөз жүріп жатыр ғой. Бір қолымызбен әділдікті қолпаштап, ал екінші қолымызбен митингке шыққан аза- маттарымызды ұрсақ, не болғанымыз? Сосын мен осында отырған Артур Платоновқа (журналист, КТК телеарнасының бұрынғы жүргізушісі, бүгінгі Парламент депутаты — авт.) айтайын деп едім. Артур, митингке шыққан азаматтарды жамандауды тоқтат! Олар — Қазақстан азаматтары. Олар ешқандай бұзақылық жасаған жоқ. Митинг үшін ақша төлеп жатыр дейсің, тағы басқа да жала жабуың көбейіп барады. Ұлтаралық алауыздық, ақша үшін, біреудің мүддесі дейсің, билікті жаулап алғысы келді дейсің. Оның бәрін қайдан алдың? Сен шындықтың жаршысы емес пе едің? «Күлшеге тойып, күлге аунап кетуге» бола ма? Бәлкім, біреу біздің бүгінгі процесімізді бұзғысы келіп жатқан шығар. Ойлан!»

ҚЫТАЙҒА ЖЕР САТЫЛДЫ ДЕГЕН ДАҚПЫРТ ЖАЛҒАН БОЛЫП ШЫҚТЫ

Мәжіліс үстінде ықпалды азаматтар халық көптен күткен, үнемі сөз етіп жүрген ұлан-ғайыр жерді иеленіп отырғандардың кімдер екенін анықтауға, олар жайлы толық ақпарат алу қажеттігін де көтерді. Шұрайлы жерлерді жамбасына басып алып, дұрыс пайдаланбай жатқандардан ол жерлерді қайтарып алу тетіктерін де сөз еткендер болды.

IMG_8381 Дос Көшім, комиссияның ұйымдастырушылық мақсаттағы жұмыс тобының жетекшісі:

«Қазақстаннан жерді кімдер сатып алғаны туралы ақпарат ашық болуы тиіс. Біреулердің аты, енді біреулердің тегі аталады. Ақпарат нақты емес. Менің ойымша, бұндай мәліметтер ашық жариялануы керек. Соңғы мәліметтер бойынша жер кімнің қолында екенін халық білсін. Кім қанша жер сатып алды, ол кім? Егер бұл мемлекеттік құпия болмаса, халық оны білуі керек қой».

Gani Kaliev 11Ғани Қалиев, «Ауыл» партиясының төрағасы:

«Біздің елімізде жүздеген, мыңдаған, тіпті, миллиондаған гектарға иелік ететін олигархтардың ешбірі де жерлерін өз атына тіркемейді. Біз осыны ескеруіміз керек. Ал енді оны қалай анықтаймыз? Менің ойымша, заңнамалық құжаттарымызға бұл мәселені нақтылаудың бүге-шігесіне дейін нақтылап жазып көрсеткеніміз жөн. Сондай-ақ, оның бір шеті кімнің жері, кімге тиесілі еке-нін анықтап, нақтылауда жергілікті халықтан артық білетін ешкім жоқ».

Мұхтар Тайжан: «Біз осында жақсы жұмыс жасап жатырмыз. Билік пен халық арасында тығыз байланыс ор- натылды. Менің халықтың атынан сұрайтыным, елдің білгісі келетіні та- яуда Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытайдың ірі компаниялары ара- сында жер жөнінде келісімшарт жа- салыпты. Осыны нақты, ашық айтып беретін жан бар ма?»

Асқар Мырзахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

IMG_8379«Өздеріңіз білесіздер, Қытай – әлемдегі үлкен экономиканың бірі. Келісім-шарт негізінен қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын Қытайға жеткізуге бағытталған жеңілдіктерді қамтиды. Қол қойылған келісімшарттардың барлығы жалпы сауда-саттық бағытында екенін атап өтті. Қол қойылған меморандумдардың барлығы халықаралық келісім-шарт емес. Оның құқықтық статусы жергілікті заң арқылы ғана рәсімделеді. Яғни, қол қойылған құжаттар бойынша жерге қатысты ешқандай мәселе туындамайды.

(Бүгiнгi таңда ауыл шаруашылығы жерлерiнiң бар болғаны 1 пайызы жекемен- шiкте болса, қалғаны жалға берiлген екен. Оның ішінде шетелдiктер және бiрлескен кәсiпорындарға берiлген жер көлемi алғашқы кезде 65 мың гектар болған, ал бүгiнде бұдан аз — автор).

 Бұл жердiң 45 мың гектары заңды тұлғалардың, 2,4 мың гектары жеке тұлғалардың еншiсiнде. Бұл 45 мың гектардың 32,6 мың гектары қайтарылды. Одан бөлек, 12,3 мың гектар кезiнде Малайзия, БАӘ, Ливан мемлекеттерiнiң өкiлдiктерiмен бiрге құрылған кәсiпорындардың еншiсiндегi жерлердi де сот қарап жатыр. Яғни, бұл жерлердi де қайтару жұмыстары жүрiп жатыр». Соңғы уақыттары әлеуметтік желілерде көтеріліп жүрген Кулагин мен Баталовқа қатысты елдің ашуын туғызған «жерді сатты» деген әңгіменің шын-өтірігін білгісі келгендер де болды. Бұл сұраққа Үкімет басшысының орынбасары, комиссия төрағасы: «Енді біз өңірлерге шығамыз деп жатырмыз. Ақмолаға да барамыз, Алматы облысына да барамыз. Сол кезде әкімдер бұған халықтың алдында жауаптарын берсін. Жерді сатты ма, жалға берді ме? Қандай құжаттарға қол қойды? Бұл сапарымызға БАҚ та қатысады ғой», — деді.

ЖЕРДІ ЖАЛҒА БЕРГЕНДЕ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ЕСКЕРІЛУГЕ ТИІС

 Осы жиында халықтың оң жамбасына келетін, олардың мақсат-мүддесін қорғайтын өрелі сөзді қоғам қайраткері Мұрат Әбенов ашық мәлімдеді:

әбенов«Біз осы комиссия отырысында жер төңірегіндегі қордаланған мәселелерді шешуге тырысайық. Мәселен, Қазақстанның әрбір азаматы 10 сотық жер алуға құқылы. Алайда біз осыған толық жауап бере ал- май келеміз. Осыны басты назарға алсақ жақсы болар еді. Сонымен қатар, халықтың көкейінде сан түрлі сұрақтар бар. Біз осыны жинақтайық, әлеуметтік желіде- гі азаматтардың ұсыныстарын қарап, сұрақтарына нақты жауап беруді қарастырайық».

Бұл ұсынысқа ризашылықпен қарағандар да, немкетті көзқарас танытқандар да кездесті. Оның пікірін қолдаған комиссия мүшелері де болды. «Жерді шетелдіктерге жалға беруде мұқият болайық. Елімізде 13 жылдан бері халыққа тиесілі жер берілмей келеді. Неге мұны біз ұстаймыз, жер берілсін. Осы- дан келіп халық бізге сенбейді. Елге шықпас бұрын осы мәселені шешіп алайық», — деді олар. Әсіресе жерді сатуға келгенде әр алуан пікірлер айтылды. Нұрлыбек Қуанбаев деген азамат өз қорқынышын былай жеткізді:

«Жер кодексіне келер болсақ, билік те, қоғамдық ұйым да, халық та жерді сатуға қарсы. Тағы бір айтарым, 10 жылға Қытай аза- маты жерімізді жалға алды делік, бірақ еліміздегі заң бойынша ол 5 жылдан кейін Қазақстан азаматы болып саналады. Ал ол қазақ қызына үйленсе, 3 жылдан кейін азаматтық ала алады. Осыған терең бойлайық. Меніңше, жерді сатуға болмайды».

Осымен сабақтас пікірді ақын Мұхтар Шаханов та ашық айтты:

шаханов«Жерді Қазақстан азаматтарына жалға беруге болады деп жатырмыз. Тек, бір мәселені қатаң түрде ескеруіміз керек. Бүгінгі таңда 24 мың қазақ қызы қытай жігіттеріне тұрмысқа шығыпты. Қыздарымыздың бұл үрдісі үлкен деңгейде жалғасып жатыр. Болашақта Қазақстан азаматшасына үйленген қытайлық күйеу балалар сан миллиондаған жерді жалға алып, қытай құдаларды қаптатса қайтеміз? Сондықтан аралас некедегі адамдардан келетін қауіпті Жер туралы заңға енгізуіміз керек».

Ақын Жүрсін Ерман да өз ойын бүкпесіз ақтарды:

ерман«Халық жер са тылмасын дейді. Мен қазір сіздерге маған халықтың атынан келген хатты оқып берсем. Дәрілік өсімдіктер шетелге сатылып жатыр. Бір ғана миядан бөлек, қасқыртұмсық шөбі де бей-берекет жұлынып, саты- лып жатыр. Әсіресе бұл өсімдік Қызылорда облысы, Тереңөзек төңірегінде жойылып барады. Сондықтан комиссия мүшелері жер мәселесінен бөлек, табиғатты қорғау саласына да назар аударса екен».

Жерді жалға беруді алғашқы күннен қалап келе жатқан академик Кенжеғали Сағадиев: «Осыған дейінгі талқыланғандарды қорытуымыз керек. Шетелдіктерге жерімізді сатпауымыз керек. Сонда пайдаланылмай жатқан жерлерді не істеуіміз керек? Келесі ұрпаққа қалдырамыз ба? Бірақ оған дейін біз жердің құндылығынан айырылып қалмаймыз ба? Сондықтан біз шетелдіктерге жалға беру туралы мәселені шешуіміз керек. Бірақ шекаралас аймақтан жерді жалға беруге мен де қарсымын».

Сенатор Қуаныш Айтаханов:

айтаханов«Жалпы ауыл шаруашылығын дамытамыз десек, мемлекеттік бағдарламаны жасауымыз ке- рек. Осыған байланысты инвестиция салуымыз керек. Өзге елдермен салыстырғанда елімізде ауыл шаруашылығына салынатын инвестиция 50 есе төмен. Өзімізде өндірілетін көкөніс өнімдері ысырап болып жатыр. Жерді жалға кімге беру керек деген мәселені талқылайтын болсақ, Моңғолиядағы заң секілді шекаралас елдерге беруге болмайды дегім келеді».

Отырыста комиссия мүшелері тарапынан көңілге қонымды ұсыныстар да айтылды. Мәселен, Марат Шибұтов жерге қатысты аукцион емес, конкурс өткiзу керек деп есептейді. «Бiрiншiден, бұл үрдiстi аукцион деп емес, конкурс деп атау керек. Жердi жалға беру жүйесiн екi сатылы қылу қажет. Жалға беру мәселесiнде баға емес, шетелдiктердiң үздiк ұсыныстары маңызды болуы тиiс. Яғни шетелдiк инвестор не ұсынады деген мәселе көтерiлуi керек. Екiншiден, осы жерлердiң қайда орналасатынын жергiлiктi тұрғындармен бiрiгiп шешу керек».

ЖЕР БӨЛУДЕ ШЕКТЕУ БОЛМАЙ, ОЛИГАРХ ЛАТИФУНДИСТЕРДІҢ САНЫ АЗАЙМАЙДЫ

????????????????????????????????????

Самұрат Имандосов: «Халық жер тек шетелдіктерге сатылады деп түсініп жүр. Сол үшін біз ел-жұртқа түсіндірме жасап, олармен кездесу ұйымдастыруымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласындағы бос жатқан жерлер бар. Оны шетелдік азаматтарға жалға беруден қорықпайық. Инвестор келсе, халықтың әл-ауқаты жақсарады, бюджетке ақша түседі. Тағы айтарым, ауылда маман- дар жоқ. Өзіміз игеретін агрономдар, зоотехниктер, кәсіби мамандар жоқ. Сондықтан жалға берерде мемлекет шетелдіктерге бақылау жасасын».

Жиын соңында ауыл шаруашылығының білгір маманы, өз ойын қай кезде де ашық айта білетін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаевтан көпті толғантқан жер мәселесіне өз көзқарасын білдіруін өтіндік.

күрішбаев — Біздегі ауыл шаруашылығының егін са- ласына мемлекет қолдауы өте қажет. Өйткені, ә дегеннен қызығушылығы туған шетелдік инвесторлар қазақтың жерінің жағдайымен егжей-тег- жейлі танысып алады да, мемлекет көмегінің шектеулі екеніне көз жеткізгесін бастапқы ойларынан айнып қалады. Бұл шындық. Оған дәлел, қазір шетелдіктерге 65 мың гектар жер берілген болса, олардың өзі шетінен кетіп жатыр. Сондықтан бір жүйеге келтірілген мемлекеттің көмегін күшейтуіміз керек. Егер мұндай жүйе қалыптастырсақ, бізге шетелдіктердің көмегі қажет те емес. Өзіміздің азаматтарымыз бұл шаруаны дөңгелетіп әкетеді деп ойлаймын. Экономистер жақсы біледі, мультипликативті салалар деген ұғым бар. Соған сәйкес, біз алдымен жерді жалға беруді емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді ойлауымыз қажет. Мәселен, Қазақстан жылына 2 млрд. 900 млн. АҚШ долларына қайта өңделген дайын өнімді шетелден сатып алады. Екіншіден, техниканы өзімізде жасап шығарып, өзіміз пайдалануымыз керек. Ол жағынан жылы- на еліміз сырттан 70 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын  тасиды. Одан кейін өсімдіктерді қорғау препараттарын, яғни пестицидтерді сатып алуға 25 млрд. теңгеміз жұмсалады. Ендеше, осы салаларды қолға алуымыз керек. Егер осы мәселелер шешілсе, шығынымыз аз әрі тиімді болмақ. Осыған байланысты менің жеке пікірім — инвестиция тартуды ақша деп қана қабылдамау керек. Инвестиция — жаңа технологиялар, жаңа білім жүйесі және әлемдік нарыққа жол ашу. Бұл жағынан Америка секілді алпауыт мемлекеттерден, Еуропа мен Австралиядан үлгі алуымыз қажет. Сондай-ақ, жерді ше- каралас мемлекеттерге емес, олардан өзге дамыған елдерге жалға беруді қолдаймын. Меніңше, Америка мен Австралияның технологиясынан еш жамандық көрмейміз. Ал жерді тауар ретінде көріп, оны сатып, пайда көреміз дегенге келіспеймін. Жалға берілген күннің өзінде ол ауыл шаруашылығының дамуына үлесін тигізуі тиіс. Сонымен бірге, латифундизмнің орға жығатынын ескеруге міндеттіміз. Бір қолда 500-600 мың гектардан жердің болуы экономикалық тұрғыдан да дұрыс емес. Жер бөлуде шектеу болмай, олигарх латифундистердің саны азаймайды. Бізде заң болмағаннан кейін қанша алам десе де сонша көлемдегі жерді бір адам ала беруіне рұқсат. Оның үстіне бізде жер инспекциясының мамандары тым аз. Жүз миллион гектар жерімізге 217 инспектор қарап отыр. Бір Ақмола облысының өзінде 5 млн. гектар ауыл шаруашылығы жерін тек-серуге 12 инспектор бөлінген. Олардың әкімге қарайтыны кеңінен айтылып жүр. Дегенмен, ондай мәселелерді тек өңірлерге барып шешуге болады.

ЖЕР

ТҮЙІН: Жалпы, бүгінгі үшінші отырыста 30-дан астам комиссия мүшесі сөз алып, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Олардың барлығы сараланып, жұмыс топтарында талқыланады. Ендігі уақытта жер реформасы жөніндегі комиссия өңірлерге шығып, халықтың пікірін тыңдап, тұрғындармен тілдесуді жөн көріп отыр. Соңғы шешімді де халық айтпақ. Олардың пікірі мен ұсынысы өте маңызды екенін комиссияның барлық мүшесі бірауыздан қолдады. Енді бар өңірден жиналған ұтымды пікірлер мен ұсыныстар сарапталып, пысықталғаннан кейін ғана комиссия шешім шығарып, Парламентке енгізеді. Халықтың қолайына жақпайтын, көңіліне күдік келтіретін жайттар қатаң ескерілетіні жиын барысында сан мәрте айтылды. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні»: комиссия мүшелері келесі отырысты Ақмола облысында өткізетін болып келісіп тарқасты.

Дайындаған Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК